Қазыбек Иса. ӘЛИХАННЫҢ МОНЕТАСЫ АЛАШ ҮШІН АЛТЫННАН ДА ҚЫМБАТ
2016 ж. 18 қазан
6448
14
Бүгін ел талай жыл тарығып та, зарығып та күткен тарихи оқиға болды! «Ақ жол» партиясында ақ түйенің қарны жарылды! Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арналған салтанатты шара– Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған мерейтойлық естелік монетаның таныстырылым рәсімі өтті.
2012 жылы 7 қазанда Алаш атауы Қазақстан парламентінде алғаш рет естілді. «Ақ жол» демократиялық партиясы Алаштың 95 жылдығын атап өту жөнінде үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Осында алғаш рет Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және т.б. алаштық арыстардың аты аталды! Өткен аптада, 2016 жылы 12 қазанда «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алаштың 100 жылдығын атап өту жөнінде үкімет басшысына кезекті депутаттық сауалын жолдады. Осы төрт жылдың ішінде «Ақ жол» Алаш мәселесіне аралған қаншама қабырғалы шаралар өткізіп келеді. Жыл сайын өтетін дәстүрлі «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық байқауы бүгінде ғылыми әлемге талай жас ғалымның есімін ашты. Қаншама ғылыми-тәжірибелік конференциялар, Алаш аманатынан шығатын ұлттық мүдде жолындағы іс-шаралар істелді! Төрт жыл ішінде істелген істің төресі – Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын әлем атап өтіп жатқаны! «Ақ жол» партиясы 2015 жылдың қарашасында Әлихан Бөкейханның 150-жылдығы құрметіне арналған іс-шараларын жалпыұлттық деңгейде ұйымдастыру жөнінде ҚР үкіметіне депутаттық сауал жолдағанын және оны қолдаған жауап алынғаны туралы еске сала кетейік. Содан кейін көп кешікпей ЮНЕСКО-ның Бас ассамблеясы Әлихан Бөкейханның мерейтойлық іс-шараларына халықаралық мәртебе беру және оны ЮНЕСКО [caption id="attachment_59392" align="alignright" width="600"] SONY DSC[/caption] шеңберінде өткізу туралы қарар қабылдағаны белгілі. Бұл жолда «Ақ жолмен» бірге тізе қосып еңбек еткен Сұлтанхан Аққұлы бастаған алаштанушы ғалымдарға да алғыс айтамыз. Жиынды жүргізіп отырған «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасы Азат Перуашев: «Былтыр ЮНЕСКО халықаралық ұйымының шешімімен қазақ елінің көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтуге шешім қабылданды. «Ақ жол» партиясы осы бағытта қоғамдық-мәдени бірқатар шараларды атқарып келеді. Алаш мұрасы қазақ елін біріктіретін күш. Қайраткердің 150 жылдығына арналған монетаның тұсаукересіне куә болып отырмыз. Бұл үлкен қуаныш»-деп атап өтті. Осылайша Әлихан Бөкейхан есімі әлемдік тарихқа енді. «Ақ жолдың» бастамасымен мерекелік пошталық марка биылғы 12 шілдеде жарыққа шықты. Енді міне, Ұлттық Банкі шығарған мерейтойлық естелік монета қолымызға тиіп отыр! Ұлттық Банкке рахмет айта отырып, бір әттегенайы да айтылмай қалмады. Ол Алаш көсемінің аты мен тегі Ұлттық банктың ресми таныстырылымында екі тілде екі түрлі болып жүргені. Қазақшасында "Әлихан Бөкейхан" да, орысшасында "Алихан Бокейханов" болып кеткен. Әлиханның тегінде "ов" жалғауы болмағанын Азат Перуашев та, Сұлтанхан Аққұлы да орынды ескертіп кетті. Адамның екі түрлі аты- тегі болмайтынын ұлттық төлтеңгені де екі елдің тілінде жазатын Ұлттық банк қайдан білсін... «Ақ жол» естелік монетаны қымбат бағалы металдан, алтын не күмістен жасалуын сұраған болатын. Бірақ қарапайым металдан 100 мың данамен шыққан естелік монета екі-үш күнде лезде таралып кетіпті... Осыдан-ақ, Әлиханға деген елдің зор ықыласын байқауға болады. Яғни, осы қарапайым монетаның қалың қазақ үшін бағасы жоқ! Алаш үшін алтыннан да қымбат! Ендеше, Алаш баласы қуанып жатқан айтулы оқиға құтты болсын, Қазақ елі! Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz