Дос Көшім: Қазақ тілінің жағдайын Назарбаевтан асырып айтқан ешкім жоқ
2016 ж. 17 қыркүйек
5534
11
"Қазақстан" ұлттық арнасында тұсауы кесілген "Ой толғау" бағдарламасының алғашқы санына саясаттанушы Дос Көшім мен мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл қатысты.
"Біздің билікте қазақ тілін білмейтін министрлер, шенеуніктер бар десем, шетелдік достарым сенбейді. Мұны менің басшылыққа ренішім деп қабылдайды. Сондайда мен: "Бізде қазақша білмейтін облыс басшылары да бар" деймін. Міне, біздегі жағдай осындай", - деді талай жылдан бері қазақ тілінің мәселесін көтеріп жүрген саясаттанушы Дос Көшім.
Сонымен қатар, саясаттанушы президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жағдайын кез-келген ұлтжанды азаматтан асырып айтқанын да жеткізді.
"Қазақ тілінің жағдайын Назарбаев кез-келген ұлтжанды адамнан артық айтты. Осыдан 3-4 жыл бұрын президент ассамблеяның жиынына қатысқанда, еліміздегі кәріс ұлтының өкілі Роман Ким қазақша сөйледі. Сол кезде Назарбаев: "Осы жерде жүз қазақ, бес орыс отырса, бәріміз орысша сөйлейміз. Міне, осындай сорлы халықпыз" деді. Осыдан артық қалай жеткізу керек сонда? Сол жерде отырған шенділер осы сөзден кейін ойланбады ма?", - деді Дос Көшім хабар барысында.