МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ КІМНІҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙДЫ?
2017 ж. 16 мамыр
3781
18
Бір рет ұрланып барып ұмытылған, ондаған жылдардан соң қайта жаңғыртылып жатқан Міндетті медициналық сақтандыру қоры өткендегі атышулы мемлекеттік тіркеу науқаны сияқты басталмай тұрып тегіс жерде сүрінуі әбден мүмкін. Өйткені аталмыш шара басталған бір айдың ішінде небары 100 мыңнан астам адам ғана өз еркімен аталмыш қорға тіркелгені белгілі болды. Дәп осы көрсеткіш Мәжіліс депутаттарын алаңдатып отыр.
Бұқара екінші рет сенім білдірген бұл бағдарламаның толыққанды іске қосылуына небары 8 айдан аз уақыт қалса да қорға қатысар-қатыспасы анықталмаған әлі де 17 миллионнан астам адам бар екен. Бұл сандарды саралап көрген халық қалаулылары мемлекеттік маңызы бар жобаның болашағына бірден алаңдаушылық білдірді. Содан да болар Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздің бас дәрігері Елжан Біртановтың шараны ұйымдастырудағы кемшіліктерін көрсетіп, жайбасарлығын бетіне басты. Өткендегі Ішкі істер министрлігі ұсынып, жұртты жоқ жерден әуреге салған міндетті тіркеу науқанындағы адам өліміне жеткізген қырғын кезек енді ертеңгі күні емханаларда қайталануы мүмкін екендігін қатаң ескертті. Сондықтан қауырт қимылдап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жедел жүргізуді тапсырды. «Әлі тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар өте көп. Олардың ресми жұмыс орны мен тұрақты табыс көзі де жоқ. Бірақ оларға 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан қорға ай сайын 1400 теңге, немесе бір жылға 16000 теңге төлеуіне мүмкіндік бердік» – деп ақталды министр Біртанов.
Ашығын айту керек, министрлік орынтаққа жақында отырған Елжан Біртановтың алдында аз жұмыс тұрған жоқ. Жемқорлық жайлаған бұл салаға түбегейлі реформа қажет. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, жанайқайын жеткізген арыздар қарша бораса да қалалық, облыстық денсаулық басқармалары басшылары мен осының алдында болған министрлердің тас жүрегін жібіте алмағанын білеміз. Тек қана Елбасының құлағына жеткенде ғана нақты шара қолдана бастады. Егер Президент айтпағанда бұл саладағы жемқорлық әлі де әдеттегідей, үн-түнсіз жалғаса беретін еді. Президенттің өзі бұл мәселеге тереңірек үңіліп, Үкіметтің арнайы жалпы отырысында жаңа министрге медицина саласының жұмысын дұрыс жолға салуды қатаң тапсырғаны белгілі. Керек болса басшыларды орнынан қуып, тәртіп орнатыңдар деп нақты бұйрық берді. Сөйтіп Елбасының ескертуінен кейін денсаулық сақтау саласындағы сірескен сең сөгілгендей болған-ды. Бірақ одан бері де біраз уақыт өткенмен айтарлықтай нәтиже көре алмай отырмыз. Бар болғаны дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге тиісті фирманың басшыларын орнынан босатты. Олардың біреуіне де қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жоқ. Соған қарағанда бұл саладағы жемқорлықтың тамыры тереңде жатқанға ұқсайды.
Құқық қорғау орындары болса Елбасының өзі нұқып тұрып көрсеткен монополист болып алған «СК-Фармация» кәсіпорнының жасаған былықтарының осы күнге дейін шетіне жете алмай жатыр. Мысалы, 2015-ші жылы Украинадан 102, Ресейден 134 мың теңгеден алуға болатын онсыз да қымбат дәріні 444 мың теңгеге сатып алған. Препараттың ел ішіндегі сол кезде құны небары 293 мың болған. Осылайша «СК-Фармацияның» бұрынғы басшылығы 3 мың дана дәріге 1 миллиард теңгеден аса бюджет ақшасын артық жұмсаған. Жалпы, жемқорлыққа қарсы күресетін ұлттық бюро компанияның қымбат 22 дәрі түрі бойынша мемлекетке 3 миллиард 400 миллион теңге шығын келтіргенін анықтапты. Бұл толық деректер емес, былықтың бір ұшы ғана. Тексерулер әлі де жүріп жатыр. Көптеген жылдар орын алып келген осыншама бассыздықты бұрын дер кезінде неге ешкім көрмеген? Оған жол берген кім? Енді оларға қандай жаза қолданылады? Әлде олар да Василий Ни сияқты бұрын істі болмағандықтан, кіналарын мойындағаны үшін «судан таза, сүттен ақ» болып шыға келе ме? Біздегі судьялардың «кеңпейілдігіне» салсақ дәп солай болуы да ғажап емес. Бұлай кете берсек ертең кісі өлтіріп, өздерін Құдайдан кем санамайтын судьялардан кешірім сұрап бостандықта жүре беруге де болатын сияқты. Ал, кешірім сұрамасаң, шендіні абайсызда иығыңмен сүйкеп өтсең де миллиондап айып төлеп, бетіне түкірсең түрмеден бір-ақ шығуға болады. Біздегі ұсынылған заң жобаларының сиқы осындай, қабылданған ережелердің солқылдақтығы мен шикілігі осыдан-ақ көрініп тұр ғой. Сондықтан да арды аттаған судьяларымыз жазықсызды –қылмыскер, қылмыскерді – ақ қанатты періште етіп, заңды өз қалауынша бұрмалауда. Әрине, тегін емес...
Жаңадан тағайындалған министр қолын қусырып қарап отыр деуге болмас. Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бүкіл дәрілердің бағасын реттеу үшін фармацевтика қоғамдастығының өкілдерімен бірге барлық дәрілік заттардың шекті бағасын қалыптастыру әдістемесін талқылау жұмысын жүргізуде. Науқастарға қымбат дәрілерді жөн-жосықсыз тықпалауды тоқтатамыз деген министр біраз шараларды іске асырмақшы. Бұл жерде сала бойынша орын алған барлық кемшіліктер мен тұрғындардың талап-тілегі түгелдей ескерілуі керек. Мысалы, осыған керісінше есепте тұрған науқастарға тегін берілетін қымбат дәрінің орнына арзан, әсері әлсіз дәріні ұсынатын дәрігерлерге қандай шара қолданбақ? Дәрі-дәрмекке қатысты тендер уақытында өткізіле ме? Ақылы ота жасау мәселесі қалай шешіледі? Сол хирургтер халықтың ақшасына оқып білім алып, шетелде біліктіліктерін мемлекет қаржысы арқылы көтере тұра өз халқынан қызметі үшін ақша алғаны қалай? Оларды сол үшін қаржы жұмсап оқыттық па? Әрі-беріден соң олар тұрақты түрде айлық жалақы алып отыр емес пе? Медициналық сақтандыру қоры іске қосылғанда осы секілді төлемдер тоқтатыла ма? Әйтпесе қорға бір, дәрігерге екі ақша төлейтіндей біздің тұрғындарымыз шетінен шіріген бай емес қой. Бұл сияқты біздің медицинадағы «сырқаттарды» әлі де шексіз тізіп беруге болады. Бастысы, түрлі тәсілдермен жасалатын жемқорлықтың жолын толықтай жабу аса маңызды. Сол үшін де медициналық сақтандыру қоры құрылып отыр. Медицина саласына қосымша қаржы түссе, дәрігерлердің жалақысы өсіп, олардың қызметінің сапасы артады деген үміт бар. Қорға қаржы құйған адам тегін, сапалы медициналық қызмет көруі керек. Жоба бойынша осылай болуға тиісті. Ал, іс жүзінде қалай болмақ? Бұл жағы белгісіз. Әсіресе медициналық сақтандыру қорының бүгінгі алғашқы қадамына қарасақ оған деген күдік көп.
Халық арасында түсіндіру жұмыстары ақсап тұрғанмен, әлі қор деген аты ғана бар да заты жоқ мекемеге соқыр тиын түспесе де, болашақ медициналық сақтандыру қорының келешек қызметкерлері өздеріне қомақты жалақыларын бекітіп үлгеріпті. «2019 жылға дейін қордың 918 қызметкері болады. Оның 168-і орталық аппаратта, қалғаны өңірлік филиалдарда қызмет етеді. 2018 жылға қарастырылған орташа жалақы 410 мың теңге», – деді бұл жайында Міндетті медициналық сақтандыру қорының төрайымы Елена Бахмутова. «Қаржы саласының ханшайымы» деуге тұрарлық тәжірибелі де білікті, елімізге жақсы танымал маман Бахмутова ханым босқа айтпайтынын білеміз. Бірақ бұл жолғысы атып алынбаған аюдың терісін бөліске салғандай көрініс болып шыққанын өзі де аңғармай қалған секілді. Мықты қаржыгер, білікті экономиист болса да төрайымның медицина саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны көрініп тұр. Сала жұмысын жөндеймін деген адам алдымен аппаратшылардың емес, дәрігерлердің қамын қарастыратын еді.
Бүгін жұрт «қор» деген сөзден өлердей қорқады. Енді ше, мамандары ерекше еңбек сіңірмесе де жатып алып миллиондап бонус алатын – «Самұрық-Қазына», ақшасы тоналатын – «Бәйшешек» пен БЖЗҚ көпшіліктің көңілін қалдырып болды. Енді міне дәрігерлердің жалақысын көтерудің орнына, басталмай жатып өздеріне 400 мың теңгеден аса айлық тағайындап алған медициналық сақтандыру қоры шықты алдымыздан. Қор қызметкерлері асып кеткенде қарапайым бухгалтердің міндетін ғана атқарады емес пе? Қорға түскен қаржыны аймақтарға, емдеу мекемелеріне бөліп беру науқас адамды емдегеннен қиын болып па? Бір мекемеде мыңға жуық адам не бітіреді? Солардың әрбіріне кем дегенде 400 мың теңге айлық төлеу санаға сиымсыз. Айына небары 50-70 мың теңге алатын дәрігерлерге не бетімен қарайды екен қор қазанының қақпағын қолына алған бүгінгі іскерлер. Әлде Бахмутова бастаған қордағы қызметкерлер адамдарды өздері емдемек пе? Сонда бұл қор тек қана осы медициналық сақтандыру қоры аппараты қызметкерлерінің мүддесін қорғау үшін құрылғаны ма? Бүгінгі бет алысына қарасақ соған ұқсайды. Ал, мұндай біржақты ұйымдастыру шараларының соңы қайда апарып соғарын айтпай-ақ қойсақ та болады, оны тәжірибеден талай рет көрген болатынбыз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz