Бүгін Жер реформасы бойынша жасақталған комиссияның төртінші отырысы Көкшетауда өтіп жатыр.
Бір қызығы түрлі қоғамдық ұйымдар мен парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастық өкілдері, ғалымдар мен қоғам белсенділері енген комиссияның толық құрамы бүгінгі күнге дейін бірде бір рет тегіс бас қосқан емес. Мысалы, осы жайтты комиссияның екінші отырысы барысында төраға Бақытжан Сағынтаевтың өзі айтты.
«Комиссияның 75 мүшесінің 67-сі өзінің отырысқа қатысатынын растаған. Біраз адамдар сұхбат беріп жатыр, жолда келе жатқандары бар. 7 адам белгілі себептермен қатыса алмай отыр. Оның екеуі өз еріктерімен комиссия құрамынан шығатындарын айтқан. Қалғандары денсаулық жағдайына байланысты өткен жолы да қатыса алмаған болатын», - деді Сағынтаев мырза екінші отырыста.
Айтпағымыз ол емес еді. 21-мамыр күнгі оқиғаны талқылаған жер комиссиясының екінші отырысында «Ауыл» партиясының экс-төрағасы, қазіргі профессор Ғани Қалиев мырза біртүрлі пікір білдірді.
«Біріншіден, әрине біз осы үлкен мәселені талқылап отырмыз. Бізге бәрі қарап отыр. Оның бәрін қайталап айтқым келмейді. Ал дегенмен, бізде осы комиссияның сөздерін, пікірлерін халық түсінуі үшін, біз осы комиссияның ішінде бір-бірімізді ұғынып, жақсы түсініп алуымыз керек. Мұқаңа айтайын деп отырмын (Мұхтар Шаханов – ред.) біз сөйлегенде, мен мысалы өзім сөйлегенде менің айтқан сөзімді осы отырған халық түгел ұқса екен, түсінсе екен деймін. Ал енді бәрі бір тілді маман болмағандықтан, осында әр ұлттың адамы отыр. Оны енді орысшасын бір айтып, қазақшасын бір айтып, қайталамай, кейде бәріне ұғынықты болсын деп, орысша да айтуымызға болады деп ойлаймын. Мұқа, мен ақын, жазушы болмасам да, қазақша бір адамдай-ақ білемін. Ал мынау біреуіміз орысша айтсақ, мынау жартылай орыс боп кеткен деген әңгімені қою керек. Біз бір-бірімізге сыпайылықпен түсінісейік», - деді Ғани Қалиев мырза.
Мемлекеттік тілге тіксінген Ғани Әлімұлының осы сөздеріне талдау жасап көрелік.
Алдымен, «экс-партведуший» «халық түсінуі үшін» деді. Аталған кеңесте комиссияның көтеріп отырған негізгі мәселесі - ауылшаруашылығымен айналысатын аудандар мен шалғай ауылдардағы халықтың тағдыры емес пе еді?! Егінін егіп, суын суарып, малын бағып жүрген ауыл халқы міндетті түрде ресми тілде сөйлемесе қазақ тілін түсінбейді дегеніңіз не сасқаныңыз, Ғани Әлімұлы?!
Екіншіден, комиссия құрамы түрлі ұлт өкілдерінен құралғаны шындық. Комиссия құрамына мүше 75 адамның 67-інің ұлты қазақ және әлеуметтік биографиясында мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жазылған.
Қалған 8 мүше өзге ұлт өкілдері екені рас. Олардың екеуі ҚР Мәжіліс депутаттары – Владислав Косарев пен Артур Платонов болса, енді бірі Бас Прокурордың орынбасары Андрей Кравченко. Бұл азаматтар мемлекеттік құрылымда жоғарғы шенді қызметтерде істейтіндіктен, мемлекеттік тілді білеулері керек-тін.
Демек, комиссиядағы мемлекеттік тілді менсінбейтін (ҚР Конституциясына сәйкес, мемлекеттің түбір тілін білмеуі менсінбеу емей немене?!) 5 адам үшін қалған 70 мүше орыс тіліне жүгінуі тиіс пе? Бұл әділеттілікке жата ма, Ғани Әлімұлы?!
Рас-ау, өз сөзін Ғани мырза комиссияның тағы бір мүшесі Мұхтар Шахановқа қарата айтқан еді. Ақын экс-партведушийге қарсы жауабында былай депті:
- Жаңа сіз айтып кеттіңіз ғой. Біз мемлекеттік тілдің мүддесін қолдауымыз керек. Қорғап отыруымыз керек. Ал енді осы өзіңіз орысша жақсы сөйлейсіз, қазақша да жақсы сөйлейсіз. Бірақ, оны менсінбей өз ана тіліңізді шетке қағуға болмайды. Осында отырған адамдардың барлығы мемлекеттік тілдің мүддесін сыйлауы керрек.
«Ауылдың» экс-төрағасының қазақ тіліне қырын қарауы комиссия мүшелерінің наразылығын тудырғаны рас. Аталған комиссия мүшесі Жанұзақ Әкім де қазақ тілінен қашып, орыс тіліне ойысуды ұсынған Ғани Қалиевке мынандай уәж білдірді: «Есіңізде ме, осы тіл мәселесіне қатысты Елбасы: "Аюдың да тіл үйренетін уақыты болды" деп еді ғой?. Қазақ тілін білмейтіндер енді білсін, үйренсін. Мемлекеттік тілді, мемлекетті сыйлау керек!»
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz