Мұхтар Шаханов: Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары азаматтықтан айырылсын
2017 ж. 18 қаңтар
10731
6
Астана, 18 қаң - qazaquni.kz. Соңғы уақытта желіде «қытайлық күйеу бала» тақырыбы өршіп тұр. Қазақстандық бойжеткендердің қытай ер-азаматтарымен некеге тұруына қарсы болған азаматтар тіпті Астанада кішігірім митинг өткізген болатын. Наразылық білдірушілер қытайлық жігітке тұрмысқа шығуға батылы жеткен қазақ қыздарын азаматтығынан айыру керектігін айтқан.
Осы даулы мәселеге қатысты nur.kz порталы белгілі қоғам белсенділерінің пікірін ел назарына ұсыныпты.
"Қарындасыңды қатын қыламын" дегені ауыр тиіп тұр"
Геройхан Қыстаубаев, журналист:
Қытайлықтардың қазақтан жар таңдауы қоғам белсендісінің пікірінше, ұлттың жойылуына әкеп соқтырады.
"Қарындасыңды қатын қыламын" дегені ауыр тиіп тұр маған. Шын мәнінде бұл қытайдың қазаққа бір тамызуы! Қызыңа тамған бір тамшы - ұлтыңа шашыраған мың тамшы! Менің намысымды келтіріп, өлтіріп бара жатқан жері де осы!
Қытайлықтардың қазақ қыздарына, мейлі олар, кейбіреулер айтқандай, жаман қыздар болса да, осылай салтанатты түрде келіп, өздеріне жар таңдай алуы - түбі ұлттың жұтылуы, жойылуына соқтырады! Біз бұл жағдайда, өз еркімізбен қытайлықтарға күйеуге тиіп жатқан, бей-берекет құбылысты, өз қолымызбен ретке келтіріп, даңғыл жол салып берген боламыз. Қашанда "күйеу" баланың осылай "есік ашып" келуін күтетін күйге түсеміз.
Қытайда 40 миллион жалғыз басты ер адам бар
«Оларда 40 млн еркек жалғыз басты екен. Қайтеді енді дегендей, жүректері елжіреп тұр. Сонда бұлар, қытайдың дегеніне көнсең, сол 40 млн сүрбойдақ, бары-жоғы 17 млн қазақты, талғамай-ақ, түгелдей дерлік өздеріне "адал жар" етіп ала салатынына милары жетпейді-ау деймін! Әлде милары жетсе де, оларға сондай жағдай ұнай ма? Ұнаса, елді үміттемей, өз қыздарын берсін. Тіпті, өздері де сол қытайларына еркек-ұрғашы бар, үрім-бұтағымен қоса "тиіп" алсын», - деп жазады өзінің желідегі парақшасында Геройхан Қыстаубаев.
Мұхтар Шаханов, ақын:
"Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары азаматтықтан шығарылсын. Адамның құқынан гөрі бізге мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Қазақстанның тұтастығы, бүтіндігі, болашағы маңызды. Қолдауларыңызды сұраймын! Әр адамда әртүрлі ойлар болуы заңды. Бірақ бұл мәселеде дауласпай, қырық пышақ болмай шешейік. Осы күнге дейін өмір сүріп кеткен бабаларымыздың рухы мен болашақ ұрпағымыздың алдында жауапты шешуші тарихи қадам. Атам қазақ "Жиен ел болмас" деген нақыл сөзін жадыңыздан шығармаңыздар» - деп жазды ақын өз парақшасында.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Саясаттанушы қазақ жігіттерін еңбекқорлыққа, парасаттылыққа, ынжық болмауға шақырды.
«Жігіттер! Мықты болсақ жұмыс істейік, ынжық болмайық, ит болмайық, бəсекеге қабілетті, білімді, парасатты, бай-бақуатты болайық! Ешкімге тіл тигіздірмейік, тұмсықтыға шоқытпайық, бай мен бастыққа қорлатпайық! Сонда қыздарымыз ешқайда қашпайды, теңін ішінен іздейді», - деген қорытынды жасады Айдос Сарым.