ҰЛТТЫҚ БАНКТЕ ХАЛЫҚТЫ ТОНАУҒА ЖОЛ АШАТЫН ЕРЕЖЕ БАР!
2017 ж. 18 маусым
7373
23
Ұлттық банктің экс-қызметкері банктердің былығын ашты!!!
Халықтың жағдайы жақсарсын десек, қанаушы банктерді не жауып тастау керек, не олардың жұмыс жүйесін түбегейлі өзгерту керек!
Қазақстандағы банктердің әккі әрекеті мен қитұрқы қылықтарын бір білсе, осы салада қызмет еткен маман біледі. Көзбен көрген, қолмен ұстаған өйткені.
Біраз уақыт бойы Ұлттық банкте қызмет атқарған қаржыгер Дәурен Жолдыбек «Қазақстандағы банктерді жауып тастау керек!» деп шорт кесіпті. Бұл туралы kaz.365info.kz порталы «Жас Алаш» газетіне сілтеме жасап хабарлады.
Неге дейсіз ғой?
Бізге мемлекеттен, халықтан қыруар қаржы алатын банктердің қажеті жоқ. Неге дейсіз ғой?
Елімізде өте үлкен мемлекеттік корпорациялар бар. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Бәйтерек» холдингі деген сияқты. Мемлекет оларға миллиардтаған ақша құяды. Бұлар кәсіпкерлерге бөлінетін кредитті субсидиялайды. Мәселен, сіз банктен 14 пайызбен кредит алғыңыз келді. «Дамудың» желісіне жүгінсеңіз, қор банктен алған кредитіңіздің 7 пайызын төлеп береді. Ал қалған 7 пайызын сіз банкке төлейсіз.
Енді қараңыз, мұнда кім пайда тауып отыр? Әрине, банк. Ол «екі жеп, биге шыққандай», «Дамудан» да ақша алады, сізден де қаржы өндіреді.
Осы жерде мынандай заңды сұрақ туады: мемлекет сізге беретін 7 пайыздық кредиттің ортасына неге банкті делдалдыққа салып отыр? Кәсіпкерлікке 100 миллионға дейін несие берілетінін ескерсек, бұл соманың пайызы қыруар қаражат. Бұл ақша банктерге бұйырады. Банкке жасалатын жақсылық бұл ғана емес.
Біреу банкротқа ұшыраса не істейді?
Банк әлгінің дүние-мүлкін тартып алады. Ал бізде, керісінше, банктердің жағдайы қиындай бастаса, дереу көмек беруге әзірміз. Жыл басында ғана банк секторын сауықтыруға деп 2 трлн теңге құйды. Қаржы секторында «жүйені ұстап тұрған банктер» деген ұғым бар.
«Оларды құлатуға болмайды, банктер құлдыраса, бүкіл қаржы жүйесі қоса тоқырайды» дейді. Бұл — өтірік!
АҚШ-та 2008 жылы Lehman Brothers банкі құлады – ештеңе болған жоқ. Бізде 6 миллион теңгеге дейінгі депозитті қайтарып беруге мемлекет кепіл. Сондықтан кез-келген банк банкроттыққа түссе де, халықтың депозиті қайтарылады.
Дегенмен, мәселеге басқа қырынан қарасақ, мемлекеттің банктерді құтқаруға не үшін дайын тұратыны түсінікті:
банктердің барлығы лауазымы жоғары шенеуніктер мен саяси топтарға жақындардың меншігі.
Осы банктерден кереметтей жақсылық көрген халық жоқ. Мәселен, Ұлттық банк теңгенің құнсыздану шамасын есептеп, екінші деңгейлі банктерге 10 пайызбен несие береді. Ал ол ақшаны алған банктер халыққа 20-40 пайызбен кредит үлестіреді. Ұлттық банктің заңнамаларының бірінде «банктер негізгі пайыздық мөлшерлемені 7-8 есе көбейте алады», деген бөлім бар. Мұны мен халықты тонауға жол ашатын ереже деп білемін.
Елдегі қай банктің пайызы жоғары?
Қаржылық мектебімдегі студенттерге кредит пайызының қаншалықты жоғары екенін есептету үшін банктерге жіберіп, тұтынушы ретінде кредиттің шарттарын алуды тапсырдым. Кейін студенттер бәрі жиналып, елдегі қай банктің кредиті қанша есеге көптігін анықтады.
Олардың есебінше, ең жоғарысы Банк Хоум кредиттікі болды – 55 пайыз!
Олар жиһазбен, әдемі заттармен тұтынушыны арбайды да, кейін оны жоғары ставкамен қарызға батырады. Қаржылық сауаттылығы төмен азаматтар керегін алған соң, алғашқы соманы оңай төлейді, бірақ келесі жылы ол 55 пайызға өскен соң, онсыз да өскен соманы тағы да 55 пайызға арттырып төлейді. Осылай жылдан-жылға көбейіп отырады.
Бұдан басқа, Қазақстанда банктер «17 пайызбен кредит береміз» деп жарнама іліп қояды. Ал оның астына кішкентай әріптермен «жылдық ставка 17 пайыз болғанмен, кредитті есептегенде жылдық тиімділік есептеледі», деп ескерту жазады. Мұны көбі оқи бермейді, оқыса да түсінбейді. Осылайша шын мәнінде кредиттердің көлемі 17 емес, 20 пайыздан асып кетеді. Банктердің беретін келісімшартын қарасаңыз, «кредитті рәсімдеу ақысы» деп тұрады. Бұл да аңқаудан ақша өндірудің амалы.
Микрокредиттік ұйымдар ше?
«Жылдам ақша», «Займер» деген микрокредиттік ұйымдардың жұмыс істеу жүйесі тіптен сорақы. Олардың пайыздық ставкалары секунд сайын өсіп отырады да, бір айға 100 мың теңге алған адам 130 мың теңге етіп қайтарады. Себебі Ұлттық банк оларға ешқандай шектеу қоймайды. Негізгі мемлекеттік бақылаушы банк бұлардың не істеп отырғанынан хабардар. Бірақ ештеңе істемейді.
Себебі барлығының мақсаты бір – халық есебінен пайда табу.
Банк қызметінің ең «қорқыныштысы» – ипотека. Адамдар банктерден ипотека алып, өмірінің жалынды шағын «құлдыққа» салып, одан базардан қайтар шағында әрең құтылады. Есеппен дәлелдеп көрсетейін. Мысалы, үйдің бағасы орташа алғанда 20 млн теңге дейік. Егер сізге ипотеканы 20 жылға 20,5 пайызбен берсе, ай сайын 347 мың теңге төлеуіңіз керек. Ал 20 жылда сіз банкке 80 млн теңгеге жуық ақша беріп, үйдің ақысына төрт есе көп ақша төлейсіз.
Енді елдегі жалақының көлеміне қараңыз. Мұғалімдікі – 70-80 мың, дәрігерлердікі де сондай. Мемлекеттік қызметте жүргендер ары кетсе 90 мың теңге алады. Олар еселене беретін қарызды қалай қайтарады сосын?
Бізде 5 миллионға жуық адамның кредиті болса, оның 1 млн 200 мыңға жуығы төлей алмай жүр.
Әсіресе 2017 жылдың наурызында уақытында төленбеген ипотеканың көлемі 7 пайызға өскен.
Біз қандаймыз?
Посткеңестік елдердің ішінде, мысалы Өзбекстан мен Қырғызстан, Тәжікстанда пайызбен кредит алу діни тұрғыдан тыйым салынады, деп білгендіктен, банкке жүгіне бермейді. Ал бізде жағдайы жетпесе де, жақсы да бағалы нәрсеге ұмтылу басым. Жалпы, халқының қаржылық сауаты жоғары шетелде кәсібін жүргізіп, бизнесін дамытамын дегендерге банктер үлкен мүмкіндік.
Біздің халық үшін банктер – бағалы заттар мен қымбат көлік алып, ұзақ жылдық құлдыққа апаратын жол.
Осы себепті бізде тұтынушылық кредит беруді тоқтатып тастау керек. Керек болса, қазақстандық банктердің жұмыс істеу жүйесін бір кісідей түсінетінімді айта отырып, банктерді жауып тастау керек деп ойлаймын.
Біреулер «кредит бермесе, экономика тоқтап қалады» дейді. Бірақ экономика тек тұтынушылықтан тұрады деу — қате. Халықтың жағдайы жақсарып, экономика өзгерсін десек, қанаушы банктерді не жауып тастау керек, не олардың жұмыс жүйесін түбегейлі өзгерту керек.