Елбасымыздың елді демократиялық жаңаруға бастауын, ұлттық жаңғыруға бастаған ұлттық ұран деп қабылдайық!
Елбасымыздың өкілеттіктерінің біразын Парламент пен Үкіметке беруіне байланысты демократиялық бағыттағы Конституциялық реформа жасау мәлімдемесі елдің ұлттық санасын қалың ұйқыдан оятып жіберді десе де болады. Партиялар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, қоғам қайраткерлері бұл ел тағдырындағы ең өзекті мәселеге жаппай үн қосуда.
Өткенде 30 қаңтарда алғашқылардың қатарында біз де өз пікірімізді білдірдік.
«Еліміздегі өзгерістер тек аталмыш өкілеттіктермен ғана шектеліп қалмауы керек. Негізгі заңымыздағы бұл өзгерістер еліміздегі келешек кешенді өзгерістерді тудырады деп сенеміз. Қазір қоғам барлық салада өзгерістерді күтуде. Өйткені өкілеттіктерді бөлісу барлық салада реформаларға жетелеп, қарапайым халық өмірін жақсартуға бастайды. Президент ұсынып отырған Конституциялық өзгерістер – ел дамуының жаңа дәуірінің бастауы болуы керек. Билік қоғамның талабын ескеріп, жаңарып жатқан дүниемен бірге жаңа қадам жасады. Енді ол қадамның оңды болуына біз де, халық болып табанды талаптарымызбен өз үлесімізді қосуымыз керек емес пе? «Демократия кемшіліксіз емес, бірақ адамзат одан артық ешнәрсе ойлап тапқан жоқ»- демеп пе еді әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилль» -деп жазған едік. («Дүбірлі түзетулерді түбірлі өзгерістерге жалғастыруымыз керек»)
http://www.qazaquni.kz/2017/01/30/64116.html Сонда Конституциялық өзгерістер арқасында Парламент сайлауында жеңген партия үкіметті жасақтайтын болса, ол үшін алдымен іргетас, негіз қалау керек – әділ сайлауды қамтамасыз ететін заң да қабылдануы тиіс дегенбіз.
Ата Заңды өзгертпей, ТІЛДІ үйрену – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ...
15 ақпанда «Ақ жол» партиясы конституциялық реформаға байланысты өз ұсыныстарын Президент Әкімшілігі жанындағы комиссияға жолдады. Ұсынылған түзетулер партия Президиумы мүшелерінің, оның парламенттік фракциясы мен облыстық филиалдары отырысының барысында талқыланды. Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша комиссия талқылауына жіберілетін қорытынды пакетте «Ақ жол» партиясының 18 нақты ұсынысы беріліп отыр. Онымен
http://www.qazaquni.kz/2017/02/15/64769.html сілтемесі арқылы танысуға болады.
Жалпы, жақсы, нақты ұсыныстар жасалған. Әсіресе, қоғамда терең талқыға түскен 26-бапта инвестиция пайдасына өзгерістер енгізуді қолдай отырып, алайда Президенттің жер туралы Кодексіне заңнамалық өзгерістерді енгізуге мораторий жарияланғанына байланысты 3-ші тармақшасына:
«Осы бап жер қатынастарына қатысты қолданылмайды. Жерге қатысты жеке меншік мәселелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармақшасымен реттеледі» дегенді енгізу ұсынылып отыр.
Парламенттік өкілеттікті кеңейту мәселесін ең алғаш көтерген саяси партия ретінде «Ақ жол» бұл демократиялық жаңару тетіктерін де, парламенттік тергеу мәселесін де, әлеуметтік-экономикалық салада, кәсіпкерлік, бұқаралық ақпарат құралдары қызметін заңмен қорғау, сыбайлас жемқорлыққа байланысты да нақты ұсыныстар жасаған.
Әсіресе, мемлекеттік құрылыстың негіздерін бекітетін 91-бапты Азат Перуашев келесі тармақшамен толықтыру қажет деп санайды:
«Тәуелсіздіктен, Республиканың біртұтастығынан немесе аумақтық тұтастығынан бас тартуға жария түрде шақыру заңмен қудаланады».
Сонымен қатар елдің талай жылдан зарығып күтіп келе жатқан тағы бір аса маңызды мәселесі – мемлекеттік тіл мәртебесін анықтайтын Конституцияның 7-бабы да көрініс тапты. «Ақ жол» партиясы Конституцияның 7-бабына:
«Әркім мемлекеттік тілдік саясатты, Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын құрметтеуге міндетті» деген тармақ енгізуді ұсынады. Иә, түйткілі көп тіл мәселесінде бұл құптарлық ұсыныс.
Тәуелсіздік негіздері - Жер мен Тілді бөліп қарауға болмайды. Елдің көбі қазір 26-бапты талқылап кетіп, кезінде талай қоғамдық қозғалысқа арқау болған 7-бапқа жеткілікті назар аударылмай жатыр...
Сондықтан, кеңестік кезеңнен бері отыз жылға жуық теперіш көріп келе жатқан Мемлекеттік тіл мәртебесін Конституцияда айқын, жеке дара мемлекеттік статуспен шешіп алмасақ, болашақ ұрпақ алдында арымыз таза болмайды. Себебі, орнағанына 25 жылдан асып бара жатқан Тәуелсіздігімізде мұндай Конституцияны демократиялық даму аясында талқылау – тек біздің ұрпақтың маңдайына бұйырып отыр!
Мен «Ақ жол» партиясы талқылауында денсаулығыма байланысты бола алмай қалғаныма қатты өкініш білдіре отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын Конституцияның
7-бабынан 2-тармағын алып тастауды ұсынамын. Себебі Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңы болатын... Әрі осы заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деген бапты қабылдау кезінде халықтың пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылы Конституция қабылдарда Қазақстан Республикасы осы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптары шеңберінен шыға алмай, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»- деген 7-баптың 2-тармағын қабылдап, орыс тілін тіпті, күшейтіп жіберді деуге болады... Кейін де, 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы кезіндегі талаппен кетті..
Ал қазір Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқанда, қазақтардың саны кемінде 70 пайыздан асып кеткендіктен, бұл орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр.
Бұл өзгерісті ұсыну Тәуелсіздігіміздің 26 жылында, Азаттық үшін күрескен Алаш қозғалысына 100 жыл толып отырған кезеңде, Елбасымыз демократиялық жаңаруды бастағанда, демократиялық партия "Ақ жол" үшін абырой болар еді.
Өйткені, 2012 жылы ақжолдықтар жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкіметіміз өткізбей тастады. Бұл туралы кезінде баспасөзде сын мақала жазылды да. Ал 2011 жылғы мемлекеттік тілді қолдау туралы қоғамда резонанс тудырған, Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен әйгілі 138-дің хатына «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтан бастап, партияның Орталық Кеңесінің 23 мүшесі қол қойып, осы Үндеуді қолдаған Президиум Мәлімдемесін жасаған жалғыз партиямыз. Біздің партияның саяси бағдарламасында Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Қазақстан Конституциясы және ел тарихынан сынақ тапсыру талабы бар.
Елбасымыздың өзі де биылғы Жолдауында
"Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді."-деп мәлімдеді
. ҚР Президенті Жолдауындағы бұл сөздерді қарапайым, өмірлік қалыпқа түсірсек, «Қазақ тілінің басымдығы сақталады, дамуына зор көңіл бөлінеді»-дегеніміз, ең біріншіден, Конституциядан мемлекеттік тілдің дамуына басты кедергі болып отырған орыс тілі туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастау! Одан соң екіншіден, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау! Әйтпесе, 25 жыл Тәуелсіз мемлекетте мемлекеттік тілдің қалай дамығанын көрдік қой, ауыр халде екенін ешкім жасыра алмайды... Тек өзімізді өзіміз алдап, бір-бірімізді жұбатып қойып, «Күтумен өткен ғұмыр» болып, күн кешіп келе жатырмыз...
Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бадырайып жазылып тұрса да, екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек.
«15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» – деп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің ащы шындықты жайып салғанынан кейін де он жыл өтті?!.
Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен бұндай заман талабын енді бүгінде билікке қатысы бар дейтін белгілі БАҚ-тардың өзі де қолдауға көшуде.
Ал, 2011 жылы Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды көтерген «138-дің хаты» кезінде «Қазақ үні» газетінде бұл Үндеуді қолдағандардың саны қысқа мерзімнің өзінде 30 мыңға жуықтаған еді…
Бірақ, сол кезде билік Конституцияны өзгертуге болмайтынын айтып, халықтың талабына келіспей қойған болатын.
Енді, бүгін Елбасымыздың өзі Конституцияға реформа жасауға шақырып, демократиялық жаңаруды бастағанда, зиялы қауымның үнсіз қалуы - болашақтың алдында кешірілмейтін қылмыс деуге болады.
Медициналық тілмен айтқанда, ауруды емдеу үшін диагнозды дәл қоюымыз керек. Біз жүрегі ауыратын адамға тұмаудың диагнозын қойып, солай емдеп келеміз.
Физикалық тілмен айтқанда, біз газды басқанмен, тежегішті жібермей келеміз.
Сол тежегіш - Конституцияның 7- бабынан орыс тілі туралы 2-ші тармағын алып тастауды ұсынамыз.
СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ ЕШҚАШАН МҮМКІН ЕМЕС БОЛСА - АТА ЗАҢНАН 7- БАПТЫҢ 2-ТАРМАҒЫН АЛЫП ТАСТАМАЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ ДЕ ДӘЛ СОЛАЙ МҮМКІН ЕМЕС!
Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін өзге ұлт өкілдері де түсінуде
2011 жылы Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды көтерген 138-дің хатын - заңды талапты орыстілді өзге ұлттар да қолдады. Сын сағаттарда парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері мемлекеттік тілді қолдап шықты. «Қазақ тіліне қарсылық – қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс! Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова 2011 жылы Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты…
Ал өскемендік белгілі ақын, «Золотое перо России» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Борис Петрович Аникин : «Я член союза писателей России. Автор нескольких поэтических сборников. Я упорно изучаю казахский язык. Считаю, что каждый человек, который проживает в Казахстане, должен знать государственный язык, чтить культуру и обычаи этой великой нации. Сам Лев Толстой и Достоевский, приклонялись перед тюрками. Анна Ахматова потомок последнего хана Золотой Орды Ахмата. Казахи великий и воинственный народ. Призываю всех изучать казахский язык!!!»-деп жазады.
http://www.qazaquni.kz/?p=27285
Елдің басым пікірі мемлекеттік тілдің заңға сәйкес Конституциялық төріне шығуын қолдайтынын сол кезде қазақ тілінің дамуын қолдаушы бізге («138-дің хатын» қолдаушыларға) қарсы шыққан Гүлжан Ерғалиеваның орыс тілді Guljan.org сайтының сауалнамасы да жасыра алмады. “Как вы относитесь к инициативе исключения статуса русского языка как второго официального языка в Казахстане?” деген сауалға қатысушы бір күндегі 600-ге жуық адамның 497-сі, яғни, 90 пайыздайы “қолдаймын” деп жауап берген. Орыс тілді сайттың оқырмандары да орыстілді екенін ескерсек, бұл қоғамдағы зор нәтиже! Шамасы, сайт иелері сауалнаманы басқаша, керісінше нәтиже күтіп жарияласа керек...
Өкінішке орай, мемлекеттік тілді қолдауға қарсы шыққандар өзгелер емес, тағы да өзіміздің қазақ зиялылары мен саясаткерлері болды. Олардың кімдер екенін мен сол 138-дің хаты жазылған кезде «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы 5 мыңдай адам жиналған, әлемге әйгілі қаламгер-қайраткер Мұхтар Шаханов ағамыз басқарған тіл туралы дәстүрлі митингіде де айттым. Бұл сөзім көптеген басылымдарда жарияланды. “АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ…” атты аталмыш мақаламда да бар.
http://www.qazaquni.kz/?p=8911 Ал, 2004 жылы «Қазақ үні» газетіне қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттардың есімін жариялағанымызда да, олардың 80 пайыздайы қазақтар болатын.
http://www.qazaquni.kz/21922.html
Яғни, өзге ұлт өкілдері де Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін сезініп, ынтымақтастық көрсетіп отыр. Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін өзге ұлт өкілдері де түсінуде.
Тек өзіміздің қазақ тілін білмейтін қазақтар ғана қарсылық танытуы мүмкін... егер қазақтың қарғысынан әлі қорықпаса... Сондықтан, бұл жерде ұлтаралық қатынасқа сызат түседі деп босқа сезіктену негізсіз деп білемін.
Мемлекеттік тіл мәртебесін халық саны да қамтамасыз етеді
«Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында байқалды.
1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді, немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кеміген.»-дейді
https://kk.wikipedia.org/wiki ашық энциклопедиясы.
Яғни, 1989 жылдан 1999 жылғы дейін он жылда халық санағында
қазақтар 22,9 пайызға көбейіп, 53,4 пайыз болса, орыстар 26,1 пайызға кеміген. Ал 2009 жылы қазақтар ресми дерек бойынша 63,1 пайызға жетті.
«2009 жылдан бері де он жылға жуықтап қалды. Шеттен келген оралмандар мен жергілікті демографияның өсімін және үлестік басымдылықты есепке алар болсақ, қазір Қазақстандағы халықтың 75%-і қазақтар деп еркін түрде топшылауға болады.
Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген. Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрап, бірақ орысша сөйлеп, іс қағаздарын орысша толтырсақ, ел ішінен ши шығып кетуі мүмкін».-деп жазады елге белгілі «Қамшы» порталы.
2013 жылы өткізілген
халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей:
қазақтар - 65,2%,
орыстар - 21,8%,
өзбектер - 3%,
украиндар - 1,8%,
ұйғырлар - 1,4%,
татарлар - 1,2% ,
немістер - 1,1%,
корейлер - 0,6%,
түріктер - 0,6%
[2].
Бұндағы 2013 жылғы қазақтардың саны күмәнді.
Себебі, 2009 жылы халық санағында үкімет қазақтарды 65 пайыздан астам деп ресми жариялап алды да, кейін 63,1 пайызға кемітті. Содан сол кездегі Статистика комитеті төрайымы қылмыстық жауапқа тартылып, елден қашып, ақыры сотталып тынды...
Ал 2017 жылғы халық санағы әлі жоқ. Әр онжылдық санақта еліміздегі халық санына шаққанда, кемінде 10 пайызға өсіп отырғанымызды ескерсек, (1989 жылы мен 1999 жылы арасындағы он жылда қазақтар 13,7 пайызға өсті) қазақтың бүгінгі саны шамамен 75 пайыздай деген елдің болжамы тура келетін сияқты. Себебі, атамекенге көшіп келуші қандастарымыз да мол, керісінше тарихи отандарына көшіп кетуші орыс ұлты өкілдері де көп. Ал «Сайлаудағы саясаткер мен статистикаға сенуге болмайды» деген қанатты сөз тағы бар. Сонда, қазақ халқы 75 пайыз деп алатын болсақ, 2013 жылғы орыстан өзге ұлттардың сандық пайызы (9,7) осы қалыпта қалған күннің өзінде, (түркітілдес диаспораларының өсімі жоғары, олардың көбісі мемлекеттік тілді жақсы біледі), басқа халықтар (саны 1 пайыздан төмен диаспоралар) 2013 жылғы санақ бойынша 4,4 пайыз болса, онда орыс ұлтының өкілдері 10 пайызға жуық төмендейді деп санауға болатын шығар....
Ендеше, 10-20 пайыз ғана, кезінде өзіміз отары болған ұлт диаспорасына өзге ұлт өкілдерінен сансыз артықшылық-астамшылық беріп, ширек ғасырдан астам әлі құлдық ұра беру – негізгі ұлт – қазақтарды тілдік кемсітушілік болып саналады. Әрі бұл тілдік кемсітушілікті Қазақ Елі билігінің өзінің қамтамасыз етіп келуін қалай түсінеміз! Бұл өзін сыйлайтын кез-келген мемлекетке сыйымсыз саясат.
Қазір Қазақстандағы орыс тілін білмейтін, шала білетін түпкілікті қазақтарға (көбінесе ауыл халқы) ресми саны ғана миллионнан аса қосылған оралман ағайындарымыздың басым бөлігін қоссаңыз, орыстілділердің санын он орап алады. Сонда Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағы орыстардан екі-үш есе көп халықты -негізгі ұлтты ширек ғасырдан астам тілдік кемсітушілікке, яғни мемлекеттік тілдік кемсітушіліке ұрындырып келеді.
Мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз
Ал мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне төраға болған кезде Әлихан Бәйменов мәлімдеген болатын… Сонда мемлекеттік тілде нан сұрай алмайтындар мемлекет тағдырын шешетін мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік тілге – мемлекеттік мүддеге қарсы қызмет етіп отыр… Қорқынышты емес пе, сіздерге…
Ендеше, үйіңізде жата бермей, осыған жеткізген Конституцияның 7-бабы 2-тармағын тезірек алып тастау үшін Конституциялық реформаға үн қосыңыз!..
Мысалы, әкімдіктегі, министрліктегі, парламенттегі, ұлттық компаниядағы, т.б. мемлекеттік мекемедегі өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, өз ана тілі мен мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер (парадокс емес пе), тіл басқармасы қызметкерлері қазақ тілінде қағаз апарса, түсінбейді де, „орыс тіліне аударып әкел” дейді. Оған „бұл мемлекеттік тіл” ғой десең, „бізде бәрі екі тілде ғой” деп, заңымыздың бейшаралығын алдыңа тартады. „Онда өзің аударып ал!”-десең, „мен мемлекеттік тілді білмеймін?”- деп, топастығына ұялмай, қайта мақтанғандай түр көрсетеді… Оған табанының бүрі бар санаулы қызметкер ғана: „ Сенің өз ана тіліңді, қазақ тілін –мемлекеттік тілді білмеуге, өкінішке орай, құқың болса, менің де айдаладағы шетел тілін, Ресейдің тілін білмеуге құқым бар. Ал менің мемлекеттік тілді білгенім үшін ғана маған неге артық азап, артық жұмыс – тегін аудармашылық жұмыс жүктелуі керек? Керек болса, ақша төлеп, өзің аудартып ал” деп айта алады… Ал 99 пайызы бір күрсініп алып, негізгі жұмысын жиып қойып, жыл бойы „аудармашылықпен” айналысады.
Ал барлық м
емлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында алдымен орыс тілінде дайындап, содан соң оны мемлекеттік тілге аудару үшін қаншама тонна қағаз, қаншама аудармашы үшін осындай дағдарысты кезеңде қандай алапат қаржы шығындалатынымыз, ең бастысы қаншама уақыт кететінін – бұның бәрі жұмыс сапасына кері әсерін тигізетінін айту тағы бір өзекті мәселенің жүгі болады.
Президент әкімшілігінен бастап, Үкімет, Парламент төрағаларынан бастап, министрлер, әкімдерден, барлық басшылардан бастап, мемлекеттік қызметкерлер тек мемлекеттік тілде сөйлеу үшін бізге ешқандай тіл үшін жұмсалып жатқан миллиардттардың керегі жоқ! Тек қана Конституцияның 7-бабы 2-тармағын талып тастау керек!
Біріншіден, қыруар қаржы жұмсалса да, маңдымай жатқан (себебі қажеттілік жоқ) мемлекеттік тіл дамиды. Екіншіден, мемлекеттік тілді білетін қаншама қазақстандыққа жұмыс табылады. „Орысшаға аударып әкел” деп, омалып отыратындар орын босатады… Сонда Ресей тілінде сөйлеу, яғни Қазақ тілінде сөйлемеу деген сөз – қазақ тіліне, сол арқылы өз елінде қазаққа жұмыс бермеу деген сөз! Яғни, бұл ұлтқа жаулық емес пе? Сонда ұлтқа, яғни мемлекетке ең алдымен мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер, министрлер, әкімдер, депутаттар, ұлттық компания жетекшілері, барлық басшылар жау деген сөз емес пе бұл! Көрнекті орыс жазушысы К.Паустовский : «Ана тілін білмеу - ұлтқа жасалған опасыздық» деп жазды сол кездің өзінде... (МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..)
http://www.qazaquni.kz/2011/06/11/7602.html
Ұлт Көшбасшысы алдында Ұлттың Аманатын орындау тұр!
Тәуелсіздігіміздің 26 жылына қадам басқанда демократиялық өзгерістерді талап еткен Конституциялық реформа жасау тарихына тап болдық. Енді, осы жолы Елбасымыздың өзі демократиялық жаңаруды бастап жатқанда, демократиялық талап бойынша (азшылық көпшілікке бағынады) Мемлекетіміз Мемлекеттік тілін Конституцияға жеке дара статус беріп жазып алмаса, бұдан кейін қай заман, қандай кезеңге тап боламыз?!!
«Түркі халқы үшін Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым...» деген Көк түрік қағандарындай Көк туымызды көкке өрлетіп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін бүгінгідей әлем таныған биік деңгейге жеткізген Тұңғыш Президентіміз –Ұлт көшбасшысы алдында тағы бір Ұлттық міндет, Ұлт аманаты тұр! Ол Ұлттың арманын орындау – Мемлекеттік тіл мәртебесін әперу болып табылады! Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі Тәуелсіздігін енді алатын кезі жетті! Өйткені, 28 жыл бойы Қазақ тілі –мемлекеттік тіл деген аты болса да, Конституцияның орыс тілі туралы 7-бабының 2-тармағына Тәуелді болып келді.
Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлемеген Елбасыға өзге ұлт өкілдері алғысын айтып, енді қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуіне өздері де қолдау жасауы тиіс! Бұл жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек!
«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет»,-деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі Мәңгілік дауға айналмай, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін, бұл Ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін өзгеге қалдырмай, Өзі орындауы керек! Ел Елбасыдан осыны күтіп келеді!
Өйткені, Кеңес Одағының құрамынан шықпаған Бодан кезімізде, қазақтардың саны республика халқының 39,7 пайызын құраған 1989 жылы қабылданған Тілдер туралы заң талабынан 28 жылдан соң, Бостан кезіміздің 26 жылында, 70-75 пайыз кезімізде шыға алмасақ, ешуақытта да шыға алмаймыз?!!
ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемдері «Оян, Қазақ!»-деп жар салғаннан бері бір ғасыр өтті. Биыл сол Алаштың 100 жылдығы! Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты! Енді Қашан Оянамыз? Елбасымыздың осы Демократиялық жаңаруға бастауын, Қазақтың ояна бастауына -–ұлттық жаңғыруға шақыру деп, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдайық!
Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні» газеті