Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады
2016 ж. 13 желтоқсан
2286
0
Бүгін Ақордада азаматтардың бір тобын мемлекеттік наградалармен марапаттау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Баршаңызды алда келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қазақ елінің жаһанға танылған, барлық игіліміздің бастауы болған ең басты мерекеміз. Сіздер осындай айтулы күн қарсаңында жоғары марапатқа ие болып отырсыздар. Бұл жеке азаматтар арқылы барша халқымыздың істеген ерен еңбегіне деген баға. Кез келген ел жұрттан ерен өнерімен, мәйекті мәдениетімен ерекшеленеді. Бұл ретте талантты туынды тұтас ұлттың рухани қазынасын байыта түседі. Осыған орай бүгін әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды тапсырғалы тұрмыз. Ақорданың төріне жиналған баршаңыз үшін бұл ерекше мерейлі сәт деп білемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Тәуелсіздік кез келген елдің баға жетпейтін ең қастерлі құндылығы болып саналатындығын баса айтты.
«Біз азаттықтың арқасында айымыз оңынан туып, төрткіл дүниеге түгел танылған халықпыз. Ширек ғасырда ел есінде қалатын ұлған-ғайыр істер атқардық. Осы жылдардағы барлық жетістіктер әрбір қазақстандықтың ерен еңбегінің нәтижесі болып табылады. Соның ішінде, бүгінгі марапат иелерінің әрқайсысының бұған қосқан үлесі орасан зор деп санаймын. Сіздер өнегелі істеріңізбен өзгелерге үлгі болып, көпшілік құрметіне бөленіп келесіздер», - деді Назарбаев.