Қ. Жұмаділов: Қазақ орысқа еш уақытта өз еркімен қосылмаған
2016 ж. 25 тамыз
5275
20
Тарих саясатпен байланысты. Тарих саясатқа бағынады. Саясатқа бағынды деген сөз билеуші топқа бағынды деген сөз. Сондықтан Кеңес заманындағы тарихымыз бұрмаланған тарих болды.
Жавахарлал Нерудің сөзі бар: «Отар елдің тарихын отарлаушы жазады» деген. Бізде дәл сол болды. Біздің тарихты орыстар жазды, не болмаса солардың айту-көрсетуімен Ресейдің ыңғайына орайластырып қазақ тарихшылары жазды. Ешқандай нақтылық жоқ, бұрмаланған тарих болды да шықты. Соған қарап тұрсаң, бір кездері Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылған болып шығады…
Орысқа қазақ еш уақытта да өз еркімен қосылмаған. Әбілқайыр заманынан кейін де алаш жұрты өз еркіндігі үшін орыстармен талай соғысты. Тіпті он тоғызыншы ғасырдың өзінде оңтүстік жақ берілген жоқ. Тек Черняев зеңбіректің оғының астына ала отырып көндірді. Демек қазақтың орысқа өз еркімен бағынуы жалған.
Қазақ қашанда бостан болуды, азат болуды сүйген ел. Біз кешеге дейін тарихты кері оқып келдік. Ал қазір заман өзгерді. Тәуелсіз елміз. Сондықтан ащы да болса тарихты келер ұрпаққа дұрыс жеткізу парызымыз. Құдайға шүкір, қазір кезінде айтылмаған шындық айтылып жатыр. Тасқа басылып, қатталып жазылып жатыр. Елдің көзі ашылды. Бұрыс пен дұрысты таразылады. Тәубә!
Қазір біз жоңғар заманынан өтіп, Шыңғысхан дәуірін зерттеуге көштік. Ұлы қаған ешқандай моңғол емес, таза түркі екенін дәлелдеуге тырысып жатырмыз. «Моңғолдың құпия тарихы», сол секілді Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы» секілді дүниелер кезінде дұрыс аударылмаған. Менің ше, әдейі аудармаған секілді. Осыдан келіп қателіктерге ұрындық. Шыңғысхан – түрік. Ал осы «түрік» деген сөзді әдейі қоспаған. Сол тарихи дүниелерді қазір қытай тіліне жетік білетіндер қайтадан аударып жатыр.
Шындық әлі айтылады. Оның бүкіл нояндары түркі тайпаларынан шыққандар, қайын жұрты, нағашы жұрты қоңырат. Тарихты жетік білетін Мұхтар Мағауин «Шыңғысхан және оның заманы» дейтін төрт томдық кітап жазды. Бар ащы шындық сонда көрсетілген. Өзге де зерттеушілер Шыңғысханның түрік екеніне көз жеткізді. Солай деп көрсетуде.
Кейбір империялар тарапынан жүргізілген кезіндегі солақай саясат Шыңғысханды түрік емес, моңғол етіп көрсетуге тырысты. Өйткені ұлы қағанның түрік екенін мойындау, Шыңғысханды түрік деп тану, сан-салалы түрік жұртын қайта көтеру, рухын оятып жіберу деп ұғып, одан қорықты.
Енді қазір біз Ұлы қағанды қалайда әлемге түрік екенін мойындатуға күш салуымыз керек. Мәселе, оны қазақ деп, мына тұрған Түргенде, Жаркентте туған, сол жерде өсіп-өнген деген өтірікті айтпауымыз керек.
Бұрхан-Халдун қайда, Жаркент қайда? Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам деген. Мәселе, Шыңғысханның қазақ болуында емес, мәселе оның «арғы атам ер түрік» деп кешегі алаш зиялылары жырлағанындай, түркі азаматы болуында. Біз осы жағынан келуіміз керек.
Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Айқын» газетіне берген сұхбатынан үзінді