Міржақып мазарының басында (фото)
2016 ж. 20 маусым
7449
1
(Ұлт азаттық көтерлісінің 100 жылдығына орай Торғай өлкесінде өткен пресс-тур күнделігінен. Жолжазбаның алғашқы бөліктері: “Арқалықтың ақ таңы” және “Ұлылар ұмытылмайды”, Арқада Әбдіғапар әмір болған (фото), «1916 жылғы көтерліске қатысқандар әлі толық ақталған жоқ» , сонымен қатар “Торғай даласын көрдім”, «Ксерокс музейлер» деп аталады)
[caption id="attachment_53762" align="aligncenter" width="800"] Қазақтың біртуар ұлі Міржақып Дулатовтың мүрдесі жатқан Қызбел, Бидайық ауылдарына баратын автожол осындай.[/caption]Торғайдан Бидайық ауылына дейін 180 шақырымдай жер. Оның 90 шақырымы шоқалақ-шоқалақ қырық жамаулы көнетоз күпәйке секілді асфальт жол. Ал қалған 90 шақырымы біркелкі жер жол (грейдер). Осы жолда бар сабыр, бар шыдамыңызды сарқуыңызға тура келеді.
Бізді ауылға кіре берістен ауыл әкімі мен сондағы мектеп директоры күтіп алды. Ауыл әкімі дегеніміз 20 үйі бар бөлімшенің басшысы, ал мектеп директоры деп отырғаымыз осы 20 үйдің баласы оқитын бастауыш мектеп.
[caption id="attachment_53761" align="aligncenter" width="533"] Бидайық ауылына 45 шақырым қалғанда Міржақып туған үйдің орынына осындай белгі қойылған.[/caption]Әңгіме басында айтқан едік қой, бұл жердегі ауылдардың ең жақын дегендерін арасы 100 шақырымдай болып қалады деп. Ал осы ауылдарда да тұрып жатқан адамдар өте аз. Биліктің Оңтүстіктегі тығыз орналасқан халықты не себепті Солтүстікке көшіру керек деген бастама көтеріп отырғанын көзімен көргендер ғана түсіне алатынын осы жолы бағамдағандаймыз.
Осы азғана жаны бар ауылдардың өзінде маман жетіспейді. Мұғалімдер жоқ, болса да тұрақтап тұрмайды.
Сонымен алаштың ардақтысына айналған әйгілі Міржақыптың бейітінің басында тұрмыз. 1989 жылы Міржақып Дулатовтың сүйегі Карелиядан табылып, қызы Гүлнар Дулатовның бастамасымен, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, белгілі алашшыл кино-режиссер Халила Омаров, танымал журналист Қайсар Әлім және өзге де адамдардың қатысумен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп жерленген болатын.
Осы сапарға барардан бұрын Міржақыптан қалған тұяқ - Гүлнар Дулатованың былайдеп жазғаны бар еді.
«Миллиондаған жазықсыз жазаланған боздақтарымыздың сүйектері әр жерде шашылып, не құпия көміліп қалған жандарды ойлағанда жанымыз күйіп, қабырғамыз қайысады. Солардың ішінен жалғыз Міржақыптың сүйегі табылғанда қазақ халқының қол қуысырып қарап отырғаны ақылға сия ма? Қазағының сілкініп оянуын көксеп кеткен Міржақып Карелияда қала беруі керек пе? Несін жасырайын, бұл істі мемлекет тұрғысынан қолға алар деген ниетпен республика басшыларының атына хат жаздым. Жауап күтуімен біраз уақыт өтті, нәтиже шықпаған соң «алдарынан өттім, енді маған кінә таға қоймас» деген ойға келдім».
Міне бүгін өз көзімізбен көріп тұрмыз, тура осы жағдай тағы қайталаныпты. Олай дейтініміз, Міржақыптың мазары құлаудың аз-ақ алдында тұр.
Кесененің шырақшысы Нағашыбай Бірмановтың айтуынша, Жақаңның зиратымен қоса сол жерге салынған музей үйінің де мүлде қараусыз қалғандығы.
«Міржақыптың басына зиярат етіп келушілер көп. Рухнаи салаға қатысы бар адамдармен қоса қарапайым адамдар да алыстан ат терлетіп келіп жатады. Өкінішке орай, бұл кесене де, мазар да ешқандай мемлекеттік мекемеге тиесілі болмай, қараусыз қалған соң Қызбел ауылының әкімдігі сот шешімі арқылы өз қарамағына алған. Бірақ, шалғай ауылдағы шағын әкімдікте кесене мен музейді ремонттап, коммуналдық шығындарды төлеп, күтіп ұстауға қаржы тапшылығы қатты әсер етіп отыр. Музейге электр жүйесі тартылмаған, келген қонақтарға фонарик жағып, қызмет көрсетемін. Жасыратын несі бар, сіздер келеді дегенді естіген соң, ауыл әкімі мен электрикпен айғайласып жүріп бір күнге жарық қостырып алып отырмын. Кесене мен музей аумағын тазалап, күтіп ұстауға өзім жүгіремін. Еш мекемеге қарасты болмаған соң айлық та төленбейді. Тек, ұлы әруақ үшін жыл он екі ай тегін қызмет көрсетемін», - дейді шырақшы.
Кесененің күмбезі батпақпен сыланып, көк бояумен боялған. Осы батпақ құлап, кесене бір жағына қарай қисайып, тағаны жерге сіңіп барады екен. Ішіне кіріп көргенімізде кесененің осы жақ қабырғасының жарылып кеткенін байқадық. Аул әкімінің қаржысына қараған мазардың жөндеу көрмегелі де біраз жыл болғаны көрініп тұр.
Біздің ел мақтанғанда: «Алашорданың, алаштың ұрпағымыз» «осындай әйгілі адамдар туған біздің елден» деп күпінгенде көкіректері күбідей болады. Алайда, нақты іске келгенде жер шұқып, «ой, Ахмет пен Міржақып Торғайдікі, Мағжан мен Сәбит Қызылжардікі, Сәкен мен Ақан Көкшедаулықтар ғой, Шәкерім мен Абай, Мұхтарлар Семейдікі емес пе» дей қалатындары бар. Мына мазар да сол жершілдік пен рушылдықтың құрбаны болып тұрғаны анық. Әйтпесе бір Міржақыптың мазарын жөндеп, музейін дұрыстауға ауданның, облыстың, тіпті республиканың қоржынынан бір миллион теңге қарастырса ырысы шайқалмасы анық.
[caption id="attachment_53763" align="aligncenter" width="565"] Кесененің ішкі көрінісі[/caption]Осы орайда, алыс та болса жақын болғысы келіп жүрген мадиярларды, венгр халқын ауызға алмай кету ұят болар еді.
[caption id="attachment_53769" align="aligncenter" width="533"] Мажарлар Міржақыптың құрметіне Қызбел ауылына орнатқан алып бәйтерек[/caption]Мадиярлар өздерін қазақтарға ең жақын, тіпті туыстармыз деп есептейді. Соның құрметіне 6000 шақырым жол жүріп, заңғар еменге «қазақ-мадияр» деген жазу жазып, Міржақыпқа ескерткіш ретінде Қызбел ауылының ортасына орнатыпты. (суретте)
[caption id="attachment_53767" align="aligncenter" width="800"] Бидайық ауылындағы Міржақып мазарына қарама-қарсы орналасқан мұражай үйі[/caption]Біздің кей шенділер Арқалық-Торғай күрежолынан 90 шақырым бұрыста жатқан Міржақыптың басына баруға ерініп, сыртай ғана «Осы маңда сол кісі жатыр деп еді, алыстау ғой. Жол да онша емес» деп өтіп кетіп жүргенде, мадиярлар ұзындығы 20 метрден асатын алып бәйтеректі машинамен артып келіп, арнайы отырғызғанына қалайша тәнті болмайсың.
Әр өңірдің, әр ауылдың өзіндік түйінді мәселелері бар. Міржақып жатқан Бидайықтың да мәселесі басынан асады. Мұғалім жоқ, мамандар тапшы, ауызсуы атымен жоқ. Бұлақтан су ішіп отыр ауыл адамдары. Тізе берсеңіз жетерлік. Дегенмен адамдар алдағы күннен үмітті. Ата-баба топырағын тастап басқа жаққа кету ойларында жоқ.
Кезінде малшаруалығымен, аздап егіншілікпен айналысқан совхоз бөлімшесі болыпты. Бүгінде құрлыстары қираған, жетім көңіл, сынық жүзді ауылдан, босағасының бір кірпіші сынып түскен кесенеден біз де сынық көңіл болып аттандық. Қайран қазақдың қайта тумас арысы, сенің кесенеңнің кірпіші, біздің көңілдің сынығы қашан бүтінделер екен?
Астана-Арқалық-Торғай-Астана
Ержан Жаубай
qazaquni.kz