Ұзынағашта өлтірілген ағайындылардың артында 9 бала жетім қалды
2016 ж. 26 қыркүйек
2564
0
Қазір мәйітханадамыз, бауырларымыздың мүрдесін бүгін түстен кейін бізге береді, дейді Алматы облысы Ұзынағаш ауылында мал сатып, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен жігіттердің туысқаны Тұрсын Әлімхан айтып берді.
Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.
«Мәйіттерді әлі бізге берген жоқ. Түстен кейін береді деп отыр. Қазір мәйітханадамыз», – деді Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбектің ағайыны Тұрсын Әлімхан.
Сонымен қатар, Тұрсын Әлімханұлы күдіктілердің марқұмдарды бұрыннан тануы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Сауданы марқұмдар ешкіммен бірігіп жасаған жоқ. Өздерінің маңдай тері, адал еңбегі еді. Үшеуінің артында 9 бала жетім қалды», – деді Тұрсын Әлімхан.
Айта кетейік, әлеуметтік желілердер күдіктілердің оларды тануы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
Еске сала кетейік, өткен жексенбіде БАҚ-та Алматы облысы Жамбыл ауданында мал саудасымен айналысып жүрген үш жігіттің жоғалып кеткені туралы хабарланған болатын.
Марқұмдардың туысқандарының айтуынша, Долданұлы Жарқынбек (1979 жылы туған), Зарлыханұлы Мұқият (1973 жылы туған), Әлімхан Қадылбек Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан сатып алған 40 бас малды екі жүк көлігімен 17 қыркүйек күні Ұзынағаш базарына шығарған. 19 қыркүйекте соңғы рет байланысқа шыққан. Бірнеше күннен кейін олардың денесі табылды.
24 қыркүйекте Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі із-түзсіз жоғалған үш ағайындының өліміне қатысты күдіктілер ұсталғанын хабарлады.
«Облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары подполковник Нұрлан Мәсімов басшылық еткен іздеу шараларына аудандық және аймақтық полицейлер де жұмылдырылды. Жоғалғандарды өлтірді деген күдікпен Жамбыл ауданының екі азаматы ұсталды. Жәбірленушілердің денелері табылды. ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлімі бойынша (Кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды», – делінген баспасөз қызметінің хабарында.
Кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу жұмыстары Алматы облыстық Ішкі істер департаменті басшылығының қатаң бақылауына алынған.