Қазыбек Иса. ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНЫҢ АРЫ ҮШІН ҚАЗАҚ БІТКЕН ҚАЙРАТ КӨРСЕТУІ ТИІС!
2017 ж. 14 қаңтар
7489
12
Қазақтың қаракөз қыздарында өзгелердің шаруасы болмасын!
Фотоның мақалаға қатысы жоқ
Қазақ қыздарын қытайлықтарға беру туралы агенттіктің ұлттық мемлекеттің абыройына нұқсан келтіретін, азаматтардың ар-намысына тиетін , тек қара бастарының қажеттілігі үшін істеп отырған тірліктерінің арты дауға ұласып жатуы -заңдылық. "Грузин қыздары-грузиндерге, арабтарға емес!" - деген Грузия азаматтарының қарсылығын интернеттен оқыдық. Яғни, унитарлы ұлттық мемлекеттерде бұндай арандатушылыққа ұласатын лас әрекеттер іске аса қоятын мәселе емес. Ал Қазақстан - ойдан-қырдан құралған құрама мемлекет емес, біздің саясаткерлер мен имамдарға дейін сөзінің бісмілласын бастайтындай "көп ұлтты мемлекет" те емес, унитарлы бір ұлтты мемлекет! Нақты жағдайға қарасақ, Қазақтардың саны қазір 70 пайыздан асып кетті. Өтіріктің көкесі сайлау мен статистикада айтылатынын ескерсек, 65 пайыз деп, қалтырап, қатып қалған статистикаға ел сенбейді... Өзге ұлтқа қыз беру ғана емес, өзге ұлттан қыз алудың өзі де дәл сондай кірбің түсіріп, күмән туғызатын жағдайға жеткізеді. Бұған біздің бабаларымыз да бағзыдан баса назар аударған. Кезінде қазақтың кемеңгер биі Әйтекенің қазақ сарбаздары жауға аттанарда "Ішінде қалмақтан қатын алғандары жоқ па екен"- деп, ескертетінінде үлкен мән жатыр. Сол сияқты қазір де ұлттық мүддеге зиян келтіретін әрекет жасаған саясаткерлер, қайраткерлер болып жатса, елдің алдымен, "әйелі өзге ұлт өкілі емес пе екен"- деп жататыны сондықтан... Ал қазақ қызы - қазақтың абыройы, ар-намысы болып келген, болып қалуы да керек! Желтоқсанда мұзды алаңда мұзбалақтық қайсарлық көрсеткен қазақ қыздарының қазір ұсақталып, ұлтсызданып кетуі - 25 жылдық Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясының кемшіндігі болып табылады. Мен 100 пайыз сенімді түрде айта аламын, қара қытайдың құшағына құмартып отырған қыздардың 99 пайызы қазақ тілін - ана тілін ұмытқандар. Ал ұлттық ділдік иммунитеттік қорғаныстың ең бастысы - ана тілің, яғни Қазақ тілі! Ананың тілін ұмытқандарға атаның сал-дәстүрін, ұлттық тәрбиені сіңіру ақырет болар... Өйткені, қай тілде тәрбие алсаң, сол ұлттың өкілісің... Сондықтан да, қытайға қыз беруді қолдап, қарсы шыққандарды айыптап жатқандардың (Зира Наурызбаева, Ильяс Сүлейменов) барлығы да орыстілділер. Олардың мысалға алған батырлары мен хандарына байланысты келтіріп жатқан өзге ұлттардың саны қазақтан қытай сияқты 100 есе көп ұлт емес, теңдес, шамалас, бәсекелес, тіпті саны аз елдер екенін ойламайтындарына таңғаламын... Мысалы, мұндай өзге ұлттарды жұтып жіберуге ұмтылып отырған алып айдаһар қытайға қыз беруге әрекет ету көрші, туысқан Өзбекстанда қолға алынбақ түгілі , ойға да алынбайды! Қолға алғандар да, қолдағандар да, қай ұлт өкілі, тіпті өзбек болса да, ертеңінде-ақ Өзбекстанда болмайды!.. Кеше "Қазақ үнінде" жарияланған Батыс Қазақстан облысындағы тілшіміз, ұлт патриоты Қажымұқан Ғабдолланың («ҚЫТАЙҒА ҚАТЫН БОЛҒАНША, ҚАРА ЖЕРГЕ КІРЕЙІН!..» Қытай күйеубаларға қарсы билікке Үндеу хат http://www.qazaquni.kz/2017/01/12/63156.html ) мақаласында мысал еткен Үрімші қаласының бастығы Жәкеннің әр қазақты ойландыруы тиіс ерлігін тағы да қайталай кетейік: "…Өткен ғасырдың 20-30 жылдары ҚХР Үрімші қаласының қала бастығы Жәкең дейтін ағамыз өз қызының қытайға күйеуге шыққан тойының үстінде туған перзентін атып тастап, көздерінен жасы сорғалап тұрып: «Құрметті қауым! Бұл менің өз жанымнан да артық көретін қызым еді, бірақ, ұлтымды одан да артық көремін, бұл бәріңе сабақ болсын. Егер бүгін осыған қолым бармаса, ертең Шинжаңдағы 2 милион қазақтың қызына ие болуға амалым да болмайды…» – деген екен…" Қазақ қызының ары үшін, қарындастың қамы үшін, қазақ біткен қайрат көрсетуі тиіс. Ал әлгі қытайларға қазақ қыздарын саудалап, пайдаға батып қалғысы келіп отырған агенттік басшысы бұл әрекетіне жауап беруі керек. Заңды ғана емес, ұлттың салт-дәстүрін де құрметтеуі тиіс кім болса да... Біз Астанада бас көтерген осы жанды жаралы мәселеге әдеттегідей алғаш атой салып қарсы шыққан ұлтшыл-патриот Геройхан Қыстаубайды, аталмыш агенттікке қарсы қолдарына «Ер – жерді, ал әйел ұлтты қорғайды» деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан, "ондай қыздарды азаматтықтан айыру керек" -деген астаналықтарға алғыс айтуымыз керек. Оларды бәріміз қолдауға тиіспіз! Қазаққа зияны болмаса, пайдасы жоқ "заңдардан" интернационалдық дәріс оқып, қытайдың Астанадағы аталмыш агенттіктегі агентіндей әрекет етуші "саясаткерлеріміз" суб-жеңгетайлықты доғаруы керек. Ал "халықаралық жеңгетай" Татьяна Логвиненко.... керек болса, қытайға өзі тиіп алсын немесе сіңлілері мен қыздарын бере берсін... Қазақтың қаракөз қыздарында ешқандай өзгелердің шаруасы болмасын! Қазыбек ИСА "Қазақ үні"