Расул Жұмалы: Ана тілімізді қадірлеу үшін жеке өзіміз не істедік?
2017 ж. 24 маусым
2538
13
Өмірдегі келеңсіздіктерді басқаны айыптаудан бұрын өзіңнен көрген дұрыс. Шыны сол - көпшілік қазақ ақын-жазушыларының балалары туған тілін білмейді, даңқты ата-анасының шығармаларын орысша аудармада оқиды. Рас, зор қасірет. Неге солай болды?
Көпті үйрету барысында өз ұрпағына қолы тимеді ме? Әлде, қазақты ұлықтай жүріп, оның болашағына сенбеді ме? Қалай болғанда өткен шақ. Оны әлі де ойланармыз...
Ал бүгін ше? 26 жыл Тәуелсіз елміз. Заң емес, сыртқы түр емес, жалаң сөз емес, мазмұнымыз қашан ҚАЗАҚ болады?
Балконымнан қарап тұрмын. Аулада он шақты бала ойнап жүр. Арасында бір-ақ орыс, қалғаны қазақ, бірақ бәрі орысша шүлдірлеп жүр.
Рас, теледидарда орыс арналарын тайраңдатып қойған билікті әшкерелеуге болады. "Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін" деп алып өздері орысшадан айрылмайтын шенділерді сынауға болады. Тағысын тағы. Алайда өзіміз, әрбіріміз не бітірдік? Әлгі ойнаған балаларымыз Ана тілін қадірлеуі үшін жеке өзіміз не істедік? Әр аулада кездесетін осындай келеңсіз көрініс, әрине, кішкентайлардың кінәсі емес. Бәлкім, совет заманының буы қанына сіңіп қалған үлкен буындікі де емес шығар. Мәселе бүгінгі орта буында.
Намыс пен ақыл, ертеңгі күнді көре білу, елімізді ғана емес туған ұл-қыздарымызды өр, азат, мықты азаматтар болып өсуіне қатысты жігер жетіспейді бізге. Менің арманым - ауламда ойнап жүрген он баланың бірі қазақ болса, бәрінің қазақша сөйлеп соның аясында бірігуін көру. Өйткені бұл - Қазақ Елі.
Расул Жұмалы, Фейсбук парақшасынан