Ақтөбеде ұйымдастырылған қарулы шабуылды мойнына алғандар табылды
2016 ж. 06 маусым
2459
0
Ақтөбеде 5 маусымда жасалған шабуылдарды "Қазақстанды азат ету армиясы" деп аталатын топ мойнына алды деп хабарлады Азаттықтың Орыс редакциясы. Топ атынан жасалған үндеуде шабуыл "Назарбаев диктатурасына" қарсы "Қазақстанның демократиялық даму жолын жақтаушылардың алғашқы ұрысы" болғаны айтылады.
Ақтөбеде 5 маусымда бір топ қарулы адам екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасап, полициямен және әскерилермен атысқан. Ішкі істер министрлігі шабуылды "діни радикалдар тобы" жасағанын мәлімдеген. Министрлік мәліметінше, атыс пен арнайы операциялар барысында барлығы 18 адам, оның ішінде 12 "қылмыскер" қаза тапқан.
Бүгін денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 5 маусымда Ақөбедегі атыстардан 38 адам жараланғанын мәлімдеген.
Оралдан Азаттық тілшісінің хабалауынша, бүгін Ақтөбеге көршілес Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының ұялы телефондарына облыста террорлық қауіп-қатердің "қалыпты сары деңгейі" енгізілгені туралы СМС хабарлама түсе бастаған.
Дерек көзі: Азаттық