Тимур ҚҰЛЫБАЕВ: МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ЗАҢДЫ ӨЗДЕРІ ҮШІН ЖАЗАДЫ
2016 ж. 07 желтоқсан
3855
0
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум басшысы Тимур Құлыбаев бизнеске қатысты заңдарды толығымен тексеріп, ондағы жемқорлыққа жол беретін тұстарды жоюды ұсынып отыр.
«Бүгінде нормативтік-құқықтық актілерде жемқорлықтың бар-жоғын тексеру мәселесіне баса назар аударған жөн. Себебі мемлекеттік органдар барлық ережелерді, регламенттерді және басқа да актілерді өздері әзірлеп бекітеді. Әрине, ондай құжаттар жеке ведомстволық мүдделер үшін жазылады. Сондықтан заңдардағы жемқорлықтың бар-жоғын тексергенде қоғамды кеңінен тартқан дұрыс. Біздіңше, осы жұмысты екі бағытта жүргізуге болады. Біріншіден, жаңа заңдардың сараптамасын өткізіп отыру керек. Екіншіден, бұған дейін қабылданған заңдарды толығымен тексеріп шығу қажет. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне келесі жылда бизнеске қатысты нормативтік актілерде жемқорлықтың бар-жоғын тексеріп шығуды ұсынамыз», - деді Т.Құлыбаев Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған республикалық форумда. Президиум төрағасының айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерге берілетін 28 000 сан алуан рұқсат қағаздары бар. Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер бойынша 11 000 талап бар. «Біз аталған талаптарды зерделеп, соның 82 пайызын қысқартуға болады деген қорытындыға келдік. Қазір осы қызмет бойынша нақты 2 000-ға жуық талапты қалдыруға болады. Ал 11 000 талап, ол деген шағын бизнес үшін емес, орта бизнестің өзі үшін ауыртпалық туғызып отыр. Енді, ойлап көріңізші, барлық талаптарды орындау үшін компанияның аппараты қандай болуы керек? Біздіңше, бұны нарықтың өзі реттеп отыруы тиіс. Егер компанияның қызмет көрсету сапасы төмен болса, онда ол бәсекеге төтеп бере алмайды», – дейді Т.Құлыбаев. Оның айтуынша, аталған мәселелердің бәрін «Әкімшілік кедергілерді азайту туралы» заңның аясында реттеу көзделіп отыр. Ол үшін арнайы жол картасы қолға алынады.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz