Бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен кәсіпқой бокс кешінде бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерінің иегері Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукты жекпе-жектің тоғызыншы раундында техникалық нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қанат Ислам Брэндон Кукты 9-раундта жеңді
2017 ж. 09 қыркүйек
3386
18
Бұл жекпе-жектен соң отандасымыз бірінші орта салмақтағы WBO, NABO және WBA Inter-Continental белдіктерін қорғап қалды. Ол кәсіпқой бокста 24 кездесудің бәрінде жеңіске жеткен, Ал қарсыласы Кук 18 кездесудің 11-інде нокаутпен қарсыластарын тізе бүктірген.
Қанат бұл жекпе-жекте бірнеше рет қарсыласын нокдаунға жіберді.
Еске сала кетсек, кәсіпқой бокс кеші ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «ZHERSU» корпорациясының ұйымдастыруымен ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтті.
Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук бокс кешінің андеркартында рингке шыққан сегіз қазақ боксшысы да жеңіске жетті. Алғаш болып шаршы алаңға көтерілген Мейірім Нұрсұлтанов қарсыласын бірінші раундтың 50-секундында құлатты.
Ал Димаш Ниязов алты раундқа созылған жекпе-жекте Эдуардо Перейра дос Рейсты жеңіп, кәсіпқой бокстағы 12-ші жеңісіне ие болды.
Кәсіпқой бокс кешінде 3-ші болып рингке шықан Айдос Ербосынұлы бірінші раундтың 2:34 секундында қарсыласы Джонатан Жеронимо Барбадилоны нокаутпен жеңді. Ал Әли Ахмедов он раундтық кездесудің сегізінші раундында америкалық боксшы Томас Джастинді техникалық нокаутпен жеңді.
Шаршы алаңға бесінші болып көтерілген Нұрсұлтан Жаңабаев қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді. Аса ауыр салмақта Руслан Мырзатаев төртінші раундта аргентиналық Андрес Афранлиді нокаутпен тізе бүктірді.
2013 жылы бокстан әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы алты раундқа созылған жекпе-жекте бразилиялық Перейро Дос Сантостан басым түсіп, кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне жетті.
Он раундқа созылған жекпе-жекте қарсыласынан басым түскен Жанқош Тұраров кәсіпқой бокстағы 22-ші жеңісіне ие болды.