Галбадрах Отгонцэцэг қазақ халқына қазақ тілінде алғыс айтты
2016 ж. 28 тамыз
5065
2
Дзюдодан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг қазақ еліне қазақ тілінде алғыс айтып, аталмыш жеңісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайтынын мәлімдеді.
Евразия арнасының «Кешкі кездесу» бағдарламасына олимпиадашылар, атап айтсақ, зілтеміршілер Ниджат Рахимов пен Жазира Жаппарқұл және дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг қонаққа келді.
«Қымбатты достар, сіздерге үлкен рахмет. Олимпиада медалі менің арманым еді. Оған жеткеніме қуаныштымын. Барлық жағдай жасап, қолдау көрсеткен сіздерге, бүкіл қазақ еліне шын жүректен алғыс айтамын. Алда Токио олимпиадасында және өзге жарыстарда жеңіске жету үшін бар күшімді саламын. Рахмет! Жеңісімді маған азаматтық берген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаймын!» – деді дзюдодан Қазақстаннан шыққан тұңғыш жүлдегер қыз.
Ал Галбадрахтың жаттықтырушысы Базарбек Домбай оның еңбекқорлығын атап өтті: «Гүлбанудың Қазақстанға келгеніне екі жыл болды. Екі жылда көрсеткен нәтижесі осы. Гүлбану – өте еңбекқор».
Сондай-ақ, Галбадрахтың жеңісті кездесуін жүргізген спорт сарапшысы Уәлихан Қосанбай спортшының табандылығына тәнті болғанын жасырмады.
«Бәрінен де Галбадрахтың табандылығы ұнады. 11-0 есебімен ұтылып жатты. Олимпиада ойындарындағы бірінші белдесу, қандай жауапты сәт еді! Галбадрах сол кездесудің «алтын уақытын» өз пайдасына шешті. Ерекше сезімге бөленіп, іштей басқа қыздарымыз да осындай болса екен деп ойладық. Расында да Галбадрахтың табандылығы басқа қыздарымыздың өздеріне деген сенімділігін арттырды», – деді спорт сарапшысы.