«Оралман» фильмі Азияның үздік фильмі атанды (ФОТО)
2017 ж. 28 сәуір
3400
1
Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені - "Азияның үздік фильмі" жүлдесін жеңіп алды.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы "Қазақфильмге" сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген аталмыш фильм осы фестивальдің «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден келіп түскен 15 толықметражды картинамен бақ сынады.
Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
Фаджр халықаралық фестивалінің негізі 1982 жылы Иранның мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал және әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаң есептеледі.
Айта кететін жайт, Фаджр кинофестивалінің негізгі байқауында әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясының фильмдері қатысқан болатын, мысалы: Серік Апрымовтың «Соңғы аялдама», Ардақ Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» (Арнайы жүлде, 2010 ж.), Дәрежан Өмірбаевтың «Студент», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек Мың Бала» (жүлде, 2013 ж.), Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» (Арнайы жүлде, 2014 ж.), Ермек Тұрсыновтың «Шал» (техникалық және көркемдік жағынан үздік көріністері үшін арнайы жүлде, 2014 ж.) фильмдері қатысқан болатын. Өткен жылы «Фаджр» кинофестивалінде Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақ тал» фильмі «Азияның үздік фильмі» жүлдесін алды.