АҚПЕЙІЛ мен БАҚ-МЕЙІР ЖЕҢІСТЕРІ
2017 ж. 14 маусым
4259
3
Тәуелсіз туған елі – киесі, ақ пейіл мен бақ-мейірдің иесі Ырым Суанбайұлы бүгінгі күні де асыл армандардан ажырамаған
Өмірден баяғы заманда өтіп кеткенмен, қазір де қалың Қытайды жатқызып-тұрғызатын абыз ақылман Конфуцийдің мынадай бір сөзі бар: «Адамның пейілі қандай болса, өмірі де сондай». Жадымда қалғаны бойынша келтіріп отырмын. Керемет сөз емес пе? Өмірдің ақиқат шындығы. Рас, мына қиын да қилы тіршілікте бұған кейде кері болуы да мүмкін. Десек те, адамның әрбір ісі, қоғамда шыққан биігі ниетінен, алға қойған мақсатынан басталатыны онша дәлел тілемейді. Тек осы шын ниет, қатты мүдделілік нақты іске, қабілеттілікке ұласса, адамның жақсы амалы көп, алмайтын қамалы жоқ. Адамдықтың асыл тіні – адалдық болса, пейіл-ниет түзелмей, бесік пен есік түзелер ме?! Осы орайдан келгенде менің ойыма кейде: «Мына біздер бүгін бақыттырақпыз ба, жоқ жалындаған жас шағымызда бақытты болдық па?» деген сауал оралады. Әрине, басымыздан кешкен, өткеріп жатқан қоғамдық-экономикалық жүйені ескермегенде. Жеке адам ретінде. Құрдас-әріптестерімді қайдам, өзімнің бүйрегім жиырма мен отыздың арасындағы жарқын күндерге бұра беретінін мойындағым келеді. Әсіресе творчестволық тұрғыдан. Біз адам екенімізге мерейленіп, келешегіміз бар, нұрлы екеніне сеніп өстік. Асқар асулар қол бұлғап шақырып тұрды алдан. Осы себептен қаламымыз да жазған сайын ұшталып, «Лениншіл жас» бетінде жарық көрген әрбір жырымыз, мақаламыз, әңгіме-сырымыз, хикаяттарымыз елді елең еткізіп, билікті дүр сілкіндірмегенмен, тас жарып, тал өсіргені де сол кезгі өмірдің шындығы еді. Мәселен, таралымы 500 мыңдық жастар газетінде бір топ өлеңің, немесе жарты бет жырың жарқыратып берілді ме, ертеңіне ұйқыдан есіміңді күллі ел білетін Ақын болып оянатынсың. Қазақ әдебиетінің қазіргі ұлылары мен ұстындары Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек, Қалдарбек Найманбаев, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев, тағы солар секілді қаламгерлерді жап-жас кезінде жарқыратып ашып, бірден белгілі қаламгерлер етіп жіберген де – осы жастар газеті. Мен тікелей осы басылымда жұмыс істеп, ғарышқа қанат қаққандарды ғана айтып отырмын. «Лениншіл жас» әдеби-көркем дүниелер түгілі әдетте көңілсіз, бұларсыз газет шықпайтын болса да екінші қатардағы дүниелер саналатын журналистика жанрлары заметка, суреттеме, очерк, репортаждардың өзін тапқырлықпен сәтті безендіріп беріп, жарқыратып жариялайтындықтан халық бұлардың да авторларын жақсы білетін, елге барғанда төбесіне көтеріп қарсы алатын. Осы кездерде «Очеркті «Лениншіл жас» журналистерінше жазу керек» деген де ұғым туған. Не жасыратыны бар, 1960–1970 жылдары тұтас бір толқын жастар, жас журналистер «Лениншіл жас» қаламгерлеріне еліктеп жазып үйренгені, өскені, газеттің өз алдына бір мектеп болғаны да ақиқат. «Ат қайда Ақбақайдай!.. «Жұлдыздар бұлтты жарып барады». «Қызғалдақ кешкен қыз». Мен өзім сол кездері тәнті болып тамсанып оқыған, әлі жадымнан шықпай, жаңғыртсам, жалт-жұлт етіп шыға келетін кейбір очерктер осылар. Бұлардың авторларының арасында менің құрдасым, қазақтың белгілі, белді қаламгерлерінің бірі – Ырым Суанбайұлы Кененбай да бар. Байқайсыз ба, әңгіме құрдастарымның бітім-болмысына, шығармашылық ұстаным-ұлағаттарына көшіп барады. Тіпті бағанадан бергі сөзіміз әлқиссасы да «Лениншіл жаста» менің құрдастарым белсеніп қызмет істеген кезеңге қатысты. Өз басым 1974 жылы аталмыш жастар газетінің әдебиет және өнер бөліміне тілші болып жұмысқа тұрсам, газет қызметкерлерінің негізгі мәйегі – сайдың тасындай менің құрдастарым екен. Міне, осы газетте мен Ырым Кененбаймен де танысып, көп ұзамай-ақ құрдас, дос, замандас ретінде табысып кеттік. Бұл жылдары біздің халқымыз талантқа бай, жомарт еді десек асыра айтпаспыз. Осында бірге қызмет істеген Серік Әбдірайымов, Аян Нысаналин, Құрманғазы Мұстафин, Эрнест Төреханов, Рәшит Рахымбеков, Төлен Қаупынбаев, тағы басқаларды айтпағанда, Мағира Қожахметова, Әшірбек Көпішев, Жұмагүл Солтиева, Жақыпжан Нұрғожаев, Асқанбай Ерғожаев және өзгелердің қай-қайсысы да кейіннен қазақ журналистикасының сарбаздары мен сардарлары болып қалыптасты. Кеңес өкіметінің Леонид Ильяұлы Брежнев басқарған кемелденген тұсында өмір сүргеніміз бақ болды ма, кешегі сұрапыл соғыстан аман-есен оралып, біздерді көрген әке-шешелеріміздің алақанға салып өсірген тәлім-тәрбиесі тақ болды ма, тіпті туған жыл-айларымыздың табиғатының бой-сойымызға сіңірген ерекшелігі де бар ма, әйтеуір арманшыл, аңғал, адал, пейілі – таза, жамандыққа – наза ұрпақ болып өсіп, қалыптасқанымыз аян. Міне, біздің Ырым Кененбайдың талантты журналист, қарымды қаламгер болудан да бұрын ақ пейіл, бақ- мейір бітім-болмысты жігіт, асыл адам, абзал азамат болып қалыптасқанына күмән кем. Сондықтан да шығар, мен жақында Ырымның кезінде бәрі дерлік «Лениншіл жас» газеті беттерінде жарық көрген очерктерін, мақалаларын, толғамдарын қайтадан оқи отырып, олардың дені ескірмегенін аңғарып, осы әдеби-әлеуметтік алуан дүниелеріндегі туған жерге деген жүрек махаббатына, жан сырына тағы да қатты разы болғанымды айтқым келеді. Мен тілеймін, Жарқыным, сен де тіле, Жақсылық орнасын де жер бетіне. Аққу тіле айдынның келбетіне, Айдын тіле аққуды тербетуге, – деп жырлапты замандас ақын Мұқағали Мақатаев. Бүгінгі күнгі ой-тілектерін білмеймін және барлық құрдасымның жүрек-тілегіне жауап та бере алмаймын, бірақ сол 1970 жылдары «Лепниншіл жас» газетінде жұмыс істеген құрдастарымның, оның ішінде Ырымның да нақ осындай ниет-пейілде болғаны кәміл. Міне, осындай жерім көгерсін деген тілектен, елім өркендесін деген жүректен отызға толған және толмаған Ырым Кененбай қаламынан «Қызғалдақ кешкен қыз» очеркі және «Аққулы мекен» повесі дүниеге келіп еді. 1. «Жасыл жайлау төсінде жарқын жүзді жасампаз еңбек иелерімен қуана жүздестік. Солардың ішінде бір кездесу мен үшін айрықша болды. Ол жадыра жайлау төрінен бала күнгі досым Қалдыгүлді кезіктіру еді. ...Сол жылы қызғалдақ қалың шықты. Бүкіл қыр бетін қаулап өрттей болып алау нұрға малындырып, жайқалып, жайнап тұрар еді. Күнде таңертең орнымнан тұрғанда сол қалың қызғалдақ ортасынан тұлым шашы желбіреген жас өрім қызды көретінмін. Ол үстіндегі көбелек гүлді көйлегі көлкілдеп, қалың гүл арасында қалқып жүрер еді. Алқызыл гүлді жапыра кешіп жүгірер еді. Содан әлдебір уақытқа дейін қайда қонарын білмеген көбелекше гүлден гүл құшып, қалықтай ұшып құмарта қыдыра берер еді. – Ол Қалдыгүл ғой, – дейтін анам солай қарап тұрғанымды байқап. – Мына қыр астына келіп қонған Мұрат қойшының қызы. Қырық жасқа келгенде Мұрат пен Күләннің көрген тұлабойы тұңғыштары көрінеді... Ал Қалдыгүл болса мына тылсым дүниені бір сәт бейқам қалдырғандай қызғалдақ кешіп жүре берер еді, жүре берер еді. Бір қызығы әр гүлге қонып, оны қызыға аялағанымен, бір тал гүлді үзіп алмайтын... Қалың қызғалдақты кешіп, бір тал гүлді үзбейтін оның таң қаларлық мінезінің бұл құпия сырын мен кейіннен білдім...». Бүгінгі күні бұл сөз-сөйлемдер көтеріңкі пафосты, әсіре қызыл сөздер көрінуі де әбден мүмкін. Бірақ очеркті оқып отырып, мұны сезбейсің. Сезбейтінің – жүректен шыққан сөздер. Бұған қоса Қалдыгүлдей қазақ қыздарының жаны сұлу, әрі нәзік. Мұнысы – әке-шешесі тәрбиесінің әсері де шығар, алайда өскелең өмір, тамылжыған табиғат көбіне-көп өнерден де сұлу емес пе? Жер жанаты Жетісудің жайлауларын Ырым осылайша суреттемесе, қалай көрікті жеткізбекші?! Өмірден ойып алынған осы очерк – әдеби көркем әңгімедей. Жас сұлу, әлі буыны қатпаған өспірім Қалдыгүл аяқ астынан тағдырдың ауыр соққысына ұшырады. Аяқ астынан жаңбыр жауып, оның суық бұршаққа ұласуы, қар түгіл кейде тастар көшкіні – Жетісудың асқар таулы өлкелерінде таңсық емес. Сондай апаттар кесірінен және сол уақыттағы ел тұрмысы әлі де көп төмендігі себепті жеткілікті шипагерлік көмек жасалмауынан Қалдыгүлдің алдымен анасы, артынан әкесі опат болып, қыз жалғыз қалады. Ол амалсыз алыс жамағайындары қолына кетеді. Содан бері арада талай жыл өтіп, Алматыда оқып, журналист болған кейіпкеріміз қызғалдақ кешкен қызды ұмыта да бастаған. Онымен ойда жоқта жүздесу бәрін қайтадан жадқа оралтты. Сол Қалдыгүл Семейдегі жоғары оқу орнынан дәрігерлік мамандық алып, облыс орталығында табысты еңбек етіп, баспана иеленсе де, бәрін тастап, кіндік кескен, өскен жеріне оралыпты. Қапыда әке-шешенің ажал құшуы өмірді өліп-өшіп сүйген қаршадай қызға аманат арақалатты ма, ол енді жасыл жайлауларда қайтадан қызғалдақ кеше алатын болыпты. «Адам – өмірдің еркесі, өмірдің гүлі» болса, ал «гүл біткен – адам өмірінің көркі. Өмір адамды аяласа, адам гүлді аялауға» тиіс. Міне, осындай өмірге махаббат, гүлге ғашықтық жанын тербеп өскен Қалдыгүлдің туған жеріне оралуы, өмірдің гүлі мен табиғат гүлін қолынан келгенше аялап, мына тіршілікте жақсылық молая беруге үлес қосуы түсінікті де еді. Аталмыш очерк Ырымның қаламы әбден ұшталған, бабын тапқан 1973 жылы жазылса, мына бір дүниелер – одан гөрі балаң, бәлкім студент қана емес, мектеп оқушысының қаламынан туған үлгілер. Осы ретте «Арман қуған қыз» атты шағын дүниені түгел келтірсек те артық еместей. «Келер күні Сарноқай жайлауына көтерілдік. Бірімен-бірі таласып орналасып, биікке ұмтылған құзар шыңдар сені алға жетелегендей болады. Баяу ғана тербетілген тау қызғалдақтары саған қол бұлғағандай көрінеді. Мен биікке шыққанды, биікке ұмтылғанды ұнатушы едім. Жүгіріп биік қыраттың басына шықтым. Бұл жерден айналаң тіпті көрікті болып көрінеді. Дәл осы тамаша көріністің ортасында кітап оқып жап-жас қыз отыр. «Япыр-ау, – деп ойлаймын мен ішімнен. – Бұл неғып жүрген адам? Жападан жалғыз. Қызық?» Мен қызға жақындап келгенімде ол кітабынан басын көтерді. Жүзінде таңданғандық белгісі бар (Кітаптың әсері болса керек). Әдемі қой көздерінде күлкі ойнайды. Қапелімде сөз таба алмай қалдым да: – Сіз мұнда неғып жүрсіз? – дедім. – Көрмейсіз бе? – деді қыз менің бас-аяғымды шолып өтіп. – Арман қуып жүрмін. Ол осылай деді де, сәл езу тартты. Мен жаңа көрдім: қыраттың күн шығыс жағындағы қапталда қой жайылып жүр екен. Бейтаныс қыздың шопан екенін сезе қойдым». Шынында да осынау жолдар – 1964 жылы, әлі мектеп оқушысы Ырымның қаламынан туған жолдар. Шып-шымыр. Әдемі. Шопан қыздың есімі – Сара. Сол уақыттағы талапқа сай очеркте жас шопан қыздың еңбек көрсеткіштері де қамтылған. Бірақ шағын очерк қасаң, жадағай жазылмаған. Жалаң таныстыру емес, Тойлыбаева Сара қыздың шопандыққа келу себебін оқиғалы түсіндіріп, тартымды жеткізген. Арман жолына қол артқан 10-класс оқушысы Ырымның бәлкім өзі қатарлас қыздың қарекетінен арман қуғандықты көруі де жарасып тұр. Жасыл жайлау. Үлбіреген қыр қызғалдағы. «– Сара, неткен әдемі едіңіз? – дедім ақырын ғана. – Бір нәрсе дедіңіз бе? – деді Сара елең ете қалып». Бұл – 17 жастағы жасөспірім журналист Ырым Суанбайұлының бірдеңе деуінің басы ғана. Ары қарай ол ҚазМУ-дің журналистика факультетін оқып бітірді. Үшінші курста оқып жүргенде-ақ жұмысқа шақырылды. Содан жастардың жалынды газеті, Ғани Мұратбаевтар жолын жалғастырушы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты майталман маман, жүректері елім деп соққан, алашшыл қазақ қаламгерлері жетекшілік еткен «Лениншіл жас» газетінде 11 жыл бойы еңбек етті. Жемісті жылдар. Журналист ретінде де, жазушы-прозашы ретінде де жеңіс биіктерінен көрінген жылдар. «...Біздің ауыл Жоңғар Алатауының кенже қойнауына орналасқан еді. «Жарықтық тау да балаларын бауырына басқан ана секілді», – дейтін Әкем. – Байқаймысың, кей жерлерде емшегі иіп, құт қойнауын ашып, адамдарды өзіне тарта түседі. Енді бірде долданып, құзар шың, биік жартастанып кетеді. Ал бұл тұс – Жоңғар Алатауының осы өңірдегі адамға жайлы кенже қойнауы. Бұдан әрі қарай ол құм-қиыршықтанып, өркеш-өркеш толқынданып, асқақ Алатауға жалғасады». «Аққулы мекен» повесі осылай туған ауылдың табиғатын таныстырудан басталады. Кенже қойнау – әке қойып отырған ат емес. Ежелгі ат. Табиғат-Ана бұл өңірге бар мейірімін төгіп, байлығы мен сұлулығын жарқырата жайып салған. Төбе би аталатын оңаша еңселі жотасы бар. Тау бұлақтарынан бас алған Тасбұлақ аталатын өзені бар. Бұлар – шағын ауыл балалары осы Төбеби қызғалдағын теріп, Тасбұлақтың тап-таза суын ішіп өсті. Жасылкөл атты тамаша көл де бар бұл өңірде. Тек оған қырды басып, жота өрлеп, арнайы сапарлап бару керек. Повесть кейіпкерлері – орталау мектеп оқушылары: Жұпар, Қадыр, Төкен, Ұзақбай, Қаламқас, Сәния және басқалар. Үлкендерден Күләш апайды, Жанбай атайды, кейінірек шопыр Қуанышты, ферма меңгерушісін, кеңшар директорын, аупарткомның бірінші хатшысын көреміз. Сондықтан да «Аққулы мекен» – балалар мен жасөспірімдерге тікелей арналған шығарма. Алайда мектеп шәкірттеріне тікелей бағытталса да, хиякатта көтерілген тақырып үлкендер мәселесі – табиғатты баз қалпында сақтау. Ал табиғатты сақтау – түптеп келгенде, адамды, өмірді, халықтың болашағын қорғау. Яғни бұл – нағыз өзекті өмір мәселесі. Міне, осы мәселе оқушылар көзімен, сезімімен әдемі беріліп, жақсылық (балалар, Жанбай ата, хикаятты баяндаушы кейіпкердің әкесі, тағы да бірер адамдар) пен «жамандық» (тырнақшаға алған себебіміз, іс жүзінде Жасылкөлден канал қазып, егіс егуді көздеушілер – табиғат жаулары да емес, бірақ биліктегілер, сондықтан күштілер) арасындағы тірес шынайы бейнеленген. Сырттай, салқын бедерленбей, өмірдегідей нанымды, жанды көрініс тапқан. Дау жоқ, балалар таза пейіл, арман-мейір өкілдері; олар туған ауылын, Жасылкөлді періштелік көңілмен сүюшілер. Шама-шарқына сай қорғап күресушілер. Өздері өмірде қандай болса, сондай әртүрлі. Әрқайсысының өз ерекшелігі, құлқы, мінезі бар. Байсалды, ақылды, сұлу Жұпар – хикаяттың алтын қазығы. Сондықтан оған жүректері ояна бастаған ер балалар түгел ғашық. Қыршаңқы, қуақы тілді Сәния елдің мінін тап басып, келемеждеп, күлдіріп қана қоймайды, нақты істің адамы. Әсіресе Жасылкөлді бүлдіртпеу үшін табанды кірісіп, төтен іс-әрекетке баратын да сол. Шамасы, энергиясы да көп. Қарғаларды түрлі түске бояп жіберіп, ауыл шалдарын «қорқытуы» осыны айғақтайды... Ұстамды Қаламқас. Қырсық Төкен. Аңқау Ұзақбай. Шәкірттерінің көңілін тапқан, туған табиғатты сүйетін Күләш апай – қашанда оқушылары, Жасылкөлді қорғау жағында. Осылай кейіпкерлерді таныстырып, повестегі қызықты жәйттерді таразылар болсақ, ұзақ талдауға түсіп кетеміз. Біз мұның бәрін оқырмандарымызға шайнап бермей, өздерінің оқып, рухани байыптап-баюына қалдырып, шығарманың күретамыр өзегін ашып көрсетуге көшсек, ол – Жасылкөлге қос аққудың келуі. Осы арқылы Жасылкөлдің бақ-берекелі, ырысты, киелі көлге айналуы. Тау қойнауындағы керемет таза, қасиетті көлді ертеректе де аққулар мекен етіпті. Осы өңірдің халқы 1931–1932 жылғы алапат ашаршылықта басқа жақтың қазағы қанадай қырылып жатқанда Жасылкөлден нәпақа тауып, көп қиыншылық көрмей, аман қалған екен. Кейін бір есерсоқ аққуды атқан соң, аққу өліп, көлден кие де кетіп, халық қияпатқа ұшыраған. Көп жылдар өткеннен кейін Жасылкөлге қос аққудың оралуы – жаңа жақсылықтың нышаны, қайта келген ырыстың басытұғын. «Аққу дейді. Қандай болады екен ол. Екеу дейді. Таң шапағымен су сабалап, Жасылкөлде ойнағанда айналаны әсем нұрға бөлеп, жарқыратып жіберетін көрінеді. Шіркін, көзбен көрер ме еді». Осындай тәтті арман бес баланы жолға шығарып, олар сенбі күні «жұрт қорыған Жанбай» шал үйіне жетіп, ертеңіне ерте тұрып, құс падишасы қос аққудың көл бетіндегі кербез жүзісін, күміс су шашқан ойынын, бір-біріне еркелігін қызықтаған еді. Не айтатыны бар, ғажап. Балалар үшін ғана ма? Жоқ. Біздер үшін де. Сәкен Сейфуллиннің сырбаз да сұлу суреттеуінен кейін мұны Ырым Кененбай ғана осылай суреттеп отырған болар. Аққулар – жақсы өмір хабаршысы, бақытты өмір базаршысы. Олар Жасылкөлден кетпесе, көлді жыл сайын мекендеп бауыр басса, бұл жерден де, елден де бақ-береке кетпек емес. Балалар осы жолы тау өзені Тасбұлақтың бастауын да көріп, шөп, қиыршық тас басып, булығып шымырлаған майда бұлақтардың көзін ашты. Осы керемет сұлулықтың, жарасымның сәнін Жасылкөлге әуелі ферма меңгерушісі мен кеңшар директоры Ақанның келуі «бұзды». Ақан өз бастығы – аупарткомның бірінші хатшысына көл жағасынан саяжай соғып бермекші. Бірақ бұл «бұзу» ештеңе емес екен, алтын жиекті көзілдірікті аупартком хатшысы келіп, арнайы канал қазып, Жасылкөл суы арқылы қызылша егісін көбейтуді міндет етіп алға қойды. Кеңшар экономикасы өседі, жұмыс көбейіп, халық тұрмысы жақсарады. Ал табиғат бүлінбей ме? Жасылкөлге нұқсан келсе ше?! Иә, қауіп көп... «– Бәрібір жақсы емес, – деді Сәния. – Қызылшаны қаншама көп өндіріп, маған қаншама конфет, қантты үйіп тастаса да, Жасылкөлге айырбастамас едім. Көзіне жас келіп тұрған Жұпар жылап жіберді» (62-бет). Осы пейіл-ой қарсылығын Сәния дереу іске ұластырыпты. Екі жеңіл машинаның жүре бергені сол дөңгелектері жарылды. «Щина» операциясы жүзеге асты, – деді Сәния көзі жайнап». (63-бет). Аудан басшысы айтты, бітті. Жасылкөлге мамандар келді. Зерттеу басталды. Су маманы Сейіт экологиялық тепе-теңдік бұзылып, көл суының тез тартылуы мүмкін екенін айтқанмен, мәселені бәрібір бастықтар шешті. Кейін не болса о болсын, болашақты ойламау, қазір жақсыатты болып көрініп қалу, табысты молайту мүддесі жеңіп, канал да қазылды. Жылдар бойы қасықтап жиналған суы азайған соң, әрине, Жасылкөл жағалауы күрт төмендеп, биік тау іргесіндегі су басып тұрған үңгірлер жалаңаштанып, біртүрлі айдаһарша ысқырғандай, жаны күйзеліп ыңырсып, аһ ұрғандай, қорқынышты дыбыс шығаратын болды. Бұл – зорлық-зомбылыққа киелі көл қарсылығы, «Көлде Несси сияқты құбыжық бар екен» дегендей алыпқашпа әңгіме, түрлі үрей туғызды. Шар айнадай тостағанға құйылған сұлу көлді соңғы рет көріп, «қоштасуға» барған балалар бөлекше үн сырын ашты, көлде Несидей құбыжық та жоқ екенін көрді, білді. Алайда ол «құбыжық» – табиғатты түзген, сұлу айнакөлді мөлдіреткен Алла тағала ісіне қол сұққан адамдар әрекеті еді. Айдын көлден аңдар басқа жаққа ауып, аққулар үрікті. «– Аққулардың соңғы рет не деп ән салғанын білемісің? Жасылкөлден кететін күні оны қимай қалай қиналды дейсің? Бір емес, бірнеше мәрте айналып ұшып, қиқулап жүріп алды. Ой, сондағы олардың мұңды шерін ұқсаң? Жан-жүрегіңді тербеген аянышты сырын ұқсаң? Әттең, тек оны ұғу үшін аққу болу керек. Иә, иә, Жасылкөлден көтерілген кербез қос аққу болу керек». Мұны айтқан – Жасылкөлдің қорықшысы Жанбай атаның үлкен немересі, жазғы демалыста атасының осындағы үйінде тұрып жатқан Жұпар. Айтпақшы, бұл өзі – аққудай ару қыз Жұпардың да қоштасқанындай сезілері бар. Атасы қатты ауырып қалғандықтан қасқа құнанға мініп алып, атасының міндетін атқаруға шыққан Жұпар да осы жолы «не аң-құсқа жем болғаны белгісіз, не суға батып кеткені белгісіз» жоғалып кеткен-ді. Жасылкөлге тиісудің соңы не болды? Көл тартылды. Ауыл азды, адамдар атажұртын тастап басқа жаққа көше бастады. Алғашқы жылдары дүркіреп аты шыққан шаруашылық кейінгі жылдары көш соңында салпақтап қалды. Жасыл жайлау тозды. Жасылкөл оқиғасын өз атынан баяндаушы лирикалық кейіпкеріміз де Алматыда оқу бітіріп қалып, қалам жұмысын атқара бастаған. Туған ауылға жоғары агрономдық білім алып оралған – Қадыр. Соңғы уақытта табиғат-ана алдындағы қателігін түсінген ауыл адамдары, шаруашылықтың жаңа басшысы Сейіт оң істерді, Жасылкөлді қалпына келтіруді қолға алыпты. Туған жер тағдыры селқос қалдырсын ба, біздің бас кейіпкеріміз де ауылына арнайы келді. Жасыл жайлау төрінен түсетін жол Тасбұлақтың сағасына соғып өтеді екен. «...Бұлақ басында анадай жерде жалғыз қайың өсіп тұр. Өздігінен шыққан емес, арнайы егіліп күтілгені анық. Айнала гүл егіліп, қасына ұзынша орындық қойылыпты. Бұлақ басы да тазаланып, мұқият аршылған, жан-жағы цементтеліп, оның еркін ағуына, жолаушылардың да қолайлы демалуына ыңғайланып жасалған..» (97-бет). Шаруашылық басшылары көңіл бөлген бе? Олай болмай шықты. Шопырдың айтуынша, мұның бәрін жасап жүрген – Қаламқас апай. «...Қаламқас апайдың бұл ісіне біз бәріміз де таңбыз. Ал ол кісі өзі бұл бастауды «Жұпарбұлақ» деп атайды». (98-бет). Ауылға келіп тұрып Жасылкөлді көрмей, жағдайын білмей кету мүмкін бе? Қадырдың да қолқалап қоймағаны бар. «Жасылкөлге жете мен өз көзіме өзім сенбедім. Көл түбінде тостағандай төңкеріліп, айнадай жалтырап су жатыр. Енді-енді арна алып, тәп-тәуір жиналып қалыпты. Айнала көгеріп, құрақ шөптер өсе бастаған...». (100–101-беттер). Жасылкөл тіріліпті. Перзенттері қарап, аузына су тамызған, жан кірген көл қалпына келері, сауығары ақиқат. Әне сол кезде аққулар да оралары анық. Повесть 1977 жылы жазылған. Отыз жасында орда құрған жазушы Ырым Кененбайдың анық та айқын талантты қалам ізі. Әрине, сол уақыттың социалистік реализмінің табы бар, кейбір реттерде көркемдікті көсемсөздік (публицистикалық) сипат басып кетеді. Сәл әттеген-ай десек те, повесть сюжетіне түстен кейін араласып, өзгертудің қажеті жоқ. Шынайы шығарма да адам сияқты, қалай туса солай қалпында, өмір сүреді. Біздің ойымызша, «Аққулы мекен» – қазақ балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне кезінде келіп қосылған бір Жұпарбұлақ. Оқырмандары аман болса, мәңгі жасайтын Жасылкөл? Неліктен Жасылкөл?! Мұның себебі – жазушы автордың Жоңғар Алатауының кенже қойнауындағы бір ауыл өмірінің тынысын айшықты аңғартқан, бір топ балалардың бедерлі мүсіндеген шын-шынайы шығармада жайнаған Жасылкөл бейнесі бар. Өмірдегі, табиғаттағы Жасылкөл тартылса тартылған шығар, қайта қалпына келе бастаған шығар; ал ол мына повесте – Ырым Кененбай жасаған көркемдік әлемде жоғалған жоқ, көкірегімізде баз қалпында баянды қалып қойды. Тіпті онда қос аққу сыңқылдап ән салып, әлі жүзіп жүр. *** Байқап отырсаңыз, біз журналист қаламгер, жазушы суреткер Ырым Суанбайұлының екі-үш дүниесімен ғана етене таныстық. Соның өзі құрдас қаламгердің қарымын, жүрек қуатын, адамгершілік алымын, арман суатын жеткілікті аңдатты десек асыра айтпаспыз. Таратып айтқаннан кейін түйіндеу басталары өмірдің де, өнердің де заңдылығы болса, Ырым Кененбайдың сол 1960–1980 жылдары жазғандары қазақ журналистикасында құбылыс болып танылғаны, қазақ әдебиетінде жаңалық, төл қолтаңба болып табылғаны – шып-шырғасыз шындық. Бұл айтқанымызды оның 17 жасында-ақ «Арман қуған қыз» тәрізді шебер жазылған классикалық үлгілер тудыра білуі бір айғақтаса, Көкшетау орманы (1968 ж.), Алматы мемлекеттік қорығы (1969 ж.), Қазақстан суы, (1974 ж.), Қазақстан топырағы (1979 ж.) туралы перзенттік махаббатпен, қаламгерлік тұрғыдан салмақты, сұлу, ғылыми тұрғыдан парасатты, терең жазылған, сол кездер түгілі бүгін де ескірмеген, әлі де өте өзекті толғаныстары екі дәлелдейді. Бірер мысалмен тұздықтасақ, Ырымның: «Ну орман – ел дәулеті, жер сәулеті», – деген бір сөйлемінің өзі журналистік формуладай нық десек, қорықтардың табиғат жұмағы екеніне деректермен көз жеткізіп, жан сырымен көңіліңді ұйытады. «Судың да сұрауы бар» екеніне әйгілі ғалым Уфа Ахметсафин болып сөйлеп сендіреді. Ал, топырақ – тіршілік нәрі. Бұл тақырыпта Ырым «совет ғылымын дамытуға орасан зор еңбек сіңірген, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған, Қазақ топырағын танушы ұлы ғалым Өмірбек Оспановтың талдауларына сүйенеді. Ары қарай айта берер болсақ, Ырым Кененбайдың жаңа өмір беттері, қаламгерлік өнер дәптері осылайша ашыла береді. Атақты Әлкей Марғұланмен сұхбат. Шетел жазушылары шығармаларын аудару. Кітап баспаларында табысты қызмет істеу... Асудан өткен, асқарға беттеген жасамыс ғұмырдың Жаңа кезеңі болып табылатын бұл тыныс-тіршіліктің де әрбір беті – қаламгерлік бір қыр; ...әрбір парағы – жігіттік, азаматтық, адамдық бір жыр; ...әрбір тарауы – толып жатқан сыр. Махаббат сыры, Мархабат сыры. ...Мен өз басым бала, өспірім кезімде «Қазақстан пионері» газетінен оқыған, алғаш танысып, таңданған Ырымның алғашқы дүниесі – «Үш ұрпақтың ұстазы» атты мақаласы. Қызықты жазылған, оқиғалы, басты кейіпкері тағдырлы мақала. 1962 жылы жарық көрген, Еркін орта мектебінің 15 жастағы оқушысы Ырым жазған мақала: «Сүлеймен – Әбдірахманның алғашқы оқушыларының бірі еді. Ал, Сүлейменнің баласы Тұрсынбек те осы кісіден оқыды. Тұрсынбектің қызы Күләш те – бұның шәкірті. Ойлап отырсам, жетпістің екеуіне келіп, ендігі жерде осы жастың ішінде атқарған істерін қорытындылап, өткеніне көз жіберіп отыратын адам үшін бұл да бір бақыт екен-ау» деп аяқталады. Он бес жастағы бала осылай жаза алса, бұл – оқиға ма, жоқ па? Үлкен үлгі ме, үлгі. Бозбала Ырымның қаламынан туған тыныстың, сөз өнерін қуған ырыстың басы еді бұл. Бұл айтылған бай, байсын өмірбаянның әрбір асыл кенін қазуға, өнегелі де өрелі өнербаянның елеулі қырлары мен ерекше сырларын жазуға – көп уақыт қана емес, көп қаламгерлік күш-қайрат, яғни мұның өзі – ең бастысы: ақ пейіл, әділ көзқарас, шынайы өлшем, адамдық мейір керек. Менің мұны айтып отырғаным – бізге бүгінгі таңда көбіне-көп жетіспейтін нәрселер осылар. Бұлар жетіспесе, ақты қараша деу, асқарды аласа «ету» оңай. Алайда оныңыз шындыққа кереғар, әділдікке қиянат болса, шынайы баға болмаса, ұят қана емес, ерге жала-күйе жағатын, елдің дамуын кері кетіретін әрекет болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде қаламгерлік – адамгершілік, азаматтық қана емес, тазалық, Адалдық. Біздіңше, Ырым Кененбай шығармашылығының алтын өзегі, қайраткерлігінің Темірқазығы – осы қасиет-құдіреттер. Мұның бала кезгі бастапқы аты – Арман болса, бүгінгі басты ныспысы, негізі – тағы да Арман. Ырымды бүгін де осы адалдық санаты, арман қанаты қолтығынан көтеріп, жебеп-демеп келеді. Ал енді оның басқа-басқа, қайраткерлікке ұласқан баспагерлік қызметін тілге тиек етпесек, қырықтан асқан, ел ағасы жасына жетіп, алпысты аттап, жетпіске қадам басқан – соңғы 30 жылдық жемісті-жеңісті өмірі жөнінде түк айтпаған боламыз. Ол осы өзіне оңтайлы салада қатардағы редакторлықтан директорлыққа дейін жетті. Атап айтқанда, 1979–1985 жылдары «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Мектеп» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. Ал арнайы үкімет қаулысымен «Ана тілі» баспасы ашылғанда оның ұйымдастырушыларының бірі (1985–1994 жылдар) болып қана қалмай, бас редактордың орынбасары, директордың бірінші орынбасары, директоры міндеттерін атқарды. Бұдан кейін ол Үкімет шешіміне сәйкес «Білім» баспасын құрып (1994–1995), оған басшылық жасады. Егемен еліміздегі тәуелсіздік заман талабы бұл салада да жаңа, ірі өзгерістер қажеттігін көрсетті. Соның бірі – 1995 жылы Алматы және Талдықорған облыстарындағы баспахана мекемелерін біріктірген «Алатау» мемлекеттік баспа-полиграфиялық корпорациясының құрылуы еді. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 қыркүйектегі №1470 қаулысымен ірі Акционерлік қоғамға айналды. Ырым Кененбай шаңырақ көтергелі басшылық етіп келе жатқан бұл корпорация қазіргі таңда да республикамыздағы қиын нарықтық экономикада жүгі аумай, алға үнемі нық қадам басып келе жатқан өндірістік-шығармашылдық кәсіпорындардың бірі. Мұның бәрі ұйымдастырушылық қабілеттен туған тіршілік ағыстары, қайраткерлік қасиетпен өмірде жүзеге асқан еңбек табыстары. Ырым Кененбай бойындағы ақ пейіл, бақ-мейір жеңістері. Ол төккен маңдай тер жемістері. Өздігінен ештеңе де болмайтынын ескерсек, Ырым Суанбайұлы мына өмірде не екті, қандай дән септі, соны орды. Жары Науатпен бірге жарқын өткізген өмір ұл-қыздарын ырысқа жеткізіп, жеке отбасын жарылқап қана қоймай, еліміздің қаламгерлік-шығармашылық, баспасөз-баспагерлік саласы нұр-іске толды. Жақсы ырым да – жарым ырыс болса, ол бастан кешкен өмірді өрлеткен, ол қалап-қалыптастырған өнерді өркендеткен негіз – тағы да амалсыз қайталауға тура келеді – туған жерден, дарыған елден – әке-шешеден берілген адамгершілік талант: ақ пейіл мен бақ-мейір, арман қанаты мен халқына қызмет етсем деген мақсат-мүдде санаты. Баяғыда өткен бабамыз Жүсіп Баласағұн: «Бойыңда жақсы қасиет болмаса, Бақ та, Бақыт та қонбайды» деп қандай тамаша айтқан. Мына бес күндік жарық дүниедегі шын дос, ғұмырлық құрдас Ырым бағы жанып, бабы шауып, сонау 1976 жылы-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталып, қаламынан «Лабасы етегінде» «Қайнар», 1971), «Қырда өскен қызғалдақтар», «Мектеп», 1977), «Інжу-маржандар» («Жалын», 1980), «Бір уыс дән» («Жалын», 1983), «Ер жүрегі» («Жалын», 1988), «Мәңгі жаз елі», (Рауан», 1989), «Таңдамалы шығармаларының» қос томдығы («Алатау», 2006 жыл), т.б. кітаптары жарық көріп, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын 3 рет жеңіп алып, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталып жатса, Бақытты болып келе жатса, оған ол әбден лайық. Бұдан жоғары сый, құрмет те әбден жарасады. Тәуелсіз туған елі – киесі, ақ пейіл мен бақ-мейірдің иесі Ырым Суанбайұлы бүгінгі күні де асыл армандардан ажырамаған. Жас ұрпақтан қатты үмітті. Ұлы еліміздің келешегі кемел екеніне кәміл сенеді. Қашандағысындай ерен еңбек ету үстінде. Қаламы – қолында. Бақыт жолында. Солай болса ол 1964 жылы 16 жасында қаламынан туған деректі де маздақ дүниелерінің бірінде жазғанындай жағдайдың қазір де оның басында бар екеніне, қаламдас, замандас достың қазір де Нар екеніне мен куәлік бере аламын. «Арман, арман... алға бұрдым бетімді, Нені қусам, сүйем соған жетуді. Терім сүртіп тұрып қалсам бір сәтке, Бүкіл дүние тоқтап қалар секілді. Ойды шалқыта тербеп, жүректі жұлқып-жұлқып өтетін осы бір Жұмекеннің шиыршық атып жатқан жолдары асқақ арман қуған албырт жастардың қайсысының болмасын көңілінде жылы орын тепкені сөзсіз. Тіпті олардың өмірбаянына этнограф бола алатындығына да таң қалмайсыз». (Таңдамалы шығармалар, 7-том, 208-бет). Дос, құрдас Ырым бауыр! Жұмекен Нәжімеденовтің осы бір жалын жыр жолдары бүгін де сенің өмірбаяның мен өнербаяныңның эпиграфы болса, мен таң қалмаймын. Тек Тәңірім халқымыз айтқан үш байлығынан айырмасын. Үш байлығың ортаймасын. Денсаулық сыр бермесе, жетпіс деген – жеті-ақ белес. Жарың Науатпен жас кездеріңдегідей қол ұстасып, мына Өмір өрлеріне қадам баса бер! Үш перзенттерің; үлкен қыз Шынар, ортаншы ұл Заңғар, кенже Рауан – үш тіректерің қосақтарымен қоса ағарыпғ немерелер қатарына немерелер ілестіріп, Жаңа Заман сындарынан сүрінбей, жаңа шыққан таулары бұрынғыдан да биік бола түссін. Менің мақалама жаңа шоң кітабың «Алпыстағы алмағаш» («Алматы-болашақ», 2015 ж.) кітабындағы түйін сөздермен нүкте қояйын: «Әр келер күн, әр атар таңдарыңыз қашанда арайлы болсын, ағайын!». Бақыт САРБАЛАҰЛЫ qazaquni.kz http://www.qazaquni.kz/2017/06/15/70894.html- Қалдарбек Найманбаев
- Жақыпжан Нұрғожаев
- 70 жас
- Ақселеу Сейдімбек
- Құрманғазы Мұстафин
- Асқанбай Ерғожаев
- Рәшит Рахымбеков
- Төлен Қаупынбаев
- Мағира Қожахметова
- Ырым Кенебай
- Эрнест Төреханов
- Оралхан Бөкеев
- Кәдірбек Сегізбаев
- Әбіш Кекілбаев
- т
- Серік Әбдірайымов
- Әшірбек Көпішев
- Аян Нысаналин
- Жұмагүл Солтиева