ШИКІ ЗАҢНЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ
2017 ж. 05 шілде
2018
5
Ақтөбеде қайтыс болған 22 жастағы Серікболсын Көшербайдың ішкі ағзасын туыстарының рұқсатынсыз өзге науқастарға салған дәрігерлер дау-дамайға қалды. Жас жігіттің қос бүйрегін екі науқасқа бөліп салған бойда жергілікті баспасөзге айқайлап тұрып сұхбат берген аймақтың бас хирургі марқұмның туыстарының ашу-ызасын тудырып, сотқа жүгінуіне жеткізген. Бүйрек дауына кім кінәлі? Бұл хирургтің жіберген қателігі ме, әлде біздегі заңның шикілігі ме?..
Өз сұхбатында аймақтың бас хирургі Ерлан Сұлтангереев марқұмның ішкі ағзасын алуға жақындары рұқсат берді деген екен. Жалған ақпарды жалпақ елге жариялаған дәрігердің мекемесі мен жергілікті «Ақтөбе» газеті де сот алдында жауап берсін дейді мәйітті мүшелеуге ешкімге рұқсат бермеген жәбірленушінің туыстары. Құқық қорғаушылар арыз бойынша өз жұмыстарын бастап та кетіпті. Енді екі жақ сот алдында беттесіп, істің ақ-қарасы анықталатын болады.
Бұл оқиғаның неден басталғанын айтатын болсақ, осының алдында тойға барған Серікболсын Көшербай, ауылдасымен жанжалдасып, қарақұсынан соққы алған екен. Үйіне келген бойда басы ауырып тұрғанын айтып, ұйқыға кеткен. Содан есін жия алмай ауруханаға түсіпті. Ал, соққы жасаған күдікті қазір қамауда отыр.
Елімізде жаңадан басталған ағза алмастыру саласында мәйіттік донорлық мәселесі шешімін толық таппаған даулы тақырыптардың бірі. Біздің ғана елде емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде де осыған ұқсас жағдай. Алдымен қайтыс болған адамның туыстары өз қарсылықтарын білдірсе, оларға донор тапшылығынан талай адамның өліп кетіп жатқанын түсіндіріп, кеңінен насихатап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан мәйіттің ағзасын рұқсатсыз алуға қатысты дау әзірге түпкілікті шешілетін түрі байқалмайды. Енді осы жөнінде белгілі мамандардың пікіріне құлақ түрелік.
Кезінде өзі де жемқорлыққа байланысты істі болып, денсаулығының кенеттен әлсіреуінен сотталмай аман қалған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев қайтыс болған 22 жастағы жігіттің қос бүйрегін туыстарының рұқсатынсыз сойып алған дәрігерлер дауына орай Ақтөбеге арнайы барған болатын. Танымал хирург әріптестерінің әрекетін ашық құптап отыр. Өйткені мәйіттің кез-келген мүшесін ешкімге ескертпестен алуға, кезінде министр болып тұрғанда өзі әзірлеген заңмен 8 жыл бұрын рұқсат беріліп, ресми түрде бекітіліп қойыпты. Оған қоса баспасөз мәслихатында бұл заңды өзгертуге әлі де қарсы екенін ашық айтты. Тіпті, керек адам бұл заңды өзі оқып алсын деп қысқа қайырды. Міне, біздегі лауазымдылар мен министрлердің пікірі, сөз саптауы осындай. Бұған қарасақ, Досқалиев шығарған заңды алыс ауылдағы қарапайым адамдар балгерге барып, бал ашқызып білуі керек сияқты. Ал, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге оның қатысы жоқ секілді. Сонда бұл заңның осы ережеден мүлдем бейхабар халыққа да қатысы жоқ болғаны ғой. Жұрт үшін жасалған заң көпшілік арасында талқыланып, түсіндірілмеуші ме еді? Халыққа қатысы жоқ болса шығарған заңдарын министрлер өздеріне ғана қолдана бермей ме?
Досқалиевтің жұртты донор болуға үгіттеп жүргенін бұрыннан білеміз. Бірақ өзі бастаған бұл істің арты үлкен шуға ұласарын алдынала ескермесе керек. Оның үстіне дау басқа жерде емес, дәп өзі дүниеге келген аймақтан шығып отыр. «Қайтыс болған жігіт иманды болсын. Өзі о дүниеге кеткенімен бірнеше адамның өмірін ұзартып кетті. Мен ойлаймын оның орны жұмақта болады» – деп Құдай атынан кепілдік айтып, Серікболсын Көшербайдың бақилық ғұмырдағы мәңгілік мекенін алдынала белгілеп берген Республикалық трансплантация үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтың бұл жұбату сөзі марқұмның туыстарының көңілін көншітіп, сабасына түсіре алмады. Оны да түсінуге болады. Құдай бетін аулақ қылсын, мысалы, егер сол заң жобасын жасап, оны бекіткізуге күш салған Досқалиевтың баласы кенеттен жол апатына түсіп, оның жүрек, бауыр, өкпе, аяқ-қолын немесе басқа мүшелерін кесіп алып қалып, көңіл айтып жарты денесін «Жаны жәннәтта болады!» деп өзіне әкеліп тұрса не дер еді? Он жерден атақты хирург болса да сол жерде есінен танып, енді мұндай заңды есіне алмайтындай күйге түсер еді...
Жұрттың бәрі бұл мәселеге қатысты еліміздің бүгінгі бас дәрігеріне дер екен деп министрдің аузына қараған-ды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса ақтөбелік жігіттің бүйрегін дәрігерлердің кесіп алуын заңды деп мәлімдеді.
– Қазақстанда келісім беруге қатысты мәселе шешілген. Егер адам тірі кезінде донор болуға қарсы екенін білдіретін құжат қалдырмаса, ол келісім берген болып саналады. Мысалы, жол апатынан соң науқастың беті бері қарамайтын болса туыстарының рұқсатынсыз ағзасы алынады, – деп соңғы сөзін кесіп айтты министр. Байқап отырғаныңыздай бұрынғы және қазіргі министрлер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бірін-бірі айна қатесіз қайталап отыр. Оған қоса алғашқысы осы заңды қабылдауға басты себепкер болған.
Бұл жерде мына бір маңызды мәселе ұмыт қалғанын айтқанымыз жөн. Тым болмаса марқұмның туыстарына хабарласып, алдынала ескерту керек еді.
– Неге туысқандарына ескертпейді? Жарайды алыңыз, заң да бәрі де сіз жақта екен. Бір ауыз ескертуге болар еді ғой, – деді Серікболсын Көшербайдың ағасы Есенжан. Адами тұрғыдан алғанда Есенжан дұрыс айтады. Бір шөкім тұзды да иесінен сұрап алмаушы ма еді? Оның қасында бұл адам ғой, өліп қалған болса да ағза соған ғана тиесілі. Жансыз дененің де жақындары мен туыстары бар екенін неге ескермеген дәрігерлер? Бұл сұрақты шын мәнінде заң шығарушыларға жолдағанымыз орынды шығар.
Енді оқырманға түсінікті болу үшін дәп осы заңның өзіне тоқталайық. Алдынала айтайық, біздің бұл заң тура Ресей заңының көшірмесі іспетті. Келісім туралы (үнсіз келісу-марқұмның тірі кезінде донорлыққа қарсы өтініші болмады дегенді білдіреді) бұл заң Ресейде сонау 1992 жылы қабылданып қойған. Біздегі қазіргі қолданыстағы ереже соны қайталау болып отыр. Бұндай заң басқа елдердің біразында бар. Заң бойынша донорлық құпия сақталуы керек-ті. Ақтөбелік дәрігерлер алдымен сол талапты бұзып отыр. Одан кейін бұл заңның өзге де кем-кетік тұстары баршылық. Бұл ережеге ересек адамның ағзасын заңсыз сатуға да жол ашуы мүмкін. Мысалы, донорлыққа келісім құжаты жоқ дені сап-сау адамды аңдып жүріп жол апатына түсіріп, ағзасын біреулер қалағанынша пайдалануы мүмкін ғой. Бұл жағынан аталмыш заңда адамды қорғайтын ешқандай кепілдік те, тетік те жоқ. Ал, заң деген төрт қырынан түгел қаралып, болуы мүмкін барлық жағдайлар алдынала ескерілуі қажет емес пе? Донорлық ағза қай елде болмасын өте қымбат тұрады. Мысалы, жұлын – 23 млн. доллар, өкпе – 116,4 мың, бүйрек – 91,4 мың, жүрек – 57 мың доллар тұрады екен. Бұл ресми деректер, ал «қара базар» деп аталатын заңсыз саудада одан бірнеше есе қымбат болатыны түсінікті. «Алтын көрсе періште де жолдан таяды» демекші, қомақты ақша кімнің болсын көмейіне құрт түсіруі ғажап емес. Оның үстіне адам ағзасын заңсыз сату фактілері біздің елде орын алғаны туралы халықаралық ұйымдардың деректерінде тіркелгені белгілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Алматы қаласындағы орталық мәйітханада болған жағдайлар соған нақты дәлел. Өлген адамдардың ағзаларын шетел асырып сату фактілері ел арасында үлкен шу тудырғаны әлі есімізде. Мынандай шикі заңмен сол жағдайдың қайталануы әбден мүмкін. Бәлкім, бүгіннің өзінде солай болып жатқан шығар, оны нақты тексеріп жатқандарды көрмедік. Жер бетінде ағза мүшелерін заңсыз сатудың жылына елуден аса оқиғалары орын алады екен. Бұл анықталғаны ғана. Ал, шынында бұл көрсеткіш 4-5 есе артық екені де жасырын емес.
Әрине, адам өмірін ұзартуда ағза мүшелерін алмастыру өте маңызды. Бұл жағынан қолы алтын хирург, білікті маман Жақсылық Досқалиевтың бастамасына қарсы дау айту қиын. Адам өмірін ұзартуды жұрттың көбі қолдайтыны да белгілі. Атақты жазушы Александр Беляевтың «Профессор Доуэлдың басы» атты фантастикалық романын есепке алмасақ, адам ағзасын алмастыру әлемде алғаш рет 1933 жылы басталғанмен біздің елімізде тым кеш қолға алынды. Соған қарамастан медицинаның осы саласында бүйрек, жүрек алмастыру сияқты жылына ондаған күрделі операциялар жасалып, көптеген жетістіктерге жеткеніміз де рас. Бірақ осының бәрін заңдық тұрғыдан дұрыс реттеу қажет. Бұл мәселені ұлттың менталитетін ескере отырып талдаған жөн. Мұсылмандар өлген адамды ақ жуып, арулап қоятынын білесіздер. Біздің адамдарымыздың санасы мұндай шұғыл өзгерісті қабылдауға дайын ба? Діни тұрғыдан бұған қандай баға беріледі? Сол үшін де біз түсіндіру, насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізу керектігін алға тартып отырмыз. Өкінішке орай, бұл заңды қабылдарда осы мәселелер мүлдем ұмыт қалған. Ештен кеш жақсы, аталмыш заңға түзетулер енгізіп, оны алдымен бұқаралық талқылаудан өткізіп, егжей-тегжейлі түсіндіру маңызды. Өткенде елімізде міндетті тіркеуді күштеп өткізгенін білеміз. Оның қасында адамдардың донор болғысы келер-келмесін анықтап, ортақ базаға кіргізу қиын болып па? Бұл жұмысты жергілікті жердегі емханалар өздері-ақ атқарып берер еді ғой. Сол кезде дәп Ақтөбедегідей шатақ шықпас та еді. Ал, әзірше осыншама дау тудырған бұл ережені қолданысқа қолайлы деп айта алмаймыз. Кешіріңіздер осы жобаны дайындаған, осы ережені бекітіп берген қадірлі халық қалаулылары мен мәртебелі министрлер, Ақтөбеде орын алған оқиғаның басты себебін – шикі заңнан шыққан шатақ демеске амалымыз жоқ. Сондықтан аталмыш заңға айналып соғып, қайта пысықтап қарауға тура келетін шығар. Өйтпесек бұл дау-дамайдың жыры бітпейді, соңы жақсылыққа апармасын өздеріңіз сезіп отырған шығарсыздар...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz