Біржан Жақыпов: Жеңіліп қалғаным үшін халықтан кешірім сұраймын
2016 ж. 11 тамыз
2414
2
Бүгін 49 келіде ел намысын қорғаған Біржан Жақыпов жеңілісінен кейін, елден кешірім сұрады деп жазады Қазақпарат.
- Сіздерді қойып, мен өзіме-өзім сенбей тұрмын. Қалай ұтылып қалғанымды білмеймін. Елден, барлық жанкүйерлерімнен жеңіліп қалғаным үшін кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмағаным үшін кешіріңіздер.
- Қарсыласың өзіңе жақсы таныс болды. Қай жерден қателікке бой алдырдым деп ойлайсың?
- Үлкен қателіктерге жол бердім. Енді не айтсам да кеш. Өйтуім керек еді, бүйтуім кереу еді деп ақталғым келмейді.
- Ендігі жоспарың жайында айта аласыз ба?
- Жоқ, әзірге ештеңе айта алмаймын.
- Үшінші Олимпиаңда сөзсіз медаль алам деген жоспар болды ғой...
- Әрине, ешкім жүлдесіз қайтам деп ойламайды ғой. Сол сияқты мен де медальдан үміттендім. Бірақ... Бәрін өздеріңіз көрдіңіздер.
- Өзге әріптестеріңізге не айтасыз?
- Менің жолымды бермесін. Олар қателікке бой алдырмай, жеңіс тұғырына жетуге тілектеспін.
Ал ұлттық құраманың бас бапкері, Біржанның жеке бапкері Мырзағали Айтжанов өз шәкіртін өте нашар жұдырықтасқаны үшін айыптады.
"Бүгінгі жекпе-жекте Біржан өте нашар бокстасты. мен олай болады деп ойлаған жоқпын. Себебі, Біржанның тәжірибесі жағынан болса да, физикалық қуаттылығы жағынан болса да, қарсыласын ұтатын мүмкіндігі болып еді. Бірақ, бокста осындай жағдайлар көп кездеседі. Біржанды өздеріңіз білесіздер, үшінші Олимпиадасына қатысып отыр. Биыл қалай да медаль алам деген үміті болды. Өкінішке қарай, медальдың сыңғыры жақындаған сәтте өзін-өзі күйдіріп алды. Өз-өзін басқара алмады, өз-өзін ұстай алмады", - дейді бас бапкер.
- Оған жарысқа шығар алдында қандай тапсырма бердіңіз?
- Біржанға кеше жаттығу кезінде де, бүгін жарысқа шығар алдында да қалай жұмыс жасау керек екендігін жақсылап тұрып айттым. Өкінішке қарай, бойы кіп-кішкентай боксшыға аяқтан тұрып бере алмады. Қазақша айтқанда, аузы аңқиып, өзін-өзі жоғалтып алды. Бұл орны толмас өкінішті жағдай. Сонша жыл дайындалды. Бір емес, үш Олимпиадаға қатысып отырып, ширек финалда жеңіліп қалу мәңгі өкініш болып қалады-ау.
- Бұл жеңілістің енді орнын толтыру мүмкін бе?
- Біржан үшін мүмкін емес. Бұл "бұйырмаған" деген сөз. Кейбір бақыт қанша қусаң да жеткізбейді. Үш Олимпиадаға қатысып отырып бір медальға қол жеткізе алмау спортшыға өте ауыр жағдай. Жалпы, Олимпиада медалі кез-келген спортшыға бұйыра бермейді. Мен бұны тек Біржан ұтылғаннан кейін айтып отырғаным жоқ. Бұл спорт тарихында, бокс тарихында бар нәрсе.
- Біржанның жеңілісі сізге де ауыр тиген болар?
- Мен өз міндетімді орындадым. Құрамадағы 10 боксшыны бірінен бірін артық, не кем көрген жерім болған жоқ. Барлығын бірдей бір уақытта, бір жерде жаттықтырдым. Ешкімнің маған өкпесі жоқ деп ойлаймын. Бірақ, "Біржан жеңілді" деп басымызды салбыратпаймыз. Басқа да жігіттеріміз бар. Енді сол жігіттерімізге Алла күш-қуат берсін. Оларды алдағы жекпе-жектерге тыңғылықты дайындаймыз.