Орыстармен ҚАЗАҚША сөйлескен Қайраттан қаптаған министрлер үлгі алуы керек
2017 ж. 15 маусым
17542
45
Қазақ шоу-бизнесінің жарық жұлдызы Қайрат Нұртастың «МузТВ — 2017» жобасына шақырту алып, орыс тілшілерінің сұрақтарына жауап бере алмай мүдіргенін кейбіреулер ұятқа балап жатыр. Қайраттың орыс тілінде сүріне сөйлегені мені қатты қуантты. Себебі, бұл еліміздегі орыс тілін білмейтін һәм сол білмегенін ұят санайтын миллиондаған жастың еңсесін көтеретін оқиға болды. Енді Қайрат білмеген тілді, қазақтың білмей-ақ қоюына құқығы бар.
Орысшадан мүдіруге, мүмкіндік болса сүрінуге себеп іздейтін кез келді.
Құл - қожайынның тілімен сөйлейді.
Қазақстанда қожайын кім? Осы сұраққа Қайрат өз әлетінше жауап берді. Демек, енді Қайратты ресми тілде шүлдірлейтіндер мазаламайды деген сөз. Мазалағанның өзінде қазақша тілін сындырып келуге мәжбүр болады.
Бұл - ұялатын емес, қуанатын нәрсе. Егер де осыдан алпыс жыл бұрын Ермек Серкебаев орыс тілін білмей жатса, ол оның кемшілігі саналатын. Қазір орыс тілі - модада емес. Оның тіліне, мәдениетіне деген тәуелділігіміз жоқ. Қайрат еліміз тәуелсіздік алған жылдары өмірге келіп, бодандықтың не екенін білмей өскен азамат. Оны талай жерде дәлелдеп жүр.
Осыдан бір-екі жыл бұрын Омбыға барып: "Бұл - қазақтың қаласы" деп жар салғанын бүкіл ел біледі. Осындай үлкен жүректі баламыздың орыс тілін жетік білмеуі заңдылық болса керек.
Тәуелсіздіктің бір жемісін Қайрат үзіп берді. Енді осындай жемістер көбейе түссе екен.
Қайрат - осы елдің Қожасы. Оның аты - Қайрат-Қожа!
Бекең, Бердібек Соқпақбаев повестінің атын "Менің атым Қожа" деп қоюының астарында "осы елдің Қожасы мына сотқар бала" деген ой жатқанын айтады зерттеушілер. Сол Қожаңыз - Қайрат емес пе?
Ресми тілді білмей-ақ, мың жаса, бауырым!
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz