Қ. Айтаханов: Ауылды дамытпай ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес
2016 ж. 17 шілде
5545
5
Ол үшін Ауылшаруашылық және азық-түлік министрлігін құру керек
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ. МӘСІМОВКЕ
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Соңғы жылдары Мемлекет Басшысының тапсырмасымен ауыл-шаруашылығын дамытуға көңіл бөлініп, бірқатар жұмыстар атқарылды. «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Келешекте жер қойнауы байлықтары азайып, таусылуы мүмкін. Ал, Жер-Ананы дұрыс баптап-күтсек ол таусылмайтын, қайта жыл сайын жаңарып отыратын байлық көзі» деп атап өтті. Бұл аграрлық сектордың еліміздің дамуына тікелей әсер ететін, үлкен серпін беретін сала екенін көрсетеді. Алайда, өзіміздің тұтынуымыздан 2-3 есе артық азық-түлік өнімдерін өндіруге әлеуеті жететін ұлан-байтақ жерімізді тиімді пайдалана алмай келеміз. Елімізде ауыл шаруашылығы экстенсивті түрде жүргізілуде. Еңбек өнімділігі төмен, өнімнің өзіндік құны қымбат, бәсекеге қабілетсіз, ауыл-шаруашылығына жұмсалған инвестиция көлемі өнеркәсіппен салыстырғанда 23 есе, Ресеймен салыстырғанда 6 есе, Беларусиямен салыстырғанда 30 есе төмен. Саланың материалдық-техникалық базасы сын көтермейді, жаңа техника мен технология жеткіліксіз, ұсақ шаруашылықтардың үлесі басым, өнімді терең өңдеу жолға қойылмаған, қаржы жетіспейді. 1 га ауыл-шаруашылық жерге шаққанда берілетін Мемлекеттік қолдау бізбен салыстырғанда Ресейде – 2 есе; Беларусияда – 4 есе; Евроодақ елдерінде – 20 есе жоғары. Оның үстіне бұл елдердің табиғи-климат жағдайы өте қолайлы, ылғал мол, өнімділігі жоғары. Жыл сайынғы Агробизнес «2020 бағдарламасын» қаржыландыру 70 пайыздан аспайды. Азық-түлік өнімдерінің көптеген түрлерінен импортқа тәуелділік жоғары. Қалыптасқан жағдай және еліміздің ЕАЭО құрамында жұмыс істеуімен ДСҰ-ға кіруі, аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін, тиімділігін көтеруді, оны мемлекет тарапынан қолдауды күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің 3 бағытын:- Ауыл-шаруашылық машина жасау, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді шығаруды қолға алу;
- Ауыл-шаруашылығын мемлекеттік қолдауды күшейту, агробанк ашу, ауыл-шаруашылығы тауар өндірушілерге арзан, ұзақ мерзімді несие беру, субсидиялар көлемін ұлғайту, кооперацияны дамыту арқылы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру, МТС ашу, жаңа техника мен технологиялар енгізу арқылы ауыл-шаруашылығының өнімділігі мен тиімділігін арттыру;
- Өндірілген өнімді дайындау, сақтау, тасымалдау, сату, терең өңдеу, тамақ өнеркәсібін дамыту арқылы азық-түлік өнімдерінің молшылығын жасап, оны экспорттау есебінен ел қазынасын толтыруға бағытталған АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, оны орындаудың материалдық, қаржылық, кадрлық көздерін айқындап, іске асыру керек.
- Ерекше тоқталатын мәселе, ол қайтарымы мол, кепілді мол өнім беретін ауыл-шаруашылығының «Алтын қоры» болып есептелетін суармалы жерлердің әлеуетін толық және тиімді пайдалану; ол үшін республикалық бюджет пен Халықаралық қаржы институттарының және басқа қаражаттар есебінен:
- Ауыл-шаруашылығы айналымынан шығып қалған суармалы жерлерді қалпына келтіру, қолданыстағы суармалық жерлердің гидротехникалық жағдайын жақсарту арқылы құнарлығы мен өнімділігін арттыру;
- Су қоймалары мен каналдардың, тік, көлденең кәріз жүйелерін республикалық, коммуналдық меншіктерге алып, оларды қайта жаңғыртуды, жетілдіруді, қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету;
- Ауыл-шаруашылығы министрлігінде суармалы жер шаруашылығымен айналысатын арнайы басқарма немесе бөлім ашып, статистикалық мәліметтерге суармалы егіншілікті пайдалану деректерін енгізу;
- «Мелиорация туралы» Заң жобасын қабылдау.
- Ауылда халқымыздың 43 пайызы тұрады. Ауылды дамытпай ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес екенін ескеріп, ауылдық елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен, байланыс, пошта қызметтерімен қамтамасыз ету, жол, тұрғын үй салу, білім, денсаулық мекемелерінің жұмыс сапасын жақсарту, тиісті кадрлармен қамтамасыз етуді қамтитын ауылдық елді мекендерді дамыту бағдарламасын қабылдап, іске асыруымыз керек. «Ауыл тұрғындарының ең төменгі өмір сүру мемлекеттік стандарттары туралы» Заң қабылдауды ұсынамыз.
- Азық-түлік өнімдерінің бағасы өсуі мен елімізге контрафакті өнімдердің келуіне тосқауыл қоятын және халықты сапалы Азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отыру үшін ауыл-шаруашылық өнімдерін өндіру, дайындау, сақтау, өңдеу, тасымалдау, сату оларды экспорттау мен импорттау және баға мәселелерін үйлестіріп отыруды бір қолға беріп Ауыл-шаруашылық және азық-түлік министрлігін құру.