Қазыбек Иса. Апам туралы ән. Идиллия.
2016 ж. 31 қазан
5497
4
Қайтқан малмен жамырап,
Жиылған кез жұрт есi.
Барады осы шақ ұнап,
Қызыл iңiр, қыр төсi...
Сыр берсе де саулығы,
Бар тiрлiкке бар зауық.
Ағараңдап жаулығы,
Апам отыр нан жауып.
Секiлдi бiр батар күн,
Табасы отта тұрады.
Ақ жүзiне апамның,
Алқызыл нұр жұғады...
Тезек оты маздайды,
Басқан сайын барқыт түн.
Жайдақ тiрлiк жаздайғы
Жатыр ендi артып мұң...
Апам жапқан таба нан,
Ұқсап кеттi айға әлгi...
Шоғы –көкке тараған,
Жұлдыздарға айналды...
Хош иiсi бұрқырап,
Дәмi жүр ғой таңдайда.
Қалды алыста құм-қырат,
Ендi ондай нан қайда?!
Ай мен жұлдыз қатар-ды
Күтiп жүрем үзбей күн...
Ақ жаулықты апамды
Арасынан iздеймiн...
Қазыбек ИСА