Риода көрермендер Жәнібек Әлімханұлының мықтылығына түрегеп тұрып қол соқты
2016 ж. 13 тамыз
3218
2
Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындары бел ортасынан ауды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі жарыстарға қорытынды жасап.
Ал 50 метрден винтовкамен жатып ату сайысында Юрий Юрков та финалға өте алмады. Ол бар болғаны 621, 4 ұпай жинап 25-ші орынға тұрақтады.
Сонымен қатар, диск лақтырудан А тобында өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Евгений Лабуков та біз күткен нәтижені бағындыра алмады. Ол финалға өту үшін 65 метр 50 см-ге диск лақтыруы керек еді. Алайда, бұл межені екі спортшы ғана бағындыра алды. Ал қазақстандық спортшының шамасы бар болғаны 55,54 метрге лақтыруға жетті. Осылайша, жарысты өз тобында 15-ші болып аяқтады.
Бүгін сонымен қатар, жеңіл атлеттер арасында 20 шақырым қашықтықта спорттық жүрістен жарыстар өтті. Онда қазақстандық Георгий Шейко 34-ші болып, меже сығын кесті. Бұл сайыста отандасымыз 20 шақырым қашықтықты 1:23:31 уақытта келді. Алайда, жеңіс тұғырынан көрінуге тым төмен жетістік еді.
Ал бүгін жарыс жолына боксшыларымыздан тек Жәнібек Әлімханұлы ғана шықты. Қарсыласы да осал боксшы емес еді. Алайда, қазақтың қайсар ұлы қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып, ширек финалға жолдама алды. Бұл Олимпиада ойындарының медаліне бір табан жақындады деген сөз.
75 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы Алжир боксшысы Ильяс Аббадиді 3:0 есебімен таза ұтты.
Соққылары да қарсыласының көздеген жеріне дөп тиіп жатты. Осы боксты тамашалауға келген Рио тұрғындары мен қонақтары қазақ азаматының мықтылығына түрегеп тұрып қол соқты. Осылайша, бүгінгі жарыс күні Жәнібектің ширек финалға өткен жарқын жеңісімен есте қалды.
Ал тағы бір медаль алады-ау деген ауыр атлетіміз Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қос жаттығудың қорытындысы бойынша 390 келіні бағындырды. Алайда, бұл оны жеңіс тұғырына көтерілуіне аздық етті.
Ауыр атлетикадан бұл салмақта Олимпиада алтыны қос жаттығудың қорытындысы бойынша ирандық Киануш Ростами (396 келі) алса, күміс жүлде қытайлық Тянь Таоға (395 келі) бұйырды. Қола жүлде ережеге сәйкес, Денистен салмағы жеңіл болғандықтан румыниялық Габриэль Синкраянның (390 келі) еншісінде кетті. Уланов Олимпиаданы төртінші орынмен аяқтады.
Сондай-ақ, бүгін әйелдер арасында 100 метр қашықтыққа жүгіру сайыстары өтті. Онда ел намысын қорғаған Рима Кашафутдинова іріктеу кезеңінде 11, 84 секундпен 7-орынды місе тұтып, ол жарыс жолынан шығып қалды.
Сонымен бірге, тағы бір желаяғымыз Виктория Зябкина да іріктеу кезеңінде 100 метрді 11, 69 секундпен жүгіріп өтіп, нәтижесінде 5-орынға тұрақтап, жартылай финалға шыға алмады. Осы қашықтықта өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Ольга Сафронова да жартылай финалға жетпей сүрінді.
Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.
Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі ауыр атлетіміз Ниджат Рахимов пен Дмитрий Баландин 200 метр қашықтыққа жүзуден екі алтынды жеңіп алды. Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанды.
Тағы да айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 14-орынға сырғыды.