Мақпал Жүнісова: Димаш Қытай сахнасында қазақтың әнін айтқанда көзіме жас алдым
2017 ж. 13 сәуір
4364
11
Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова Қытайда өнер көрсетіп жатқан Димаш туралы пікірін білдірді.
Әнші бұл туралы „Жұлдыздар отбасы„ журналына берген сұқбатында мәлім етті.
«Ешбір қазақ әншісі бұған дейін миллиондарды өзіне қарата алмағанын мойындау керек. Оған ешкім кінәлі емес. Бәріміз шетелге барсақ, сондағы қазақтың диаспорасы үшін ғана концерт қоямыз. Бұл тұрғыда Димаштың орны бөлек. Ол Қытайдың сахнасында қазақтың әнін айтқан кезде көзіме жас алдым. Шетел тыңдармандары Димаштың арқасында қазақтың сұлу да сазды әуендерін естісе екен деп тілеймін», — дейді.
Мақпал апайымыздың бұл сөзінен ұққанымыз, ол қазақ әншілерінің жалқаулығын сынға алып тұрған секілді.
Ал Димаш үнемі ізденіс үстінде, ол барға қанағат деп тоқтап қалмады, деңгейін жетілдіру үшін әлі шетел кезіп жүр. Сондықтан Мақпал апайымыз айтқандай, оның орны бөлек.
Кезек-кезек атаққа ие болып жатса да оған малданып жатқан Димаш жоқ. Керісінше, таяуда „Азиядағы ең үздік әнші„ атағын алып тұрып ол: „Бұл басы ғана„ деп Бейжіңде көпке жария салды.
Шоу бизнесті той бизнес деп түсінетін қазақ әншілеріне ол нарықтық кезеңдегі өнер танымалдылығының даңғыл жолын көрсетіп, жол бастап жатқан секілді. Иә, осынысымен де Димаш ерекше.
Қазақтың тілін, қазақтың болмысын, рухани мұрасын, салт-дәстүрін шетелде білдіртпей насихаттау қолынан келген Димаш сахна мәдениетінде тектіліктің үлкен рөл атқаратынын паш етті. Болмысын арзан күлкімен, келте оймен жарнамалайтын эстрада әншілері осы арада ойланса дейміз.