Мемлекеттік айыптаушы Тұңғышбай Жаманқұловты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
2017 ж. 23 мамыр
5559
17
Алматыда «Феникс» фильмін түсіру үшін бөлінген мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылған Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша жарыссөз басталды. Сотталушы Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің қылмыс жасағанын мойындамай, судьядан барлық айыптауларды алып тастауын сұрады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өмірімнің осы шағында мұндай жағдайға түсемін деп ойламаппын. Бар ойым тек жақсы фильм түсіру ғана болды. Мен ақша жұмсаумен мүлде айналыспадым. Мен продюсер болдым. Продюсер дегеніміз идеялық жағынан жұмылдырушы адам. Осы жерде отырған менің тобымда Юдинадан басқа ешкім мені ақша алды деген жоқ. Мен - ақпын. Оны сіздің алдыңызда, құдайдың алдында айта аламын», - деді Т.Жаманқұлов.
Айта кету керек, мемлекеттік айыптаушы істің бас сотталушысы Тұңғышбай Жаманқұловты 7 жылға бас бостандығынан айыруды және жазаны жеңілдететін мəселелерді, айыпталушының жасын ескере отырып, аталған мерзімді 2 есеге, яғни, 3 жыл 9 айға қысқартып, жазасын шартты түрде тағайындауды сұрады. Айта кетейік, тергеу анықтағандай, «Қазақфильм» АҚ «Феникс» фильмін түсіру үшін қаражатты «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС-не аударған. Қаржы қосалқы мердігерлік ұйымдар арқылы аталған компанияның құрылтайшысы әрі картинаның продюсері Т. Жаманқұловқа қолма-қол берілген. Қаржыны қолды қылуға «Қазақфильм» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Г. Ысқақова мен фильмнің атқарушы продюсері Н. Юдинаның да қатысы болғаны анықталды.
Өткен жылдың 2 қарашасында аталған ақшаны жымқырды деген күдікпен Т.Жаманқұлов ұсталған болатын.