Сапарбаев 16 жасында бала туып, қытайлықтарға күйеуге шығатын қыздарға ашуланды
2017 ж. 08 сәуір
7154
14
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы іскер әйелдермен кездесті деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Соңғы кезде қолданылып жатқан шараларға қарамастан, баласына екпе салудан бас тартатындар азаймай отыр. «Бұл жерде дәрігерлердің кінәсі де көп» дей келе, теріс ағымда жүрген қыз-келіншектермен жиірек жүздесіп, қарапайым тілмен сөйлесуді ұсынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жастардың жұмыссыздығының негізгі себебі – баланың мамандықты дұрыс таңдамауынан. Мамандықты ата-ана таңдайды, баланың қалауы ескерілмейді. Жүрегі, жаны қаламағандықтан, баланың көңілі жұмысқа тартпайды.
«Неге біздің қыздарымыз қытайға шығады, неге біздің балаларымыз 14-16 жасында бала туады? Егер баланың әке-шешесі түнгі сағат 12-де қызының қайда жүргенін білмесе, әрине арты солай болады. Ол қызды ешкім қолынан сүйреп, қытайға күйеуге беріп жатқан жоқ қой. Екіқабат болған ана қыз сосын барып асылады. Былтырғы жылдың өзінде облыста 14-16 жас арасындағы 173 қыз бала жүкті болып қалған. Екі қыз бірінің шашын бірі жұлып төбелескенде, қасындағы жігіттер суретке түсіріп, интернетке салып жатады. Ана қыздарға қой деудің орнына ыржалаңдап мәз болады. Масқара емес пе?», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әр ауылда, әр аудан орталығында құрылатын әйелдер клубы тұрмысы нашар, тәрбиеден ақсап жатқан отбасыларды жөнге салумен айналыспақшы.