ҮКІМЕТ ПЕРУАШЕВТІҢ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАУ КЕРЕК
2017 ж. 20 сәуір
2499
7
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің ауылдан келген жастарға қолжетімді жатақхана салу туралы депутаттық сауалы қоғамда қызу талқыланды. Әлеуметтік желідегі азаматтардың басым бөлігі депутаттың ортақ әжетхана мен жуынатын бөлмесі бар жатақхана жайлы айтқан бастамасын сынға алып жатыр. Алайда кейбір азаматтар мұндай жатақханалардың қажеттігін, сондықтан да депутатты айыптамай, керісінше оны қолдау керек деген пікірде.
Бүгінде ауылдан қалаға ағылған халықтың саны күн өткен сайын артып бара жатыр. Себебі ауылды жерде жұмыс болмағандықтан, жұрттың бәрі Астана мен Алматы сынды ірі қалаларға көшкенді қош көруде. Ал депутат мұндай көштің алдағы уақытта артпаса азаймайтынын алға тартып отыр. Мәселен, уақытша тіркеудің алғашқы үш айының өзінде тіркелген орны бойынша тұрмайтын 690 мың азамат анықталған. Демографтардың айтуынша, болашақта ауылдан қалаға қоныс аударушылардың саны 2,5 млн артық адамды құрайды. Міне, сол кезде ірі қалаларда үлкен мәселе туындауы әбден мүмкін. Азат Тұрлыбекұлының айтуынша, осындай күрделі мәселенің шешудің бірден-бір жолы қолжетімді жатақхана болмақ.
– Иә, менің пәтерді мысалға келтіргенім рас, мұндағы мақсатым – баспананың пайдалы және жалпы аумағы арасындағы ара-қатынасты анық көрсету: ас үй мен санитарлық торап жалпы аумаққа кірмейтін жатақханада баспананың құны 40 пайызға арзанға түседі. Сондықтан жеке пәтердің ипотекасын қалтасы көтермейтіндер үшін жатақхана салу керек. Бұл жерде менің сыншыларым шу көтерген «ескі-құсқы» жатақхана туралы айтып жатқаным жоқ. Біз заманауи стандарттар бойынша абаттандырылған жатақханаларды салуды ұсынып отырмыз. Мұндай жатақханалар көптеген дамыған елдерде бар, олар әдетте, жұмыссыздар немесе қоныс аударғандарға арналған. Және бұл үлгіде тек жатақханалар ғана емес, мысалға, еуропалық нормалар бойынша – бір жұлдызды қонақ үйдің әжетханасы мен ас үйі – бір қабатқа ортақ. Олардың бағасы арзан болғандықтан, үлкен сұранысқа ие, – дейді депутат.
Шыны керек, елімізде 40-60 мың теңгеге жұмыс істеп, жалақысының жартысын жатын орын үшін беріп жатқан азаматтар мыңдап саналады. Тап осы жастардың ипотека алып, баспана мәселесін шешуге қаржылық қауқары жетпей отыр. Оның үстіне олар мүмкіндігі шектеулі немесе көп балалы отбасы болмаса, әкімдіктен кезек бойынша әлеуметтік тұрғын үй ала алмайды. Соның салдарынан жастар санитарлық талаптарға сай емес пәтерде тұрып, әртүрлі ауруға шалдығып жатыр.
– «Нұрлы жер» бағдарламасына 1,5 трлн теңге бөлінді, ал бұл тек қала тұрғындары мен ипотекаға көзделген. Ал сонда мына жастар ешкімге керек болмай қалды ғой? Мен мұнымен келіспеймін. Базар мен құрылыс маңындағы жеке секторды аралап көріңізші, мұнда антисанитариялық жағдайда егеуқұйрықтармен бірге, әжетханасы далада, суық суы ғана бар әр бөлмеде 6-10 баладан тұрып жатыр! Біз олармен кездестік, әңгімелестік. Олар анағұрлым жақсы жағдайда тұруға әрине, қуанышты болар еді, жатақханадағы жеке бөлме – олар үшін қол жетпес арман! Өкінішке қарай, бұл бүгінгі күннің шын бейнесі, – дейді депутат.
Нарықтағы пәтерлердің бір шаршы метрі 180-250 мың теңгеге дейін қымбат. Ал депутат кейбір құрылыс компаниялары Астанадан бір шаршы метрі 100-120 мың теңге болатын жатақхана салуға дайын екенін айтады. Бұл деген сөз жатақханалардың құрылысы баспананың құнын кем дегенде 40 пайызға төмен болатынын білдіреді. Егер осы бастама жүзеге асатын болса, жеке пәтерлердің құны міндетті түрде арзандай бастайды. Өйткені қарапайым халық анағұрлым арзан сегментке көшіп, ақырын-ақырын бүкіл пәтерлердің құны өзгеруі мүмкін.
Шындығында, Азат Перуашевтің айтып отырған ұсынысында мін жоқ. Ендеше, әлеуметтік желідегі жұрт неге «бүйректен сирақ шығарып» жүр? Кей кездері әлеуметтік желідегі азаматтар мәселенің байыбына бармай, байбалам салып жатады. Дегенмен ауыл жастарының мәселесіне алаңдаған мәжілісменнің бастамасы қолдауға лайық. Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутаттың бастамасына оң қабақ таныта ма? Егер Премьер-министр арзан жатақхана салуды қолдаса, бірнеше қауіп-қатердің алдын алар еді. Біріншіден, ауылдан қалаға келген жастар қиналған кезде ұсақ қылмыс жасаудан тартынар еді. Бұл өзіне де, өзгеге де жақсы болса керек. Өйткені түрмеге түсіп, денсаулығына қатер төндірмейді. Екіншіден, үй-күйсіз жүрген азаматтың кез келген наразылық шараларына қатысып кетуі әбден мүмкін. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «бізге революциялық емес, эволюциялық жолды таңдауымыз керек» деп бір емес, бірнеше айтты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қолжетімді жатақхана дағдарыс құрсауында қиналған жастарға жәрдем болар еді.
Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,
Дереккөз: Астана ақшамы