Жоғары баллмен грантқа ілінбеген түлектердің ата-аналары Сағадиевке ашық хат жазды
2017 ж. 11 тамыз
3727
4
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е.К. Сағадиевқа
Ашық хат
Біз, биылғы оқу жылындағы «Алтын белгі» иелері Назерке Байтөлеуова, Жанерке Халиуллина, Айдана Желдібаева, Дана Русланқызының ата-аналары, өз перзенттеріміздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне құжат тапсыру жөніндегі ойларын отанымыздың ақпараттық қауіпсіздігін сақтау, егемен еліміздің жағымды имиджін қалыптастыру үшін білімді де білікті мамандар қажеттігін сезіне отырып, қуана құптағанбыз. Бұл ойымызды ҚазҰУ журфагының 80 жылдан астам тарихы да бекіте түсті. Сонымен қатар біз факультет түлектері, елімізге белгілі журналистердің және ғалымдардың есімдеріне жақсы қанықпыз.
Осы Ашық хатты жолдауымызға жастарымыздың мемлекеттік білім гранттарына ілікпей қалуы себеп болып отыр. Сізден, құрметті Ерлан Кенжеғалиұлы, ұлттық руханияттың қара шаңырағында білім шыңдауды армандап отырған жастарымызға биылғы жылғы сұраныс аз болған оқу гранттары есебінен қол ұшын беріп, ұлтық идеологиямыз негізделетін «журналистика» және «баспа ісі» мамандықтарына қолдау көрсетуіңізді өтінеміз.
Құрметпен,
Н.Байтөлеуованың ата-анасы Алмас Байтолеуович Досанов
Ж.Халиуллинаның ата-анасы Утеген Халиуллиевич Тлеушов
А.Желдібаеваның ата-анасы Ерік Садуакасович Желдібаев
Д.Русланқызының ата-анасы Руслан Александрович Батурбаев
Редакциядан
Жоғарыда келтірілген ата-аналардың мазмұнды Ашық хатында рухани өмірімізге қатысты күрмеуі мол мәселенің ұшығы шығарылып отыр. Хат сайтқа ілінісімен қоңырау шалып, пікір жазып жатқан алаңкөңіл ағайын еліміздегі идеология саласындағы аса маңызды «журналистика» және «баспа ісі» мамандықтарына бөлінетін білім гранттарының мөлшері мемлекеттік мүдделермен еш қабыспайтынын ашына атап көрсетуде. Ашынатындай да бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Бағдарламасына сәйкес рухани үдерістің алғы шебінен табылатын осынау мамандықтардың мәні мен маңызы өлшеусіз артып отырғанымен, елімізді әлемге таныстырып, имиджін қалыптастыратын қаламгерлер даярлауға қазіргі таңда еш назар аударылмай келеді, деуге болады.
Мәселен, білікті журналист-редактор әзірлейтін «баспа ісі» мамандығы бойынша жыл сайын орта есеппен 10-ақ грант бөлінуде. Ал, осы мамандықты қалаған шығармашылыққа икемді жастардың көбіне-көп орташа немесе төмен ауқатты отбасылардан шығуы олардың ақылы бөлімге түсулеріне қолбайлау болуда. Оқу ақысы 900 мың теңге көлеміне жеткен қазіргі кезеңде бұл түйткілдің тым асқынып кеткені жұртшылықты алаңдатып отыр.
Осы орайда бізге хат жазып, қоңырау шалып жатқан азаматтар техникалық мамандықтар бойынша бөлінетін грант көлемінің ауқымды екеніне, бірақ БАҚ деректері бойынша әр сессиядан кейін осы гранттардың көпшілігі курстарын тәмамдай алмаған студенттер тарапынан кері қайтарылатынына назар аударуда. Бұл дегеніңіз қаржының желге ұшқанымен барабар емес пе? Сондықтан да республикамыздың 300-ден астам баспаларында жоғары білікті маман-баспагерлердің, әдеби редакторлардың жетіспеушілігі айқын сезіліп отырған қазіргі таңда сара көзқарас танытып, мамандықтар арасында гранттарды өзара бөлудің аса қажеттігі атап өтілуде.
Бұл мәселеге мемлекет тарапынан қолдау көрсету керектігі дау туғызбайды. Сондықтан да «Баспа ісі» мамандығына бөлінетін гранттарды 2-3 есе арттыру қажет, заман ағымы, ел мүддесі осыны талап етеді.
Қазақ үні