Қазақстандағы лаңкестік оқиғалар «қалыпты салафилік» деген ұғымды жоққа шығарды
2016 ж. 20 шілде
5502
6
Еліміздегі лаңкестік оқиғалардың діни астары туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
- Айнұр Әбдірәсілқызы, қазір діни ахуал мәселесі қоғам назарында тұрған өзекті тақырыптардың бірі екені өзіңізге белгілі. Осы орайда өзіңіз басқарып отырған орталықтың еліміздегі діни ахуалды зерттеп-зерделеу барысындағы қызметімен оқырманды толығырақ таныстырсақ деген ойдамыз. Жалпы, елдегі діни ахуалды зерделеу қалай жүзеге асырылады?
- Әрбір зерделеу жұмысы ғылыми-теориялық жағы мен қолданбалы-тәжірибелік қыры қатар қарастырылып, кешенді түрде жүзеге асырылғанда ғана тиімді әрі шынайы нәтиже береді. Сондықтан біздің орталық бірінші кезекте діни ахуалды зерделеудің отандық және шетелдік тәжірибесін зерттеп, осы бағытта әдістемелік құралдар мен ақпараттық-анықтамалық материалдар әзірлеу жұмыстарымен айналысады.
Сонымен бір мезгілде жасақталған әдістеме негізінде діни ахуалды зерделеу орталықтанған түрде жүзеге асырылып отырады. Бұл орайда еліміздегі діни ахуалды зерделеудің екі негізгі тетігі қалыптасқан. Біріншісі - ағымдағы ақпараттық-талдамалық зерттеулер, екіншісі - тәжірибелік (өңірлік) зерттеулер.
Ағымдағы зерттеулер діни және діни емес БАҚ-тар мен ғаламтор ресурстарына тұрақты түрде жүргізілетін мониторингтің қорытындыларын, жергілікті әкімдіктер жанындағы Дін істері басқармалары мен Дін мәселелері жөніндегі зерттеу мекемелерінің қызмет нәтижелерін, діни бірлестіктердің іс-әрекетін, орын алған оқиғалар мен ұйымдастырылған шараларды, сарапшылар қауымдастығының зерттеулері мен тұжырымдарын, шетелдердегі діни ахуалды есепке ала отырып, ай сайын жүргізіледі.
Ал тәжірибелік-өңірлік зерттеулердің жөні бөлек. Бұл - біздің орталық қызметкерлерінің апталап-айлап, ат үстінен түспей жүріп, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, тұрғын халықпен тікелей жүздесіп жасайтын арнайы іссапарлық зерттеулері.
Тәжірибелік зерттеулерге кіріспес бұрын біздің тарапымыздан бірінші кезекте өңірлердегі діни ахуалды тікелей қадағалайтын жергілікті әкімдіктер жанындағы Дін істері басқармалары мен Дін мәселелері жөніндегі зерттеу мекемелері жүргізген жұмыстар мен әлеуметтанулық зерттеулер қорытындысына талдау жасалады. Өңірлерге барғаннан кейін осы талдаудың шынайы ахуалмен сәйкестігі салғастырыла тексеріледі.
Осы мақсатта жергілікті тұрғын халықтың әртүрлі санатымен кездесулер өткізіліп, фокус-топтық талдау жұмыстары жүргізіледі. Сауалнамалар алынып, сұрақ-жауап пішіміндегі шаралар ұйымдастырылады. Жергілікті баспа және электрондық БАҚ жарияланымдары зерделенеді. Діни бірлестіктер мен олардың жанындағы қайырымдылық қорлар қызметі талданады. Дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдерінің іс-әрекеті зерттеп-зерделенеді.
Осы жұмыстардың нәтижелеріне талдау жасала отырып, жергілікті діни ахуалдың нақты жай-күйі жайлы қорытынды шығарылады. Болжам ғана жасалмайды, болашақ бағыттар да белгіленеді, қай салада басым жұмыс жүргізіп, нендей шараларды жетілдіру қажеттігі айқындалады. Сандарды сөйлетсек, 2015 жылы өңірлерге жасалған іссапарлар барысында 183 іс-шара өткізіліп, 10283 тұрғын қамтылған, 2105 қатысушыдан сауалнама алынған болатын. Ал зерттеу қорытындылары Дін істері комитеті мен тиісті мемлекеттік органдарға беріліп қана қойған жоқ, кезең-кезеңімен БАҚ беттерінде мақала, сұхбаттар түрінде жарық көріп, жұртшылық назарына ұсынылып та үлгерді.
- Өзіңіз айтып өткен тұрғын халықтың әртүрлі санаттарына кімдер жатады? Өңірлік зерттеулер жыл бойы жүргізіле ме, әлде нақты бір мерзімге жоспарлана ма?
- Діни бірлестіктер өкілдері, мешіт жамағаты, еңбек ұжымдары, студент жастар, мектеп оқушылары, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік қызметкерлер, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, әйелдер аудиториясы, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, түзету мекемесінде жазасын өтеушілер - осы аталған топтардың барлығы мүмкіндігінше көбірек ауқымда зерделеу жұмыстарында қамтылады.
Әр аудиториямен жұмыс жүргізудің өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Діни ахуалды түсіну және бағалау деңгейі әртүрлі, қызықтыратын мәселелері сан алуан, құндылықтары да қабыса бермейтін әрбір топ үшін өзіне тән тіл, тақырып, әдіс қажет. Сауалнамалар да топтарға қарай түрленіп отырады. Зерделеу жұмыстарын жүргізудің өзі бір төбе болса, нәтижелерді талдаудың өзі бір сала.
Мерзімі жөніндегі сауалыңызға келсек, өңірлік зерттеулерді біз өткен жылы өз ұсынысымызбен алғаш рет тәжірибеге енгізіп, сәуір-қараша аралығындағы сегіз ай көлемінде жүзеге асырған болатынбыз. Биылғы жылы бұл жұмысты тамыз-қараша аралығына жоспарлап отырмыз.
Бірақ өңірлік зерттеу тәжірибесі тек арнайы іссапарлық зерттеулермен шектелмейді. Орталыққа жыл бойы еліміздің барлық аймағынан Ақпараттық-түсіндіру топтары құрамында дәрістер оқу және топ мүшелеріне арналған оқыту семинарларын өткізу жөнінде сұраныстар көптеп түседі. Тақырыптық бағытына қарай мұндай шараларға мамандарды іріктеп жіберіп отырамыз. Сонымен қатар Дін істері комитетінің жоспарлы ақпараттық-түсіндіру шараларына да қатысып, ел аймақтарын жиі аралаймыз. Кей жағдайда жекелеген өңірлерде бірнеше маманымыздың қатысуымен екі-үш күндік семинарлар өткіземіз. Осындай шаралар барысында да зерделеу жұмыстарын қоса қамтып, талдаулар мен сауалнамалар жүргіземіз. Кешенді түрде жүргізілген барлық жұмыстар нәтижесінде біртұтас қорытынды жасалады.
- Діни ахуалды зерделеудің қызық та қиын сала екені әңгімеңізден айқындалып отыр. Бірақ Орталық қызметі бұл айтылғандармен шектелмейтіні белгілі. Оқырмандарға толымдырақ мәлімет беру үшін қызметтеріңіздің өзге де қырларына шолу жасап өтсеңіз.
- Біздің орталықта еліміздегі діни ахуал мониторингімен қатар дін саласындағы ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізіліп, діни әдебиеттер мен ақпараттық құралдарға, діни мақсаттағы заттарға дінтану сараптамасы жүргізіледі. Дін мәселелеріне, діни бірлестіктер қызметіне, діни білім мен дінтану сараптамасына қатысты ақпараттық-анықтамалық және әдістемелік материалдар, зерттеу еңбектері, талдау жұмыстары әзірленеді.
Республика көлемінде құрылып, әрбір өңірде жұмыс істеп келе жатқан Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарына тікелей қатысу және әдістемелік көмек көрсету де біздің орталықтың міндетіне жатады. Бұдан тыс әртүрлі мемлекеттік мекемелерде - құқық қорғау органдары, әскери құрылымдар, білім және ғылым мекемелері, медицина саласындағы ұжымдарда сұраныс бойынша діни ахуалдың өзекті мәселелеріне қатысты дәрістер оқимыз.
Жоспарлы оқыту семинарлары мен түрлі пішімдегі іс-шаралар ұйымдастыру, жастар мен әйелдер аудиториясына қатысты мақсатты жұмыстар жүргізу орталық жұмыстарының елеулі бір бөлігі болып табылады. Сонымен қатар ресми сайтымыз бен әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмыстарын жүргіземіз.
Жоғарыда аталған бағыттар бойынша көптеген басылымдар әзірлеп, аумақтық Дін істері басқармалары арқылы ел көлеміне таратамыз. Өткен жылдың өзінде ғана екі тілде қатар әзірленген «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларына арналған әдістемелік құрал, мектеп директорларына, оқу орындарының басшыларына, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторларға арналған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар» атты қосымша құрал, «Дін саласындағы өзекті мәселелер жөніндегі 20 сұрақ-жауап» сериясының жеті шығарылымы, «Дінтанушы-сарапшының үстел кітабы», «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары: теориясы мен тәжірибесі» атты ақпараттық-анықтамалық материал, «Өңірлердегі діни ахуалды зерделеудің тәжірибелік мәселелері» атты әдістемелік ұсынымдар, «Қазақстандағы діни ахуал мәселелері» атты зерттеулер жинағы, «Имамға көмекші» үстел кітабы және «Дінтанулық зерттеулер» секілді жиырмадан астам іргелі еңбектер жарық көрді.
- Осы тұстан сауалымызды қазіргі қоғамда кеңінен талқыланып отырған мәселелерге ойыстырсақ. Соңғы кезең оқиғалары лаңкестік тақырыбын күн тәртібінен түсірмей отыр. Ақтөбедегі жағдайға қатысты көптеген материалдар жарық көрді. Сіздің де «Ақтөбе оқиғасы салафиліктің қауіптілігін айқын дәлелдеді» атты мақалаңыз көпшілік тарапынан қызу талқыланды. Осы орайда Ақтөбеде лаңкестіктің орын алуын өңірдегі құқық және дін саласындағы мамандардың тиісті деңгейде жұмыс жүргізе алмауынан деп бағалаушыларға қандай пікір айтар едіңіз?
- Кемшіліксіз қызмет тарихта болмаған. Әр саланың күрделілік деңгейіне сәйкес өз қиындықтары, тұрақты түрде туындап отыратын күрмеулі мәселелері болады. Ол - мемлекет тіршілігінің ажырамас заңды үдерісі.
Ал Ақтөбедегі оқиғаны сала мамандарының тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеуінің салдары деген пікірмен мүлде келіспеймін. Әдетте сол саланың тыныс-тіршілігінен бейхабар адамдар ғана осындай үстірт әңгімеге әуес келеді. Әділеттілік үшін айтайын, тек дін саласына тоқталар болсам, еліміздегі он алты өңірдің ішінде қызмет белсенділігі жөнінен ақтөбелік әріптестеріміз оқ бойы озық тұр дер едім. Бұл өңірде жергілікті әкімдік құрамындағы Дін істері басқармасы, оның бастамасымен ашылған «Ансар» оңалту орталығы, жергілікті құқықтық бақылау органдары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы филиалдарының бірлескен жұмысы жақсы жолға қойылған. Соңғы төрт жылда өңірдегі діни ахуалдың тұрақтануы - осы құрылымдардың орасан зор күш-жігерінің нәтижесі.
Елімізде теріс пиғылды және радикалды ағымға арбалғандарды райынан қайтару жөніндегі алғашқы әдістемелік құралды жасақтаған және оны тәжірибе жүзінде қолданып, елеулі нәтижеге қол жеткізген де ақтөбелік мамандар болатын.
- Ендеше, «неге дәл осы өңірде лаңкестік қайта бас көтерді?» деген сауалдың көкейде тұрғаны айқын, соған келейік.
- Ол өңірдің тұтастай алғандағы ахуалына байланысты мәселе. 2011-2012 жылдардағы лаңкестіктің ең жиі орын алған өңірі - Ақтөбе екенін көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Ақтөбенің ғана емес, жалпы батыс өңірінің діни ахуалы ширығысты болып қалыптасты. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Қазақстанның батыс өңірі - шекаралық аймақ, оның Ресеймен шектесуінің діни ахуалға өзіндік әсері болды. 2000-2011 жылдар аралығында Дағыстанда өткен толассыз террористік актілердің жаңғырығы бірінші кезекте батыс өңіріне жетті. Дағыстанға жарылыс жасау үшін кеткен қазақстандықтардың батыс өңірінің тумалары болғаны белгілі. Яғни көрші елдегі дүмпулер мен лаңкестік идеялар белгілі бір дәрежеде батыстықтар санасына әсер етті.
Екіншіден, мұнайлы-өндірісті батыс өңірі - стратегиялық маңызы зор аймақ. Геосаяси мүдделерді көздеген сыртқы күйретуші күштердің Қазақстанның осы өңірінің ішкі тұрақтылығын әлсіретуге және сол жерде тұғырларын орнықтыруға көбірек назар аударатыны айқын. Сондықтан кезінде батыс өңірлеріне сырт елдерден қолдау тапқан дәстүрлі емес діни ағым өкілдері көбірек шоғырланып, белсене жұмыс жүргізді. Оларға қарсы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және қажет жағдайда шұғыл шаралар да жүргізілгенімен, «ұсталмаған ұры емес» - құрықталмаған талайлар ел арасына сіңіп кетті. Уақыт өте келе оның сілемі қайта айқындалуда.
Үшіншіден, өндірісті өңірлерге тән топтасу мен ұйысуға бейімділік сипаты тұрғын халық бойында белсенді идеологиялық бағдарларға деген қажеттілікті оятады. Бұл қажеттілікті де дәстүрлі ағым өкілдері өз мақсаттарына пайдаланып, агрессияшыл идеяларын таңып үлгерді.
Төртіншіден, әр өңірдің менталитетінің ерекшеліктеріне қарай дінге құлшынысы мен діни құндылықтарға қатынасы әртүрлі болатыны белгілі. Бұл мәселеде оңтүстік өңірінде салыстырмалы белсенді, орталық өлкелерде байсалды, солтүстікте салқынқандылау қатынас орныққан болса, батыстық азаматтарда құндылықтарға қалтқысыз берілу мінезі басым. Дін құндылықтарын қызғыштай қоритын жауынгерлік мінезді басқа бағытқа бейімдеп алуға да болатынын дәстүрлі емес ағымдар әрекеті айғақтап отыр.
Қазақстан Республикасы аумағында бүгінге дейін сот шешімімен тыйым салынған 670 экстремистік мазмұндағы материалдың тең жартысы, яғни 334-і салафилік ағымына тиесілі болса, соның 226-сына батыс өңірлердегі жергілікті соттар тарапынан тыйым салу жөнінде шешім шығарылған екен. Осының өзі өңірдің тұтастай алғандағы діни ахуалының белгілі бір көрсеткіштері болып табылады.
- Соңғы жайтты тарата айтсаңыз. Сот шешімімен тыйым салынған салафилік материалдар кімдерге тән?
- Бұл материалдар арасында салафилік ағымының белгілі идеологтары саналатын Ибн Тәймия, Ибн Бааздан бастап, қазіргі заманғы жетекшілерінің, пәтуа беруші шейхтарының, белсенді уағызшыларының көптеген еңбектері бар. Материалдар арасында көлемді кітаптар ғана емес, әртүрлі көлемдегі ғаламтор материалдары, оның ішінде мәтіндер, дыбыстық-бейне жазбалар, дәрістер, уағыз-насихаттар мен үндеулер кездеседі. Еңбектеріне тыйым салынған салафилік уағызшылар арасында өкінішке орай, Ділмұрат Әбу Мұхаммад секілді өз отандастарымыз да бар.
Бұл материалдарды талдап-түсіндіру, зиянды идеяларын тарата айту қазіргі Қазақстан қоғамы үшін маңызды болғандықтан, біздің Орталық қызметкерлері таяуда осы тақырыпта жеке талдау материалын жарияламақ.
- Салафилікке тыйым салу мәселесіне қатысты ғаламтордағы талқылауларда «Ұйым ретінде топтаспаған ағымға тыйым салуға негіз жоқ» деген секілді тұжырымдар бой көрсетіп қалады. Орайы келіп тұрғанда осы жайтқа талдау жасап өтсеңіз: ағымға тыйым салу тәжірибеде бар үрдіс пе?
- Болғанда қандай! Дәстүрлі емес діни ағымдардан бізден бұрынырақ және ауырырақ зардап шеккен Тәжікстан, Дағыстан, Өзбекстанда салафиліктің атын атап, түсін түстеп, кейбірі тіпті уаххабилікке қосақтап тұрып, тыйым салатын заңнамалық құжаттар қабылданған.
Айта кету керек, Ресейде бой көрсетпесе де, террористік ұйым ретінде тыйым салынған «Аль-Каида в странах исламского Магриба» ұйымының алғашқы атауы «Салафистская группа проповеди и джихада» болатын. Сондай-ақ өз аумағындағы ешбір тіркелген діни бірлестікке немесе ұйымға қатысты болмаса да ресейліктер «Нұршылар халықаралық ұйымына» және «нұршылық идеологияны насихаттайды» деген дәйекпен түрік лицейлерінің қызметіне тыйым салды. Мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірсе, тұтас идеология тұрмақ, жекелеген идеяларға, атаулар мен нышан-рәміздерге де тыйым салу шараларын көптеген мемлекеттер қолдайды.
Алысқа бармай-ақ өзіміздің Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңдарына көз салайықшы. «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 3-бабында көзделгендей, елімізде экстремистік деп танылған ұйымдардың атауларын жаңадан құрылатын ұйымдар атауына пайдалануға жол берілмейді. Осы заңның 13-бабында бейбіт митингілер мен шерулер өткізу барысында экстремизм нышандарын пайдалануға жол берілмейтіні айтылған. Мәселен сіз ізгі мақсаттағы қоғамдық акциялар өткізу барысында біліп-білмей тыйым салынған экстремистік ұйымға қатысты бір нышанды, айталық ДАИШ ұйымының қара түсті туын немесе оның суретін қолдана қалсаңыз, ол экстремизм нышанын пайдалану ретінде айыпталады.
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңға назар аударсақ, негізгі ұғым ретінде «күш қолдану идеологиясы» тіркесінің пайдаланылғанын байқайсыз. Осы ұғым террористік әрекеттердің туындауын айқындайтын негізгі өлшем болып табылады және заңның бүкіл мәтініне тіректік қызмет атқарады.
«Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның елеулі бөлігін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелері құрайды, соған сәйкес тиісті тыйымдар да белгіленген. Ал ақпарат кеңістігі - идеологиялық сала екені, ақпарат арқылы идея насихатталатыны баршаға белгілі. Осы заңда Қазақстан Республикасы халқының рухани-мәдени мұрасынан айырылуы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін қатерлер қатарында көрсетілген. Ал рухани-мәдени мұрадан айыру қалай жүреді? Күйретуге бағытталған идея мен идеология арқылы ғана. Ал бұл қатерге жол берілмеуі - теріс идеологияға жол берілмеу деген сөз.
Елімізге теріс пиғылды ағымдар идеологиясының таралуына елеулі дәрежеде тосқауыл болып отырған бір тетік бар, ол - Дін істері комитеті тарапынан жүргізілетін дінтану сараптамасы. Осы сараптама барысында да ең алдымен идея сарапқа салынады. Яғни «Материалдың мазмұнында саяси, діни немесе ұлттық экстремизм белгілері бар ма?», «Адамның әлеуметтік, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тiлдік қатыстылығына байланысты оның құқығын, бостандығы мен заңдық мүдделерін бұзуға шақыратын белгілер бар ма?», «Заңмен белгіленген азаматтық міндеттерді орындаудан бас тартуға және заңға қайшы әрекеттерге шақыратын үндеулер кездеседі ме?», «Зайырлы білім алудан, зайырлы мамандық игеруден, ақы төленетін еңбектен, дәрiгерлiк жәрдемнен бас тартуға, дiни ұстанымдар негізінде отбасының бұзылуына жетелейтін идеялар бар ма?» деген сараптама сауалдарының барлығында идея бірінші кезекте тұр. Идеяға талдау жасау арқылы дінтану сараптамасы жасалған материалға оң немесе теріс қорытынды беріледі. Соған сәйкес оның ел аумағында таралу-таралмау мәселесі де шешіледі.
Қорыта келе мына жайтты атап өткім келеді: 2014 жылдың 18 тамызында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы экстремистік деп танылып, оның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынғаны белгілі. Тәкфіршілік - бір идеологиялық негізден бастау алатын салафиліктің көп ағымдарының бірі. Сондықтан тәкфіршілікке тыйым салу үдерісін салафилік ағымдарды бөлшектеп еңсерудің басы деуге болады. Ал оның ортасы - жоғарыда айтылған салафилік әдебиеттерге тыйым салу болатын. Енді ағымның идеологиясы мен іс-әрекетіне шектеу қойылса, бұл үдеріс толығымен аяқталады.
Сондықтан дәл осы жерде біз әр нәрсені өз атымен атайтын сәтке тірелдік: Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастырушылар - салафилік ағым өкілдері.
Бұлай деуімізге не себеп? Себебі - біріншіден, лаңкестердің елге және әлемге белгілі ешбір террористік ұйымға қатыстылығы айқындалған жоқ. Олардың шетелдік басқарушылардан нұсқау алған болуы ықтимал деген болжам бар, солай болған жағдайда да лаңкестікті жүзеге асырушылардың ел ішіндегі дәстүрлі емес ағымнан тамыр тартатыны анық.
Демек, күмәнділерден қалатыны - дәстүрлі емес көзқарастағы танымал теріс ағым - тәкфірші-мадхали-салафилер. Елімізде салафилердің ішіндегі ең радикалды көзқарастағылар ретінде тәкфіршілікке сот шешімімен тыйым салынғаны белгілі, бірақ бұл салафиліктің басқа тармақтарын «қалыпты» деп ақтауға жол бере алмайды. Керісінше, тәкфіршілікке тыйым салу - салафилік ағымдарды бөлшектеп еңсерудің басы ретінде қабылданғаны жөн.
Тәкфіршілерден тысқарысы - базбіреулер «саясатқа араласпайды, мемлекетке қарсы әрекетке бармайды» деп дәріптеп жүрген мадхалилік бағыттағы салафилер мен олардың тарапынан біресе «сурурилер», біресе «ихуандар» деп айыпталып жүрген александриялық салафилер. Екі ағым өкілдері де өздерін шартты түрде саясаттан алшақ деп танытуға тырысады. Демек, әрқайсысы өздерін «қалыпты» санайды, мұндайда қарсы тарапқа «радикалдыдан» басқа атау қалмайды (оны ашық түрде мәлімдемеген жағдайда да). Бірақ діни көзқарастары мен идеялары жағынан олардың бір-бірінен де, тәкфірші «бауырларынан» да айырмасы жоққа тән.
- Демек, «қалыпты» ұғымының өзі шартты болғаны ғой?
- Дәл солай. Біздің кеңістікте салафилік ағымдарды идеологиялық жағынан «қалыпты», «радикалды» деп екіге бөліп қараудың мәні де, негізі де жоқ. Мадхалилерді ерекшелеп ақтаушыларға бірден тойтарыс берейін: олардың «қалыптылығын» қуаттайтын дәлелдер «жаманның ішіндегі жақсысын таңдап», әйтеуір бір ағымға мойынсұнуға мәжбүр болып отырған жекелеген араб елдерінде ғана қолдануға келер (жарамдылықтан емес, мәжбүрліктен). Ал біздің зайырлы мемлекеттің не діни, не танымдық, не саяси кеңістігіне олардың «қалыптылығы» туралы көзқарас сыйымды емес. Дәстүрлі емес ұстаным иелері ешқашан шетін көзқарастан азат болмайды.
Білікті дінтанушы, теолог мамандарымыздың тарапынан сарапшылар шартты түрде «тәкфірші», «мадхали», «сурури» деп бөлетін топтағылардың барлығы өзін салафилер деп санайтыны айтылып келеді. Яғни ұстанымы, болмысы бір екенін олардың өздері де мойындайды.
Мәселені айдалаға алып қашып, назарда басқа жаққа бұрғысы келетіндер - осы ағым өкілдерінің бір бөлігін болса да ақтап алып, қоғамға сіңіріп жібергісі келетіндер. «Қалыпты салафилік» туралы ұғым - солардың астыртын саясатының жемісі. Бірақ бұл ұғым ешбір өлкеде тәжірибе жүзінде өзін ақтаған жоқ. Заманауи тарихының лаңкестікке толы ащы беттерінен сабақ ала отырып, кеңестерден кейінгі кеңістіктегі тарихи тағдыры ортақ көршілеріміздің барлығы «қалыпты салафилік» деген құбылыстың жоқ екенін мойындады. Қазір бірқатар араб елдері де салафиліктің шынайы исламға жат ұстанымдарын аяусыз әшкерелеп отыр. Осындай жағдайда біз де қоржынымызды қағып-сілкіп, ұғымдарымызды қайта тиянақтап алуымыз қажет.
Тоқ етері: Ақтөбе оқиғасы «қалыпты салафилік» деген түсініктің болмайтынын, салафиліктің болмысына қауіпті шетін көзқарас тән екенін айқын дәлелдеді. Бұл қайғылы оқиғадан сабақ ала отырып, құқықтық реттеу, ақпараттық-түсіндіру, ғылыми-зерттеу, қоғамдық ой-пікір салаларында тиісті тұжырымдар қалыптастыру - баршамызға ортақ міндет.
- Соңғы әрі дәстүрлі сұрақ: Орын алған оқиғалар аясында қазіргі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз?
- Ешбір елдің ауа-райы дауыл тұрып тұрған сәтте өлшенбейді. Дауылы, жауыны, жайма-шуақ күндері толығымен есепке алына отырып, біртұтас өлшеммен алғанда қандай климаттық белдеуге жататыны айқындалады. Елімізде күні кеше өткен лаңкестік оқиғалар мен олар тудырған жаңғырықтардан кейін діни ахуалға баға беруге бірқатар тұлғалар тартынып қалған болуы да мүмкін. Әсіресе террористік қауіптіліктің сары белдеуі сақталып тұрған кезең ішінде бағалау деңгейінің толқымалы болуы да қалыпты жағдай.
Десек те, қанша залалды, өкінішті болғанымен, жекелеген оқиғалар жалпы ахуалды адам танымастай өзгертіп жібереді деуге келмейді. Өкінішке орай, біздің бұған дейін де сан рет мәлімдегеніміздей, жаһандық деңгейде өрістеп отырған терроризм қаупінен ешбір ел, оның ішінде Қазақстан да ада-күде азат болып қала алмай отыр.
Жетістіктерді де жоққа шығармай, қауіп-қатерлерді де қолдан көлегейлемей, осы кезең үшін орнықты бағасын берер болсақ, еліміздегі қазіргі діни ахуалды салыстырмалы тұрақты деп бағалаған жөн.
- Сұхбатыңызға рахмет!