Еліміздегі сәләфилердің саны 15 мыңнан да көп болуы мүмкін - исламтанушы
2016 ж. 20 маусым
2812
0
Еліміздегі сәләфилердің саны Дін істері агенттігі жариялаған 15 мыңнан да көп болуы мүмкін. Ол үлкен массаға айналып кетпей тұрғанда олармен екі бағытта белсенді түрде күресу керек.
Бұл туралы Islam.kz cайтында жарияланған мақаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы мүфтиі Қайрат Жолдыбай айтады.
Өз тәжірибесін алға тартқан исламтанушы сәләфилікті уағыздайтындар шәкірттеріне: «Имамдарды тыңдамаңдар. Оларды тыңдаудың өзі күнә» деген екпелерін миына мықтап сеуіп тастайды дейді.
Қайрат Жолдыбай мешітте сәләфилерге уағыз айтылғанда құлақтарына құлаққап киіп отырғандарының да талай куәсі болғандығын айтады.
— …2011 жылдан бері елімізде қарқынды түрде сәләфиліктен қайтару жұмыстары, ағартушылық шаралары үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Ал нәтижесі қандай? Сәләфилердің саны одан бері көбеймесе, азайған жоқ. Олардың санын 15 мың деп, кеше Дін істері агенттігінің басшысы да айтып өтті.
Меніңше, бұл сан көзге көрінген келте балақты ер кісілері ғана. Ал қыздар мен әйелдер жағы ше? Өсіп келе жатқан балалары ше? Ал санасы уланса да өздерін жасырын ұстайтындары ше?
Бұл ретте исламтанушы сәләфизммен күресудің екі бағытын ұсынады.
— Біріншісі ағартушылық, екіншісі заңмен тыйым. Ағартушлық арқылы қалған жастарды аман алып қалып, олардың бойына сәләфизм вирусына қарсы иммунитет қалыптастырған боламыз. Ал тыйым сәләфизм вирусын басқаларға жұқтырмас үшін қажет.
Сәләфилер өздерін қоғамда еркін сезінбеуі үшін, аяқтарының ұшымен жүруі үшін керек. Бірақ тыйымнан басқа мұсылмандар, асыл дініміз көрші елдегідей зардап шекпеуі ләзім!, — дейді ол.
Дерек көзі: 365info.kz