Нұртай Сәбилянов: Елдің ертеңі үшін алаңға шыққанбыз
2016 ж. 18 желтоқсан
6412
17
Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтуде. Талай нәубетті бастан кешірген қазақ халқының Тәуелсіздік алып, өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең бай-қуатты мемлекетке айналып, бүгінде еңселі егемендігінің мерейлі 25 жылдығын атап өтуі үлкен қуаныш қой. Әлемде түрлі дүрбелеңдер болып жатқанда, дамудың даңғыл жолымен жүріп, қарыштап қанат жайып келе жатқан Қазақстан үшін бұл ұлық мерекенің орыны ерекше екені сөзсіз.
Тәуелсіздік күні дегенде ойымызға биыл отыз жыл толып отырған 1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны оралады. Боқырауда боздақтарынан айырылып, намысын таптатпай алаңға шыққан қалың қазақтың рухы мәңгі тірі біз үшін. Әсіресе, сол кездегі қазақ жастарының ерен ерлігіне бүгінгі өскелең ұрпақ тағзым етіп, тарихтың сол бір қанды парақтарын жадынан шығармауы керек деп білеміз.
Желтоқсан оқиғасы туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Дегенмен, Тәуелсіздік күні қарсаңында қаһарлы жылдарды еске алуды жөн санадық. Желтоқсанға қатысқан сол кездегі наркескен намысты жастардың бірі, бүгінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбилянов «Қазақ үні» ұлттық порталына сұхбат беріп, көзбен көргенін, тұла-бойы, жан-жүрегімен сезінгенін баяндап берді.
- 1986 жылдың 16-17 желтоқсаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Азаттық жолында, әділдік жолында қазақ жастары, қазақ елі өзінің елдігін, өзінің қандай рухты, қандай қайсар мінезді ұлт екенін таныта білді. Өздеріңіз білесіздер, 16 желтоқсан күні – Қазақстан Орталық Комитетінің пленумы болды. Осы пленумның қаулысына сәйкес Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшылығына Г.В. Колбинді тағайындады. Бұл тағайындау Қазақстанда тұратын халықпен, елмен ешқандай санаспай, ақылдаспай жасалған әрекет еді. Міне, осы әділетсіз шешім жастар арасында қатты толқу тудырды. 1986 жылы 17 желтоқсан күні Алматыда сол кездегі Брежнев атындағы алаңға шығып, тоталитарлық жүйеге қарсы шықтық. Мен Алматы халықшаруашылығы институтының үшінші курсында оқитын студент едім. Алаңда жиналған жастар орталық жүйеге қарсы өз ойымызды, өз пікірімізді айттық. 17 желтоқсан күнгі алаңда орын алған оқиға қазіргідей көз алдымда. Алаңға жиналған жастар қатар тұрып, қазіргі әнұранымызға айналған «Менің Қазақстаным» әнін шырқаған кездегі олардың бойындағы рухты, әділетсіздікке деген қайсарлықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қазір ешкім айтпайтын бір жайтқа тоқталайын. Мир-Сәтпаев көшелерінің бойында біздер барикада құрып, биліктің халықты басу үшін құрылған әскеріне қарсы тойтарыс беруге оқталдық. Әрине, қаруланған күшке қарсы тұратындай қарапайым халықта не қауқар бар дейсіз? Бірақ, біздер ұлтымыз үшін, намысымыз үшін, елдің болашағы үшін бәріне төздік, - деп еске алады сол күндерді Нұртай Салихұлы. - Көтеріліс кезінде қасымда жүрген азаматтар маған мегафонды беріп, төбелеріне көтеріп алды. Ешкімнен жасқанбай: «Осы алаңнан кетпейік, Орталық Комитеттің шешімімен біз келіспейміз. Басшы болар азамат халық арасында да бар» – деген өз ойымды ашық түрде айттым. Жігіттер мені көтеріп тұрғанда таспаға түскен болуым керек. Менің сондағы суретім қазір интернетте де, түрлі газеттерде де жарияланып жүр ғой, - деп сабақтады ойын депутат. Аталмыш оқиғадан кейін Нұртай Салихұлы да өзге көтеріліске қатысушылар секілді қудалауға ұшырады. - Сегіз айдай сергелдеңде болдым. Студент едім. Алаңға шығуымның салдарынан кері әсерлерді де көрдік. Бірақ, бәріне төзіп-бақтық. Мені сол кезде аман алып қалған ұстаздарым, достарым еді. Сол қысылтаяң шақта нағыз достың қандай болатынын, кім жанашыр, кім дұшпан екенін, бәрін сонда түсінген едім, - дейді Н. Сәбилянов. - Іс-әрекетімнен қылмыс таппаған болуы керек, әлде істі ары қарай апара алмаған шығар. Қалай болғанда да ол кездегі жағдай басқа, саяси ахуал бөлек еді. Сондықтан менің халық алдында арым таза деп ойлаймын. Егер мен басқа іс-әрекетке барып, дұрыс сөйлемеген болсам, қасымда жүрген студенттер, курстастарым содан бергі уақытта маған қатысты жағымсыз әңгімелердің шетін шығарар еді. Сол кездері сабақ берген оқытушылар маған барынша көмектесіп бақты. Деканымыз Кәкім Дүйсенбаев қолынан келгенше қорғап қалды. Солай бола тұра, маған қарсы студенттер атынан түрлі хаттар ұйымдастырыла бастады. Маған қарсы жазылған пікірлер болды. Тергеу кезінде көтеріліске қатысқан көптеген студенттердің тізімін көрсетті. Мен болсам, «бірде-біреуін танымаймын» дегеннен басқа ләм-мим деп жақ ашпадым. Тек өз ісіме жауап беріп, артық әңгіме айтқаным жоқ. Көптеген жастар көтеріліс болғанда ұсталып, темір тордың арғы жағына тоғытылды. Алаңдағы барлық адамды соттау мүмкін емес еді. 20 мыңдай адам көшеге шыққан болса, соның 99-ы ғана сотталды. Қалғандары әкімшілік жауаппен шектелді. Бүгінде елімізде желтоқсан оқиғасына қатысқандардың басын біріктіріп, қоғамдық ұйым ашып алғандар өте көп. Бұл жөнінде де Нұртай Сәбиляновтан өз ойын айтуды сұрадық. - Ия, қазір он шақты ұйым бар. Бірақ, желтоқсанға қатысқандар, бәріміз бір болып, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. Әрбір қоғамдық қордың өз мөрі, өз бағыты бар болуы мүмкін. Бірақ, біздер осыдан отыз жыл бұрын алаңға бір елдің мүддесі үшін шықтық қой. Қазір де бір болып жұмыс істеуіміз керек деп санаймын. Мүмкін, енді сол ұйымдардың арасында өзара бір әңгімелер бар шығар. Дегенмен, менің ойым осы. Өзінің тығыз жұмыс кестесіне қарамастан уақыт тауып сұхбаттасуға келіскен халық қалаулысы алдағы уақытта да елдің қамы үшін еңбек ете беретінін айтып, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі – 25 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтады. Азамат Тасқараұлы, «Қазақ үні» ұлттық порталының Бас редакторы