2017-жылды «ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖЫЛЫ» деп жариялау ұсынылды
2017 ж. 01 қаңтар
2298
4
2017-жылды «ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖЫЛЫ» деп жариялау ұсынылды. Бұндай ұсынысты әлеуметтік желіде белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы жасады. «Менің ойымша, 2017 тек қоршаған әлем емес, Қазақ үшін бетбұрысты жыл болмақ. Соған ақылымыз, жігеріміз, намысымыз, азаматтығымыз әзір тұрсын. Өз басым ФБ-дағы орысшамды өткен 2016-да қалдырдым. 2017-ні Қазақ тілінің Жылы деп жариялайық. Түсінбегендері аударып сорлы қалпында қала берсін», - деп жазды саясаттанушы.
Қоғамдық саяси жағдайларға бейжай қарамайтын ұлтшылдар өкілінің ұсынысын желі қолданушылары бірауыздан қолдап жатты.
Расул Жұмалы, сондай-ақ, «үш тілде оқыту» саясатына да қарсы шығып, бір кездері «Меніңше, бұл барып тұрған рухани геноцид. Үштілділік дегеніміз — сыртқы көрінісі, сыртқы пішіні ғана. Әншейін көз алдау. Шын мәнінде билік үштілділікті желеу ете отырып, қазақ тілінің қазіргі онсыз да аянышты жағдайына, болашағына балта шаппақ. Бұл бекер сөз емес, жоғарыдан жасалған нақты жоспар» деп қатаң пікір білдіріп еді.
Сонымен қатар саясаттанушы жарты жыл бұрынғы бір сұхбатында «Қазақ тілі қоғамның талабына, мәлімдемелеріне қарамастан, әлі күнге өзінің Конституциялық мәртебесіне жеткен жоқ. Бұған бірден бір кінәлі тарап биліктің өзі. Егер билік қазақ тіліне қатысты Конституциялық талаптарды орындамайтын болса, қоғамның басқа бөлігі оны қайдан орындайды?! Алайда, қазақ тілінің заңды мемлекеттік мәртебесіне қатысты қоғамның талабы күшейе беруі керек. Себебі, билік тілге қатысты қандай да бір оң өзгерістерге қадам жасайтын ыңғай танытып отырған жоқ. Керісінше, орыс тілі қала берсін дейтіндей ұстаным басым. Бұл жерде де бірнеше себеп бар: Ресейге табыну, ресейшіл тұғырдан айни алмау және совет заманынан қалған дағды, биліктегі көптеген лауазымды тұлғалардың шенеуніктердің және олардың отбасыларының да қазақ тілін білмеуі осы қатарлы жағдайлар қазақ тілі мәселесінің шешілуін тежеп келеді. Сол үшін қоғам, халық тек демографиялық өсімге ғана қарамай, билікке тілге байланысты талап-тілектерді үдете беруі керек» деген еді.
Қазақстанның ширек ғасырлық тәуелсіздік ғұмырында әлі күнге дейін қазақ тілді БАҚ-тан, орыс тілді медианың үлес салмағы басым. Сондай-ақ атқарушы билік мемлекеттік тілден гөрі орыс тілін әлі күнге көбірек қолданып келеді. Оқырманның есіне салар болсақ, Қазақстанда 2020 жылға дейін іс қағаздарды 100 пайыз қазақ тіліне көшіру көзделген.
Дереккөз: Қамшы