ТІЛ ҮШІН ТРАМВАЙДЫҢ АСТЫНА ТҮСУГЕ ӘЗІРСІЗ БЕ?
2016 ж. 18 қараша
13483
18
Тіл үшін күресте бұл кісінің «бастан кешкендерін» естігенде, еріксіз таңғаласың. Тіпті жүргізушісі қазақша сөйлемегені үшін рельске тұрып алып, трамвайды тоқтатқаны да бар. Руза апай бізге осы және өзге де жайттарды өз аузымен айтып берді.
«Вам что не понятно? Говорите на русском!»
Қыс еді. Аяз. Трамвайда келе жатырмын. Іші толған жарнама. Бір бұрышына ұзыннан-ұзақ «С новым годом! С новым счастьем!» деп жазыпты. Орысшасы бар. Қазақшасы жоқ. Қайда? Неге жазбаған?
Бірден жүргізушіге бардым. Дәу орыстың әйелі екен. Орыс болса не болыпты. Орыс па, қазақ па мен барлық жерде қазақша сөйлейтін адаммын. Сұрақты да қазақша қойдым:
– «Жаңа жылдарыңызбен!» деп неге қазақша жазбағансыздар?
– Говорите на русском языке!
– Мен сізге мемлекеттік тілде сөйлеп тұрмын. Құттықтауды неге қазақша жазбағансыздар?
– Вам что не понятно? Говорите на русском! Ааа, это вы! Вас весь город знает. Да, вы всех достали со своим казахским языком. А ну-ка, пошла вон!!!
«Пошла воннан!» басталды бәрі. Жүргізуші әйел мені боқтай жөнелді. Атын кейін білдім. Татьяна екен. Боқтағанымен қоймай, төбелесуге әзір тұр. Құттықтауды неге қазақша жазбағанын сұрағаным және қазақша сөйлегенім үшін.
Алдым да трамвайдың алдына тұрып алдым. Күллі ел қарап тұр. Сол жерде трамвай басқармасына звондадым. «Біріншіден, мына жүргізушіні ауыстырыңдар, екіншіден, құттықтауды қазақша жазыңдар!» дедім.
Татьяна түтігіп кетіпті. Трамвайды іске қосып, алға жылжи бастады. Таптағысы келеді, білем. Жылжытып, жылжытып трамвайды менің дәл тұмсығыма тіреді. Тапжылғам жоқ. Тұрдым. Мені «қорқады» деп ойласа керек.
Трамвай тоқтап тұр. Іші толы адам. Оның артында тағы 4-5 трамвай тоқтап қалған. Амалы таусылған Татьяна мені іштегі жұртқа жамандай бастады. Қазақтар бар екен. «Да что это такое! До каких пор можно терпеть! У нас же в стране за казахский язык уже матами кроят» деді бір-екі әйел. Иә, жабылғандар әлдеқайда көп болды. Татьяна тектес шовинистер әлгі бір-екі қазақ болмаса, менің шашымды жұлуға әзір еді. Арғы жақтан трамвай басқармасы шыр-пыр болып жатыр. Полиция келді. Орыстар арыз жазуға шебер ғой. Мені алып кетті. «Мұныңыз хулигандық, сізді соттаймыз» деді. Колесников деген орыс бар екен. Мені танитын сияқты. «Она уже достала всех своим казахским языком» дегенін анық естідім. Полиция менің трамвайдың алдына не үшін тұрып алғанымды тексергісі де келген жоқ…
«Если не будете говорить по русский, мы вам ничем не можем помочь…»
Бұдан біраз уақыт бұрын кештетіп үйге қайтып келе жатқанда ит қауып алды. Алдымен 102-ге (полицияға) звондадым. Өйткені иттің қарғыбауы бар еді.
– Алло, полиция, мені ит қауып алды. Иттің иесі бар.
– Говорите по русский, пожалуйста!
– Мені ит қауып алды деймін. Осыны түсінбейсіз дер ме?
– Если не будете говорить по русский, мы вам ничем не можем помочь…
Мен де оңай адам емеспін. Ит талап, жеп қойса да қазақша сөйлесем. Осылай 15 минут тұрдық! «Если вы не будете говорить по русский мы вам ничем не можем помочь…».
Келесі күні полицияның бастығына звондап, болған жайды айттым. Министр Қасымовқа «ит қапты» деген сөзді түсінбеген Павлодар полициясының атына арыз жазам дедім. Шыр-пыр болды. Кешірім сұрады. Қасымовқа хат жазғам жоқ, негізі жазу керек еді.
«Либо переходим на нормальный русский язык, либо я бросаю трубку»
«Павлодар лифт» деген мекеме бар бізде. Керекуде лифт ақылы. Ай сайын төлеп отырамыз. Бір қазақ әйел жинап алып кетеді. Өз тілін ұмытқаны сондай, «атың кім?» деген сұрақтың мағынасын түсінбейді. «Себебі, детдомда өстім, ол жақта ешкім қазақша сөйлемейтін» дейді ол. Соған біраз қазақша үйреткен болдым. Бір күні жоғалып кетті. Бір ай, екі ай өтті. Жоқ. Ақшаны кімге төлейтініміз белгісіз, литфтілер бақылаусыз қалды. «Павлодар лифтінің» анықтама телефонына хабарластым:
– По русский говорите!
Екінші рет хабарластым:
– По русский говорите!
Басшыларына хабарластым. Анығы, қабылдау бөлмесіне:
– Басшыларыңызды қосыңыз!
– По русский говорите!
– Мен сізге мемлекеттік тілде сөйлеп тұрмын.
– Женщина либо переходим на нормальный русский язык, либо я бросаю трубку.
Тастай салды. Негізі түсініп тұр.
«Сендер менімен қашан қазақша сөйлемейінше және кешірім сұрамайынша мен лифтінің ақысын төлемеймін» дедім тұтқаның ар жағында қызға қайта хабарласып.
Бес ай өтті. Бес айда менің қарызым 3553 теңгені құрапты. «Павлодар лифт» мені сотқа берді. Мен қарсы арыз жаздым.
Павлодар лифтінің сорақылықтары бұл ғана емес. Лифтінің ақысын төлеу туралы түбіртегінде қазақша бір ауыз сөз жоқ. 97 жылы «ова, овна-дан» құтылғанмын. Сол уақыттан бері Руза Бейсенбай-тегімін. Куәлігімнің көшірмесін «Павлодар лифтіге» өз аяғыммен апарып бергем. Олар менің фамилиямды қалай мазақ қылғандарын білесіз бе?
Бір жолы: БейсенбайМERI (!) деп келді. Енді бірі жолы – БейсенбайТЫЗЫ деп жазыпты. Соңғы рет БейсенбайТЫГЫ деп көрсетілген түбіртек келді. Түбіртектің бәрін жинап алып, сотқа бердім.
«Вам что, Украину здесь устроить, что ли?»
Бір жолы Керекуде сенбі сайын өтетін жәрмеңкеге бардым. Шұғыл шаруам шығып қалды да, кезекте артымда тұрған қазақ емес әйелге, «қазір келемін» деп едім, әлгі мені мазақ қылып күлді.
– Сіз неге менің қазақшама күлесіз?
– Вам что, Украину здесь устроить, что ли?
Сөзін қараңдар? Не керек, кезектен шығып полициямен келдім. Негізі полицияның менімен еріп келуі сирек. Әдетте менен қашып жүреді. Өйткені өздерінің де қазақшасы оңып тұрған жоқ. Полиция әлгі соғыс шақырушы әйелмен сөйлесе бастады.
– Сіз осылай айтыпсыз ғой?
Артымызда тұрған 3 орыс оны қорғай бастады.
«Нет она так не говорила! Это женщина все врет!»
Әбүйір болғанда қазақ келіншегі, алдымда тұрған. «Украину устроить…» дегенін анық естідім деді. Сонымен соғысқа шақырушы қаша жөнелді, полицей соңынан кетті. Үйге келе сала полицияға қоңыраулаттым.
– Полиция 8-я слушает!
– А неге орысша? Бастығыңызды беріңізші.
Қосты.
– Я вас слушаю, говорите!
«Делайте что хотите!»
Бір күні ішкі саясат басқармасына хабарласу керек болды.– Здравствуйте, внутренная политика слушает!
– Ішкі саясат орыс юрисдикциясына көшті ме?
– Не поняла?
Алма Қазиева деген біреуге берді.
– Оны казашка переехавшая с России. Это ее права на каком языке вам отвечать!
Мен конституциядан бастап, оның міндеті, бірінші осы мемлекеттің тілінде жауап беру, сосын басқа тілде деп, шамам келгенше қарсыласып шықтым…
Бір жолы Бас прокурордың аты-жөнін білмекке (облыстық), қоңырау шалғанымда, хатшысы: «Здравствуйте, прокуратура области слушает!» деді. «Айналайын, заңдық нормаларды қадағалайтын сіздер неліктен көрші мемлекеттің тілінен айырылмайтын болдыңдар?
Қазақша жауап беріңіз, не прокурордың, бас прокурорға дейін, блогтарына қоямын дегенімде әлгі қыз: «Делайте что хотите!» деді. Жауабынан түйгенім, шынымен де көрші мемлекеттің юрисдикциясына көшіп кеткен болуымыз керек. Облыстық прокуратура, облыс әкімшілігі, қала әкімшілігі, қала полициясы, облыстық ішкі саясат…бәрі-бәрі де.
Дайындаған, Думан БЫҚАЙ, dalanews.kz