"Қазақ хандығы" - "Көшпенділерден" көш ілгері көркем фильм
2017 ж. 27 наурыз
6021
11
"Қазақ хандығын" көріп біткендей болдық. Біраз тер төгілгені көрініп тұр. Жекелеген кемшіліктері көп болғанмен, жалпы елді тарих тереңіне тартуымен, сол бір Қазақ Елінің тағдыры шешілген, тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңді көз алдыңа әкелуімен құнды деп ойлаймын.
Соғыс көріністерін тәуір шығарған. Керей ханның кескін-келбеті ұнады. Тек оның әйелі "жас тоқал әперемін, ұлымыз жалғыз" -дегенде, хан емес, обком хатшысы сияқты "отказ" беруі - сендірмейді. Шамасы кино басшыларының бірінің төбесінен қарайтын "редакторы" әйелі болса керек...
Иә, көптеген кемшіліктері бар. Солардың бірі - киіз үйдің іргесіне қабір қазу болса, бірі Аққозының өзіне ене болып табылатын Қайдардың шешесіне "сен" деп сөйлеуі, т.б, көп.
Асан Қайғының жаңа туылған сәбиге бата бергенде бүгінде күнде тойда есітетін "еліне елеулі, халқына қалаулы" деп тостың сөзін айтуы абыз Асан қайғының емес, Асан-Үсендердің аузынан шығатын сөз. Сөз демекші, Қобыланды батырдың, Тіленшінің, Шахан бикенің сөздерінде далалық бояу жоқ, қалалық дикция білініп тұр...
Қобыланды батырдың тұлғасына дау жоқ... Тек оның ел бетін көрмей қашып жүрген қарақшы, Шайбаншахтың байлаулы төбеті ретінде көрсетуі және мұны ханның өзі Қобыландының бетіне айтуы көңілге қонбады, Қазақтың қара қойы жойылып кеткендей, кеңес үкіметі кезінде ғана будан арқылы дүниеге келген меринос қойлардың жайылып жүргені де кешірімсіз кемшілік.
Ең ыңғайсыздық тудыратыны - Қасымның далада кйіз үйдің қасында кермеде кітап (құран) оқып отыратын жері бар. Кітаптың ашылған бетін бірнеше рет көрсетеді - түрлі-түсті кітап!?. Қонысбектің "ҚазАқпарат" баспаханасынан кеше ғана шыққандай.... бояуы айқын. Сіздерді қайдам, мен өзімді қанша қинасам да, 1465 жылдары сондай түрлі-түсті кітап болды деп ойлай алмаймын... Сонда, бұл кино экранға шығар алдында талай сарапшылардың алдынан өтті, солардың біреуі де байқамаған ба, түрлі-түсті кітапты...
Дегенмен, "Қазақ хандығы" - "Көшпенділерге" қарағанда көш ілгері көркем фильм.
Қазыбек ИСА