Тоқтар мен Бейбіт әріптестеріне бола өнерден кетпек
Бүгінде бірнеше кәсіптің басын ұстаған Тоқтар Серіков өнерден кетпек. Ол мұның себебін әріптестеріне деген ренішімен түсіндірді.
Бұл туралы
Stan.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Тоқтар мен Бейбіт егіздері дүниеге келгелі халыққа көрінбей жүр. Бейбіт үш ұлына қарайласа, Тоқтар гитарасын жеке кәсіпке айырбастаған. Алайда әншілердің халыққа көрінбеуінің тағы бір себебі бар. Ол – сырға тағып, шашын бояп, жыртық киім киген әріптестері мен оларды қорғаған аға буынға деген реніші.
“Менде сылтау жоқ. Тіпті не айтарымды да білмеймін. Кішігірім кәсіпті қолға алып, бүгінде мал шарушылығымен, арнайы техникалар әзірлеумен айналысып жүрмін. Алдағы уақытта егін шаруашылығымен де айналыспақпын. Адам болған соң бірнәрсемен тоқтап қалуға болмайды. Дүниедегі жалқау адамның таңы мен кеші бірдей. Күннің қалай өтіп жатқанын білмей қалады. Арасында тірлік жасап қалуы керек.
Бала-шағам менің арқамда өмір сүрсе деп армандаймын. Әлемнің ең мықты ЖОО-ларында білім алып, қазақ дейтін халыққа сүбелі үлес қосатын адам болу. Осылар үшін қызмет етемін. Бизнеспен айналысып жүргенімді еш жасырмаймын. Оны әріптестерімнің барлығы біледі”, – дейді Тоқтар Серіков.
Әнші сылтауым жоқ десе де, халық алдына шығып өнер көрсетпеуінің тағы бір себебі бар. Әсіресе жас буынға “адвокатшыл” бола қалатын буынға өкпелеп жүргенін кесіп айтты.
“Киелі сахнамызда шашын бояп, құлақтарына сырға салып, аулары салақтаған әншілер қаптап кетті. Солардан жиіркенгеннен кеткім келеді, кетіп барамын. Құлақтарына сырға салатын бауырларым, астагфируллах олар менің бауырларым емес.
Бауырларым болмай-ақ қойсын. Бұдан өзге тізесі жыртық киім киетін қарындастарым бар. Соларды көрген кезде сахнадан кеткім келеді. Қазақ сахнасы оларды менсінбеуі керек. Соларды жақтаған аға-апаларыма өкпелімін”, – дейді әнші.