Назарбаев: Қазақ тілінің басымдығы сақталады
2017 ж. 31 қаңтар
4852
14
Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бүгін өзінің жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Қазақстанның алдағы даму бағытын бірнеше басымдыққа бөле отырып, Елбасы қоғамдағы ең өзекті мәселе - үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асырылуына да ерекше тоқтап өтті. Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту.
"Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.
Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.
Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.
Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.
Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.
2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.
Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.
Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.
Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.
Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.
Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.
Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет".
Мемлекет басшысы Жолдауының толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.
qazaquni.kz