ҚАЗІР ҚИМЫЛДАМАСАҚ, ҚАЗАҚТЫ ӘКЕЛУ КЕЙІН ҚИЫН БОЛАДЫ!..
2017 ж. 22 маусым
6954
35
«Оралмандарыңды ұрғаны бар!» мамашовтар отырғанда, сең қозғалмайды...
«Асар» қалашығы – қазақтың басын қалай қосудың жарқын жолы!
Әрі кәсіпкерліктің таптырмас үлгісі
...1960-жылдардың ортасында тәуелсіздік алған Алжирдегі 6 млн.француз отаршыларының жағдайы қиындай түсті. Сол кезде президент Шарль де Голль іскер, білімді, ұлтшыл кадрларының біріне (аты-жөні есме түспей тұр) 2 жылдың ішінде 6 млн.французды көшіріп әкелу, жұмыс және баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын жасауды тапсырады. Бағдарлама жасап әкелген жігіт өзін премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындауын және оның баспана мен көлік сұраған өтініштері тоқтаусыз шешілетін болуын талап етеді. Де Голль оның сұраған бар құзыретін береді. 2 жыл емес, тура 1,5 жыл өткенде вице-премьер «тапсырмаңыз орындалды, мені қызметтен босатуыңызды өтінем» деп рапорт береді... Біз де сырттағы тарыдай шашылған 5 миллион қазақтың ең болмаса 5 жылда көшіріп әкеле аламыз ба? Ораз Жандосов 2004 жылы осы жолдар авторына берген сұхбатында: «За 5 лет 5 миллионов? Для правительства это не вопрос. Лишь бы была на то политическая воля руководства государства...» деп жауап берген еді... Өзбекстанда қаны ешкіммен араласпаған 100 пайыз қазақ 3 млн. бауырларымыз бар. Бірақ, құжаттары 100 пайыз өзбек болып жазылған. Салт-дәстүрі – қазақтікі, тілдің 70-80-пайызы - өзбектікі. Мектепте білімді өзбекше алған, үйде – қазақша сөйлеседі. Руы – қазақтың руы, бірақ, ұлтым «өзбек» дейді. Міне, олардың қаншасын әкелуге болады, ол белгісіз... Ал, құжаты да қазақ, тілі де қазақ, «Қазақстанға жетсем!» деп құлшынып, ұшарға қанаты болмай отырған қандастарымыздың саны – 2 млн. адам. Қытайда ресми 1,3млн., бейресми 3 млн. қазақ бар. Моңғолия мен Ресейдегіні қоссақ, осы үш елден ең кемі 3 млн.қазақ келеді. Сонда барлығын қосқанда – 5 млн.адам болады. Қалай әкелеміз? 1-бағыт: Сол мемлекеттердегі елді соңына ертіп келе алатын ерлерді тарту, олармен үгіт-насихат жұмысын жүргізу. 2-бағыт. Өзбекстандағы қазақ жастары ЖОО-на түсе алмайды, өйткені қазақ мектептері кириллицада қалған. Соларға 2-5 пайыз квота бөлу керек. Басқаларын бүгінгі колледждерде (бұрынғы СПТУ, ГПТУ) 6 айлық ия 1 жылдық курс түрінде болса да оқытып, ертерек кәсіби маман етіп даярлап шығару қажет. Онсыз да ол жақтағы әр отбасы ең болмағанда бір баласын осы жаққа жіберіп, «плацдарм» жасап жатыр. Бірақ, олар ҚР азаматы болмаған соң, түрлі қиыншылыққа тап болуда. Шекарада оларға «бауырым, қош келдің!» деген бір ауыз жылы сөзіміздің өзі неге тұрады?! Оның орнына «өй, өзбек!» деген сөзді есіткен оның, тура біреу өңменінен тепкендей болатыны сөзсіз... Қанша айтқанда ол жақтың қазағы бұл жаққа келуді аңсап тұрады.Ол жақта ел руға бөлінбейді. Олардың патриоттық сезімі біздікінен әлдеқайда күшті, олар Қазақстанның титтей де бір жетістігіне ерекше мәз болады, боксерларымыз жеңсе, кәдімгідей той жасайды!.. Міне, осы 2 бағытта қатар жұмыс істеу қажет. Бәрінен бұрын қазақ елінің идеологиясының бетін осыған жұмыс істеуге бұруға тиіспіз. Олар келсе – елде қазақ көбейеді. Сан – сапаға айналады. «Қазаққа қазақтың қосылғаны бізге не береді?» деген мәселені ашып айтуымыз, көрмейтін, көргісі келмейтіндердің көзіне шұқып көрсетуіміз қажет. Идеология түзелсе, бұл жақтағы қазақтың да сыртқы қазаққа деген, биліктегі үйреншікті комфорт өмірінен айрылып қалмау үшін ғана ұлт мүддесін сатып отырған орысшылдардың тапсырмасын орындау салдарынан пайда болған теріс көзқарасы күрт оңалатыны да сөзсіз! Шымкенттегі 20 мыңға жуық тұрғыны бар «Асар» шағын ауданында (бұл өз алдына керемет қалашық) мемлекетке қайтпайтын мектеп, бала бақша, жол секілді түрлі шығын сомасы 5 млрд. теңгені құрайды. Бірақ, сол «Асарды» салған, негізінен көшіп келген оралмандардан құралған «Ақ Ордасы» компаниясының (президенті Ибадулла Қалыбеков) өзі мемлекетке 10 жылда 6 млд.теңге салық төлеп қойды!.. Компанияда 3 мың жұмыс орны бар болса, оның кем дегенде үштен бірі жергілікті тұрғындар. Одан бөлек «Асардағы» 20 мың халық тағы салық төлеп жатыр ғой! Салықтан бөлек қанша елге пайда, табыс әкеліп жатыр. Осыны насихаттау жоқ бізде... Яғни, сырт қазақты әкелгенде табатын пайдамыз бен оларды әкелмегенде ұтылатын жағымызды салыстыру керек. Ұтылғанда ешқандай бағамен өлшеуге болмайтын ең қымбат құндылықтан – қазақтың тұтас бір бөлігінен айрылатынымызды түсіндіру керек. Бізде сол Өзбекстаннан келген «гастарбайтерлер» аз ба? Солардың орнына өз бауырларымызды әкелуге бізге кім кедергі, не бөгет? Үлкен компаниялар, корпорациялар жалға беретін жүздеген, мыңдаған пәтерлерді неге салмайды?Жұмыс пен баспана
Жалпы, адам баласына өмір сүру үшін ең бірінші керегі екі-ақ нәрсе – қолына жұмыс пен басына баспана! Қазақстанда бұл мәселені 4 бағытта былай шешуге болады. 1-бағыт. Оңтүстікте – бау-бақша, көкөніс бағыты. Кішкене пәтер + жылыжай. Бізге 180 млн.тұрғыны бар ТМД базары ашық. «Асарда» кореялық лицензиямен «Жылыжай» жасап шығаратын зауыт салынды. Ауыл шаруашылық өнімін сақтайтын қойма салынды. «Асар» тұрғындары 3 сотық жерден жылына орта есеппен 10 мың доллар тауып отыр. 2-бағыт. Орталық Қазақстан. Астана, Көкшетау, Қостанай, СҚО, Павлодар. Құнарлы топырақ. Сәбіз, картоп егуге таптырмайтын өлке. Ол өнімді тек Ресейге қарай емес, бері қарай да, Орталық Азия елдеріне де сатуға болады. (Ал, біз әзірше масқара болып, Пәкістаннан картоп тасып жатырмыз!..) Арқада өсірілетін картоп пен сәбіздің өзіндік құны өте арзан. Сол өңірге көшіп барған әр отбасыға 2 га жер беру керек. Бір ауылдағы 1000 отбасыға – 2000 га жер. Машино-трактор паркін құрып, жер жыртуды, егу мен жинауды соның мойнына артып, картоп пен сәбіз ұрығын аванспен тегін жеткізіп беріп (кейін өнімнің бағасынан ұстап қалып), қасына қыстай сақтайтын қойманы салып берсек, соның арқасында 2 гектардан әр отбасы 30-40 мың доллар табуына болады. 3-бағыт. Шығыс Қазақстан. Мал шаруашылығына сұранып тұрған аймақ. Ет бағыты. Евростандартқа сай, санитариялық талапқа сай етіп, ет комбинатын салсақ, соның айналасындағы 50-100-200 мың отбасы ет өндіруге маманданады. Әр үйге 10-20-30-40 бас кішкентай бұзау авансқа беріледі. Жарты жыл, 1 жыл, 2 жылдан кейін оларды ет комбинатқа өткізесің. Комбинат сол кезде бұзау мен жем-шөптің ақшасын ұстап қалады. 20 бас бұқадан кемі 10 мың доллар табыс табасың. Яғни, бір оқпен екі қоянды атып алуға болады, бұл жүйе әрі халыққа жұмыс көзі, әрі мемлекетке экспорт көзі. Халықтың қамын сәл де болса сөз жүзінде емес, іс жүзінде ойлаған кеңес өкіметі кезінде етті 2,5 сомнан сатып алып, халыққа 1,90 сомнан сататын. Неге? Ақымақ па? Есеп білмей ме? Жоқ, етті арзан сатқанмен қымбат бағамен экспортқа кететін мүйіз, тұяқ, ішек, тері, қан – бұның бәрі еттің шығынын еселеп жабатын. Тіпті, ішек-қарындағы боқтан тыңайтқыш жасалатын. Сүт бағыты. Бұл жерде сүт зауытымен келісім-шарт жасалады. «Молоковоз» сүт жинайды. Сүт зауыты неше түрлі өнім шығарады. Басымдық - қазақтың ұлттық тағамдарына беріліп, олар экспортқа жіберіледі. Біз әзір бидай, тары, арпа, жүгеріге минералдық тыңайтқыштарды (калий, фосфор, азот) әлемдік деңгейден кемі екі есе аз береміз. Есесіне экологиялық таза тамақ шығарудан айнымасақ, оның үстіне миллиондаған малдың қиын органикалық табиғи тыңайтқыш етіп пайдалануды тиісті жолға қойып алсақ, европалықтар еттің, сүттің бағасы 2-3 есе қымбат екен деп ойланып жатпайды. 4-бағыт. Батыс Қазақстан. Онда түйе шаруашылығы, мал шаруашылығы + жылыжай. Себебі, климаты онша суық емес әрі табиғи газ арзан. Ресей нарығы жақын. Өз елімізден де, Ресейден де өзбек пен әзірбайжан тауарын ығыстырып шығару – өз қолымызда! Маңғыстау – әлемдік шұбат орталығына айнала алады! Біз теріскей өлкелерге оралмандармен қоса ішкі мигранттарды да міндетті түрде қосып орналастыруға тиістіміз. Түйе жейтін шөпті мыңдаған гектарға егуге болады. «Қазақтың ақ бас сиыры», «қызыл сиыр» тұқымын қайтадан қолға алуға болады. Мал басын барынша тиімді пайдалануды үйрену – алдымызда тұрған үлкен іс. Экологиялық таза ет пен сүт өнімдері – қазақтың брендіне айналады! Миллондаған малдың тезегінің әрбір килограмының өзі брикет түрінде жасалып отын (мысалы, қой құмалағының қызуы көмірден артық екенін ауылдағылар жақсы біледі!) мен органикалық тыңайтқышқа айналуы тиіс. Бос қалған ауылдарға қайтадан жан бітеді. Отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың жаңалықтарын қолдана отырып, күн мен желдің қуаты үйдің жарығы мен теледидарын қосуға толығымен жетеді... Қаржыландыру – қайтатын табыс көзі болғандықтан мемлекет өзінің құйған ақшасын 1 жылда-ақ қайтарып ала бастайды. Сондықтан, оған алғашқы қолдау көрсетуді мемлекет толық мойнына алуы тиіс! Қаржыны қайдан аламыз?- Миллиардтаған теңге игерілмей жатыр.
- Миллиардтаған теңге түрлі шетелдік кеңесшілерге («Самқұрық-Қазына» - 27 млрд.теңге) жалақы түрінде «распил» жасалып, желге ұшып жатыр.
- Жыл сайынғы экономикалық және медиафорумдардың, дінаралық саммиттің қаржысы.
- «Алтын заем» секілді құнды қағаздар шығару.