ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ ТОҚТАР ӘУБӘКІРОВ ЖЕТПІСКЕ ТОЛДЫ
2016 ж. 27 шілде
6454
1
Бүгін Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, әскери ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің туған күні, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ол 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ұшқышқа 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
Ғарышкер-ұшқыш 1969 жылы Ресейдегі Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1979 жылы Авиация институтын бітірген.
1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады.
1989 жылы алғашқы рет авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29К» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен қондырды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.
1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылы сәуірдің 2-сінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан.
Ғарышқа Александр Александрович Волковпен және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің ғарышкер-зерттеушісі ретінде ғарышқа аттанды. Қазақстан мен Австрияға ғарышқа жол ашқан бұл тарихи оқиғаны Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады.
Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағында республиканың Ұлттық ғарыш агенттігі құрылатындығы туралы мәлім етті.
Ғарышта ол өзге серіктестерімін бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Сонымен қатар Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды, аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өткен. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери партриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.
1992-1993 жылдары – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары.
1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
1996-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары.
2002-2003 жылдары - «Испат-Қармет» ААҚ-ының корпоративтік істер жөніндегі орынбасары. 2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық іс, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.
«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен «Құрмет белгісі», Ленин, Қазан революциясы, «Алтын крест» ордендерімен марапатталған.