Айгүл Орынбек: Маған қастандық жасалса, Тазабековтың адамдарынан көрем
2017 ж. 21 шілде
9939
3
Құқық қорғаушы Айгүл Орынбек белгілі ақын, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековты пір тұтатындар, өзінің өміріне қауіп төндіретіндерін ескертіп жатқанын айтты. Бұл туралы stan.kz хабарлады.
Қоғам белсендісі бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында Тазабековтың жазбасын сынап, жіберген қателігі үшін заң алдында неге жауап бермейді? Деген сауал тастаған еді.
«Ауылдың балдары репост пен лайк үшін қамалып кетіп жатыр, ал Мұхаметжан Тазабекке заңды түрде жаза жоқ па?»,-деп бастаған белсенді өз ойын ашық жеткізген еді.
«Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы К.Мəсімовтың назарына! Дін саласында қаншама жыл стажы бар адамның шатасуы мүмкін емес ақпаратты бөліскенде! Дүрдей бір діни арнаның директоры “Білмей қалдым “- деп баланың əңгімесін айтпай -ақ қойсын!
Нағыз террористтің жазбасын бөлісіп, оқырмандарына не айтқысы келді екен? Заң бəрімізге ортақ! Бөліскен посты үшін заң алдында жауап берсін! Бас Прокуратура немқұрайлы қарамайды деп үміттенемін!
“Серке” сайтының мақаласынан үзінді!
«Асыл арна» телеарнасы директорының бұл қылығы әлеуметтік желіде отырғандардың қатты наразылығына душар болды. Оның себебі жоқ емес. Украинада отырып алып жұртқа ылғи уахаби-сәләфилік көзқарасты тықпылап жүретін Абдулхалим Абдулкаримов – әбден беті ашылған радикал дағуатшы.
Ол исламның екі тармағы саналатын шиіттер мен суниттердің арасындағы діни идеологиялық қайшылықты үнемі ушықтырып, жаулықтың жалауын көтеріп жүреді.
Оның ойынша, уахаби-сәләфилік көзқараспен үйлеспейтін мұсылмандардың бәрін түгел қырып жою керек. Ол әлемнің нөмірі бірінші терроршысы атанған Усама бин Ладенді, Сейид Кутбты және басқа да солар сияқты радикалдарды пір тұтады, оларды ислам әлемінің ұлы тұлғасы санайды.
Тіпті, Абдулхалим Абдулкаримовтің әлеуметтік желідегі парақшасында беліне бомба байлап өзін өзі жарып жіберіп, талай адамның өмірін жалмап кеткен ауғанстандық әлдебір терроршының қылмыстық әрекетін «нағыз жиһад осы» деп тамсанған жазбасы бар»,-деген жазба қалдырған болатын заңгер Айгүл Орынбек.
Өз кезегінде ақын Мұхамеджан Тазабеков діни арандатушының жазбасын шатасып, бөлісіп қойғанын мәлімдеген. Әрі ол жазбаны жұрт шулаған кезде өшіріп тастаған еді.
Тазабеков өзін жауапқа тартуды сұраған заңгерге қарсы шағым түсіруі мүмкін екенін де жасырмаған.
«Мені Ақтөбедегі басқа да терактілерге қатысы бар деудің қажеті жоқ. Маған және ел алдындағы есіміме кір келтіргісі келетіндерді жауапқа тартуға болады. Қазір осы бойынша заңгерлермен ақылдасып жатырмын»,-деген белгілі ақын.
Құқық қорғаушы Айгүл Орынбек болса жоғарыдағы жазбадан кейін өзінің парақшасына тіркелушілер мен жүзін жасырған адамдар түрлі сөздер айтып, қорқытуға тырысып жатқандарын айтады.
«Бір тәуліктің ішінде 200 адам жазылды. Барлығы жүздерін жасырғандар, сақалдылар. Маған айтқандары «Отпен ойнап отырсың. Тыныштал. Әйтпесе өзіміз тыныштандырамыз» дейді. Бұны қалай түсінуге болады? Егер маған қандай да бір қастандық жасалатын болса Мұхаметжан Тазабековтың адамдарынан көремін. Бұл бір ғана мысал. Ал тура осы сарындағ, менің жеке басымды кемсіткен, қоқан-лоқыға толы сөздер жазылған хаттар көп.
Ол кісі адам жалдап отырған жоқ шығар, бірақ оны пір тұтатындарға күлкіге айналдырмай, маған “тиісуді қойыңдар” деп байсалды айтуы керек. Осы бойынша жекеме жазылған қоқан-лоқылардың суреттерін жинап, ҰҚК шағым түсіргелі отырмын»,-дейді заңгер.
Ал, ақын парақшасына заңгердің тынышын қашырғандарға арнап жазба қалдырған.
«Ау, бұл қайсың, Айгүл Орынбекке тиісіп, жекесіне шығып, қоқан-лоқы жасап жүрген?! О заманда бұ заман, қазақ қыз баласына қоқан-лоқы жасап қорқыта ма екен..? Қызды қорқытпақ түгілі, қыздың алдында артық сөйлеуді ар санайтын ерлердің ұрпағы емес пе едік…»,-деп бастаған өз сөзін Мұхаметжан Тазабек. Сөз соңында «Асыл арна» телеарнасының директоры барша қазақты ынтымақта болуға шақырған.
Ал құқық қорғаушы жұрттың мәселесін шешіп жүргенде, өз өміріме қастандық жасалады ма деп алаңдаулы. Десе де, ҰҚК заңды түрде өзін қорқытқан адамдардың кім екенеін, мақсаттарын білу үшін шағым дайындап жатыр.