Белгілі әнші балалардың Аяз атаға тек хадистер ғана оқыған жаңа жыл кешін көргенін айтты
2017 ж. 04 қаңтар
4334
3
Тәуелсіздікпен келген жаңашылдық Жаңа жылды да қамтып үлгерген. Қазақстанда Жаңа жылды арақ-шарапсыз қарсы алатын отбасы көбейген.
Осы және басқа да жаңа жылдық тың ерекшеліктер туралы 365info.kz порталына берген сұхбаттарында ҚР Халық әртісі, әнші, сазгер Марат Омаров пен әнші Талғат Жорабаев айтып берді.
Әнші, сазгер Марат Омаров балалардың қиял-арманы орындалатын мереке екенін білген бүгінгі тәуелсіз елдің жасы одан бас тартпай, оны басқаша тойлап жатқанын айтады. Сондықтан ол Жаңа жылды тойлауды доғаруға қарсы.
— Таяуда таэквондодан ұстаздарымыздың шыршасы өтті. Шырша болды, оған балалар тақпақтар жаттап келіпті.
Бірақ тақпақтары шыршаға немесе Аяз атаға арналмаған. Олар хадистерді, имандылық жолын жатқа айтты. Біз сол балаларға сыйлық бердік. Мысалы, кеше интернеттен көріп жатырмын, Аяз ата молда болып кетіпті дегенді де көріп жатырмыз. Соған қарағанда бірте-бірте заманына қарай бәрі өзгеретін секілді. Бұл заман өзгерісіне сай заңды құбылыс екенін ұғындым, яғни Жаңа жылды тойлауда да заманға бейімделу бар.
Қалай дегенмен де бұл балалардың қиял-арманы орындалатын мерекесі ғой, ондай қуаныштан қалай айырасыз? Бала болған соң шырша құрып, оны тамашалағысы келеді, Аяз атадан сыйлық алғысы келеді.
Бұл — өзі балаларға арналған ертегі әлемі. Ол араға христиан немесе мұсылман деген дауды апаруға, оны саясиландыруға болмайды, өйткені бала көңілі әрдайым таза әрі пәк емес пе?Тағы бір жағынан, мемлекетке қарсы шыға алмайсың. Мемлекет болып тойлап жатқан соң ол үрдістен қалыс қалудың қажеті жоқ. Қалай дегенмен де әркімнің таңдауы бар, оған сыйластықпен қарау керек. Отбасы өзі шешеді. Мысалы, тіл мәселесі бір реттен шешіліп кеткен жоқ қой. Тәуелсіздік алғанмен орысша боп кеткен қазақтар бірден қазақыланған жоқ. Шүкір, қазір статистика жақсы. Қазақстан балаларының 80 пайызы қазақ мектебіне барады. Керемет қой! Тілі орысша ағайындардың ішінде қазақшаны үйренгендер баршылық. Бірақ соған қарамастан сол күйі қалып кеткендер де бар. Оларды мәжбүрлеп жатқанымыз жоқ. Бірақ уақыт ана тіліңді білу қажет екенін түсіндіріп жатыр. Сол секілді бұл арада да уақыт пен пайым керек.
Менің түсінігімде, қазақта Жаңа жыл дегенде Наурыз деген ассоциация тұруы керек. Ақырын соған жылжып келуіміз керек.Әнші Талғат Жорабаев отбасымен Жаңа жылды тойламайтынын айтады әрі оны тойлауға түбегейлі қарсы екен. Дегенмен ол балаларын жылда сыйлықсыз қалдырмайтынын да айтты. Әнші сыйлықты балаларына көбіне Ораза мен Құрбан айттарда сыйлайды екен. — Жаңа жылды тойлаудың қажеті жоқ. Бірақ оны бірден жүзеге асыру мүмкін емес.
Мен үшін жаңа жыл — тек жылнамамыз өзгеретін күн. Біз отбасымызбен жаңа жылды тойламаймыз.Жаңа жылды тойламайық деп қатып қалған қарсылығым да жоқ. Біз хижра күнтізбесі бойынша өмір сүріп жатқан жоқпыз. Біз мемлекет белгілеген күнтізбе бойынша өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет балабақша, мектеп қабырғасында жаңа жылды тойлауға рұқсат берген. Ендеше тойласын. Бірақ өсе келе, бұл біздің мейрамымызға жатпайтынын бала білуі керек. Марат ағамыз ол балалардың көз қуанышы деп айтып жатыр. Ол рас. Бірақ бұл арада тілекті Аяз атадан сұратып қояды. Ал бұл қазақтардың дініне, наным-сеніміне қайшы ғой.
Мұсылман болған соң біз тілекті бір Алладан ғана сұраймыз. Сондықтан тілекті Аяз атадан немесе Ақшақардан сұрау деген өте қате нәрсе.Бұл — біріншіден. Екіншіден, Жаңа жылды бұрын әр затты Құдай көрген адамдар тойлаған. Адам баласы шын Құдайды жоғалтқан кезде сондай табыну басталып кетеді. Олар орманға барып, жыл 12 ай жасыл болып тұратын шыршаны Орманның құдайы деп таныған. Орманның құдайы біз сізге құрбандық шаламыз деп адамдарды шалған кездері болған екен. Кейіннен келе-келе адамның орнына жан-жануарлар құрбандыққа шалынған. Сойылған малдың ішегін, басын шыршаға іліп, бұл біздің сізге сыйлығымыз дескен. Ол осындай идеологиядан шыққан.
Құдайды жоққа шығаратын бұл идеологияны Сталин жақсы пайдаланып, 1936 жылы шырша құрып, жаңа жыл тойлауды қолданысқа енгізеді. Бұл КСРО идеологиясына оңтайлы келді. Құдайды жойды, Құдайдың үйін жойды. Бірақ адамдар бәрібір ішінен тілек тілейді ғой. Сол үшін бір қарекет керек болды. Сондықтан халқына тілек қылсаңдар оны Аяз атадан сұраңдар деді. Міне, осылай адамдарды адастырған.Ай туса, үлкен кісілер бата беріп жатады: „Ай көрдім, аман көрдім, жаңа айда жарылқап, ескі айда есіркей бер ей Аллам„ деп. Міне, біздің адамдарда осындай наным-сенім бар, ай жақсы өтсін, жыл жақсы өтсін дегендей. Сол секілді жаңа жылда жақсылықтарға жете берейік деп қазір көп қазақ арақ-шарапсыз жаңа жылда дастарқан жайып, тілек тілеп отырады. Сыйлық сыйлау, тілекті орындау, қонақтарды құрметтеу туралы ислам дінінде де айтылады.
Мен сыйлықты Құрбан айтта, Ораза мейрамында балаларға беремін. Жетістікке жетсе сол кезде сыйлық беремін. Наурызда көшеге шығарып, атқа мінгізіп, ұлттық ойындарды ойнатып қыдыртамын.