Ұлттық этнодизайнның негізін қалаған шебер еді...
2016 ж. 05 шілде
4133
0
Сирек дарын иесі Аманжол Найманбайдың соңында өзі сәулетін жасаған көптеген ғимараттар қалды
Танымал суретші-дизайнер, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, профессор, ұлттық дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі Аманжол Найманбай 68 жасында дүниеден озды. Еліміздің жұртшылық өкілдері мен Алматы қаласының тұрғындары ардақты азаматты ақтық сапарға шығарып салды. Сирек дарын иесі Аманжол Найманбайдың соңында Қазақстанның қалаларында өзі сәулетін жасаған көптеген ғимараттары қалды. Шығармашылық қиялы ұшқыр, тау мен тастан, құм мен шөл даладан әсемдік іздеген Аманжол Найманбай өзінің өнеріне мұқалмас жігер берген Өзбекәлі Жәнібеков екенін жиі еске алатын. Ұлы ұстазы Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрған кезде Алматыдағы Сәбит Мұқановтың мұражайын жас суретшіге тапсырады. 1976 жылы алғашқы үлкен еңбегі Сәбит Мұқановтың мұражайын жасақтап шығады. Суретшінің қалыптасуына, тақырып таңдауына Өзекеңнің ықпалы мол болды. Мұражай дегеннің не екеніне көзін ашқан, батасын берген де сол кісі еді. Алматы көркемсурет училищесін, Қазақ педагогикалық институтының «Көркемөнер» факультетін бітірген жас маман еңбек жолын «Қазсаудажарнама» көркем-өндірістік комбинатында бастайды. Алматы мен республика қалаларының мемлекеттік және қоғамдық ғимараттарының интерьерлері мен эстерьлерінің жобасын жасайды. 1981-1991 жылдары Мәдениет министрлігінің «Қазмузейқайтажөндеу» өндірісінде бас суретші қызметін атқарады. 1976 жылы Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты атанады. Көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Содан бергі уақытта 40 жылдан бері 52 мұражайдың дүниеге келуіне атсалысқан екен. Республикадағы музейлер жобасының, экспозициясының және қайта жабдықтаудың авторы атанды. Олардың ішінде еліміз көлемінде аталып, ел мақтанышына айналған Қызылорда облысындағы «Қорқыт ата кешені» музейінің дизайндық шешімі, Шымкент қаласындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің сәулеті мен дизайндық кешенді шешімі, Атырау облысындағы Махамбет музейінің экспозициясы, Астана қаласындағы Президент Резиденциясындағы музей экспозициясы бар. Шымкенттегі Абай мұражайын, Отырардағы Әл-Фараби руханият мұражайын, Түркістандағы тарихи-этнографиялық орталықты жасап шықты. Әр жәдігерде халықтың тарихы, неше ғасырдың рухы, әруақтар тұр. Қасиетті Түркістандағы Нәзір Төреқұловтың мұражайын ашуда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл аталғандардың біразы авторлық, өзге де азаматтармен бірігіп жасаған жұмыстар болып табылады. «Көшпенділер» фильміне 162 киіз үй жасап берді. 2002 жылы Францияға «Қазақ ауылы» деген атпен 10 киіз үй алып барады. Олар 8 қанатты, 10 қанатты, 12 қанатты киіз үйлер болатын. 2004 жылы Астанаға «Ақ орда» тігіп, алып барады. Елбасының тапсырмасы бойынша Мәскеуге В.Путинге Ресейдегі Қазақстан жылдарына байланысты 2 жеті қанатты киіз үй алып барды. Оның біріншісін бүгінгі заманға сай етіп, екіншісін антиквариат ретінде ескі бұйымдардан жасақтайды. Қазақтың киіз үйіне де жаңаша жан бітіріп, жаңа дизайндық үлгімен әр беріп жарақтайды. Жоғалып кетпесін деген ниетпен қазақтың тұрмыс салтында ерекше орын алатын киіз үйді дамытуға да бел шеше кіріседі. 1988 жылы алғаш рет Алматыда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өткенде киіз үй қою керек деген мәселе көтеріліп, бұл міндетті мойнына алады. Өзбекәлі Жәнібеков: «Алматыда мұражай ашсақ, сонда киіз үйді дәріптесек оның түрі көп қой. Соның бәрін өзің дайындасаң дұрыс болар еді» деп тапсырады. Сол кісінің аманаты, бір арманы болған істі орындауға Аманжол Найманбай барлық білім-қабілеті мен шеберлігін жұмсайды. Киіз үйге де жаңаша жан бітіріп, жаңа дизайндық үлгімен әр беріп жарақтайды. Әлемнің АҚШ, Франция, Түркия, Ресей және тағы басқа көптеген елдеріне халқымыздың ұлттық нақыштағы киіз үйін жасау-жиһаздарымен көрсетуге, көрме ұйымдастыру жұмыстарына мұрындық болды. Аманжол Найманбай 1987 жылы елімізде Дизайнерлер одағы құрылғанда вице-президенті ретінде көп еңбек сіңіреді. Бүгінгі таңда одақтың 8 облыста филиалдары бар. Бұл – өнердің күрделі саласы. Дизайнды ғылыми жұмыс, көркем шығармашылық десек те болады. Әлемде дизайнның 200-ден астам түрі бар десек, біздің елімізде төрт түрі дамыған. Аманжол Найманбай еңбек еткен саланың біріншісі – мұражай, екіншісі – ұлттық өнер, киіз үй, үшіншісі – дизайн болды. Өмірінің соңғы кезіне дейін ұлттық дизайн саласы бойынша жастарға дәріс оқып, үйретумен болды. Аманжол Найманбай «Алматы ақшамы» газетінің де тұрақты оқырманы мен белсенді авторы болды. Газет бетінде көтерілген мәселелерге дер кезінде үн қосып, ойлары мен көзқарасын білдіріп отырды. Пайғамбар жасына келгенде арнайы сұхбат алған кезімізде «63 жасымда еліміздің қалалары мен аудандарына 63 музей мен ескерткіш кешендерін тұрғызуға күш салған екенмін» деген сөзі есімізде қалыпты. Аманжол ағамыздың соңында ұл-қыздары мен немерелері қалды. Балажан ағамыз өзінің ұрпағын ерекше құрмет тұтып, өмірдегі өз орындарына қойып кетті. КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі ӘШІМҰЛЫ:Бойындағы үлкен өнері үшін құрметтедім
– Мен үшін Аманжол інімнің орны бөлек еді. Жасы кіші болса да бойындағы үлкен өнерін сыйлайтынмын. Оның жасап кеткен шаруасы халқымыздың келешегі үшін өте маңызды болып қалды. Аманжолдың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері қандай болса, оның қиялынан шыққан кешен жобалары да сондай жоғары талғаммен орындалып, көрген жанның көңілінен шығып жататын. Аманжол інім екеуміздің қызмет атқаратын орнымыз бір жерде болғандықтан, бірге сырласып, әңгімелескен кездеріміз көп болды. Қазаққа тән сырбаз мінезі мен ұстамдылығын ерекше қадір тұтатынмын. Ауылда туып-өсіп, өнер жолын қуғандықтан, оның бойынан қазақы мінезді, ұлттық өнерге деген құштарлықты байқайтынмын. Тілеуберді БИНАШЕВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, суретші:Бірге қызмет істеп, көп шаруа бітірген едік
– Аманжолмен ұзақ жылдар бірге қызмет атқардық. Әріптес ретінде, жолдас ретінде шығармашылық қабілетін, адамгершілік қасиетін жақсы білетінмін. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Жастар» саябағында Керей мен Жәнібек ханның ескерткіш кешенін орнатқан едік. Соңғы еңбегі аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың ескерткіші болды. Нәзір Төреқұлов қоғамдық қорының төрағасы ретінде Алаш ардақтысының халқына сіңірген еңбегі мен мұрасын халық арасында насихаттауға ерекше еңбек етті. Ұлттық өнерге еңбек сіңірген жан Аманжол Найманбайдай-ақ болар. Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, журналист - жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері qazaquni.kz