ЖЕРІМІЗГЕ КӨЗ АЛАРТҚАН ДУШЕНОВ СЕКІЛДІ ДҮМШЕЛЕРГЕ НЕ ДЕУГЕ БОЛАДЫ?
2016 ж. 13 маусым
2641
12
Жақында көрші елдегі «Православиелік Русь» талдау агенттігі атты әлдебір «ұлыорысшыл» ұйым директоры Константин Душенов дейтін қайраткердің Ақтөбедегі қанды оқиғаға байланысты жасаған мәлімдемесінен хабардар болдық. Оның ойынша, бұл «діни фанатизмге бой алдырғандардың ісі» «Ресейдің қауіпсіздігіне, Қазақстандағы орыс диаспорасына қауіп төндіреді», жалпы «Қазақстанды мемлекет деп айтуға мүлдем болмайды. Ол Ресейдің көмегімен хат таныған тайпалардың бірлестігі», сондықтан болашақта ондағы «орыстар қоныстанған Ресей территориясы» қайтарылып, империя құрамына өтуі тиіс.
Міне, кеудесінде ұлттық намысы бар әр қазақтың ары мен жанына тиерлік ойсыз, негізсіз осындай мәлімдеме жасалды. Алайда бұл бірінші мәрте емес, баршамызға белгілі, тарихи отанынан тыс аумақтардағы (өзге тәуелсіз елдердегі) «қысымға түскен орыстарды қорғауды» көздейтін мұндай пікірлер орыс мемлекетінің белгілі саясатшылары, басшылары тарапынан көптен бері айтылып келеді. Тіпті мұндай қисынсыз сөз жақында Ресей парламентінің төрайымы аузынан да шықты. Сондықтан «Православиелік Русь» талдау агенттігі бастығының айтқаны ешқандай да тың жаңалыққа жатпайтынын білеміз. Олардың бәлен жылдық тарихы бар белгілі бір ұлт, мемлекет жайлы осындай ұшқары пікір айтуға моральдық құқықтары жоқ. Мұның бәрі орынсыз ұлттық астамшылық пиғылдан, кеудемсоқтықтан туындап отырғаны белгілі. Демек, мемлекетіміздің тарихын жоққа шығаратын, қатерлі салдарларға ұрындыруы ықтимал мұндай мәлімдемелерді елеусіз қалдырмаған жөн. Оған қарсы қоярлық ұстанымдар мен шаралар ойластыру керек. Ең алдымен, сондай арандатқыш мәлімдемеге мемлекет тарапынан тиісті үн қатып, дер кезінде тойтарыс беріп отырған дұрыс. Сонымен бірге рухы мықты, ұлтын сүйетін, болашақта мемлекетіміздің тізгінін қолдарына берік ұстайтын азаматтарымызды тәрбиелеу жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырған жөн. Рас, ойланып та, әрекеттеніп те келеміз. Біздің елімізде былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілді, отансүйгіштік қасиетті ұштауға бағытталған бірқатар басқа шаралар да жасалды. Солардың ішінде белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Рух БГ» баспасынан шыққан «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты тарихи очеркін азаматтарды, жас ұрпақты тарих арқылы тәрбиелеу құралдары қатарына қосуға болады.
Бұл кітап «қазақта ешқашан мемлекеттілік болмаған» деп жөн-жосықсыз сөйлеп жүргендерге қарсы тұра алатын білімді, тарихи сауатты, елінің өткенін дұрыс сараптап, тәуелсіздік туын бекем ұстап жүруге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне қажетті, пайдалы мағлұматтар береді. Кітап авторы қазақтың өз атымен тарих сахнасына шыққан Ордасы, Хандығы – іс жүзінде Ұлы далада Шыңғыс хан қағанаты, Жошы ұлысы аумақтарында бір сападан екінші сапаға ауысып жатқан мемлекеттік құрылымдардың ішіндегі тұңғыш рет өз этносы атымен аталған түрі екеніне назар аударады. Осы уақытқа дейін ғылым анықтаған тарихи деректерге сүйене отырып, 1456 жылы іргесі қалана бастаған қазақ мемлекеттігінің даму жолын айналасындағы елдер (орыс патшалығы, оған қараған қалмақ хандығы, казактар қауымы, башқұрт елі, шығыстағы жоңғар хандығы, өзге де мемлекеттік құрылымдар) тарихын қатар қарастыру арқылы баяндайды. Елдің тұтастығына қалай қол жеткізілгенін, одан мемлекеттілікке қатер төндірген сыртқы жағдайларды, ұдайы шапқыншылық өтінде болу салдарынан туған күрделі саяси ахуалды әңгімелейді. Ел басқару ісіне реформа жасау қажеттігін сезіну, сөйтіп, XVIII ғасырдың басында, Тәуке ханның кезінде үш өлкеге үш кіші хан сайлау оқиғалары уақыт талабына сай жоғары дәрежеде қорытылған саяси ойдың жемісі ретінде сипатталады.
Автор «Қазақ мемлекеті тарихына көзқараста» осы уақытқа дейінгі жазбаша баяндалған тарихта бекіп қалғандай болған «елді бөлшектеген» кезеңнің сырын, «біртұтас хандықтың үш жүзге бөлінуі» сынды құбылысты соңғы ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, билікті жетілдірудегі ізденістер ретінде түсіндіреді. Тәуке ханнан кейін пайда болған аға хан институты негізінде бұл мәртебеге 1715 жылы Қайып хан, 1719 жылы Әбілқайыр хан ие болды. Әбілқайыр Жоңғар хандығы әскерлерінің 1723 жылғы жойқын соққысынан кейін тез ес жиып, қол құрап, жоңғарлардың терістіктегі одақтасы қалмақтардың қазақ еліне шабуылының алдын алу шараларын жүргізді. Одан, ұшқыр жасағымен оңтүстікке ауысып, маңындағы аумағымен бірге қазақ астанасы Түркістанды жаудан азат етті. Сөйтіп, Отан соғысы мүдделерін талқылау және келелі шешімдер қабылдау үшін, 1726 жылы Ордабасы құрылтайын шақырды. Сонда оған аға хан мәртебесіне лайық бас қолбасшылық лауазым ресми түрде берілді.
Аға хан әрі бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр азаттық соғыстарын ойдағыдай жүргізіп, Аңырақайдағы ірі жеңіске қол жеткізді. Қуатты жоңғар қонтайшысымен келісімге келісімен, қауіп-қатер сейілмей тұрған терістік-батыс шекараға аттанды. Ордасында бас қосқан қазақ элитасы жиналысының тапсырмасына сәйкес, іргелес башқұртпен арадағы қатынасты ретке келтіру үшін, орыс патшайымына елшілік жіберді. Автор осы орайда тарихи әдебиетте де, жұртшылық арасында да қалыптасқан ұғым мен нақты шындықты тарихи құжаттарды қарастыра отырып ашады.
Әбілқайыр хан 1731 жылғы 10 қазанда ордасындағы басқосуда Қазақ хандығын орыс патшалығының протектораты мәртебесіне көшіруге бел буғанын жария етеді. Кітапта ханның сондағы көздеген мақсаты мен оны элитаның едәуір бөлігінің қолдамау себебі айтылады. Әбілқайыр қуатты орыс мемлекетіне арқа сүйей отырып, бір орталықтандырылған күшті хандық құруға ниеттенді. Ал беделді бас адамдардың бірқатары, Әбілқайыр хан елді бір өзі билейтін монарх дәрежесіне көтерілген жағдайда, өздерінің сол уақытқа дейінгі дербестіктерінен айрылып қалуы ықтимал екенін түйсінді. Олар содан қауіптенгендіктен, хан шешіміне қарсы болды. Айналып келгенде, саяси ахуал алға шығарған ел тұтастығының шартын түсінуде тайыздық танытты.
Өз қамқорлығына алған протекторатының монархия іспетті біртұтас мемлекетке айналуын орыс патшалығы да қаламайтын. Сондықтан да Әбілқайырға наразы кіші хандарды, сұлтандарды, билерді өз қамқорлығына тікелей тартып, жеке-жеке ант алып, елді бөлшектеуді көздейтін түрлі амалдар жасады. Әбілқайыр хан 1736 жылғы шілдеде орыс әкімшілігіне қазақ хандығының тұтас сақталуға тиістігін, оны өзі арқылы басқарудың дұрыстығын мойындатты, мәселе императрица тарапынан қажетті шешім шығарылуына қарап қалған. Алайда, сол шешімді күтіп жүргенінде, 1736 жылғы 1 тамызда, оны бақталасы – орыс патшайымынан бодандыққа мойынсұнғаны үшін сыйлыққа арнайы қылыш алған Барақ сұлтан өлтіріп кетті.
Өстіп, протектораттық кезең ақырына жетті де, қазақ елін орыс империясына қосып алудың жаңа фазасы бастау алды. Абылай ханның Ресей мен Қытай сынды екі алып ел арасында ұстанған әйгілі саясаты да, Кенесары ханның ұлт-азаттық қозғалысы да көздеген оң нәтижені бермеді. Хандар патша пәрменімен тағайындалып, орыс мүддесі ашық үстемдік құрды. XIX ғасырдың алғашқы ширегінде, арнайы шығарылған заңдар негізінде хандық мүлдем жойылып, Қазақ елі Ресей империясы аумағына енгізілді. Тек Ішкі орда ғана біраз уақыт автономиялық басқару тәртібін сақтады.
Қилы жымысқы тәсілдермен жүргізілген отаршылдық саясат салдарынан Қазақ елі аумағында бүгінгі Душеновтер тілге тиек ететін, патша және совет саясаткерлері мүмкін еткен «орыстар қоныстанған Ресей территориясы» пайда болды. Атап айту керек, патшалықты алмастырған кеңестік империя кезінде большевиктік саясат қазақтарды бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген ұлттық апатқа душар етті. Соның салдарынан жеріміз жаңаша отарланды. Еліміздің ұлттық құрамы мүлдем күрт өзгерді. Тарихи әділеттілікті құрметтей алатын әркім мұны анық білуі тиіс. Аталмыш кітап осылар жайында көкірегі ояу әркімге ой салады.
Қазақ мемлекеттігінің төрт ғасырлық тарихы жайында ең қажетті мағлұматтар жинақталған бұл тарихи очерктің баршаға берері мол. Қазақтарға да, қазақ елін Отаны еткен басқа ұлт өкілдеріне де. Және қазақ тарихы жайында тым үстірт ой пішіп жүрген сыртқы «достарға» да.
Қысқасы, жас ұрпақтың отаншылдық, мемлекетшілдік сезімін ұштауға септесетін «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» кітабын орта мектеп оқушыларына, орта арнайы және жоғары оқу орындарының студенттеріне көмекші оқу құралы ретінде ұсынуға болады. Сондықтан да бұл кітапты білім беру бағдарламаларына енгізсе, артық болмас еді. Сондай-ақ рухани тәрбиеге көмек бере алатын осындай тарихи-танымды шығармалардың туа беруіне және олардың жеткілікті таралыммен оқырмандарға жетуіне билік тарапынан қамқорлық көрсетіп отыру орынды болмақ.
Балжан ХАБДИНА
Abai.kz