«Ақ жол» жаққан шамшырақ Алашты ардақтаудан басталады
2016 ж. 30 мамыр
4289
2
[caption id="attachment_52821" align="aligncenter" width="800"] SONY DSC[/caption]
«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауы – Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан төл жобасы. Бұл жобаның басты ерекшелігі – жас зерттеушілерді рухани-материалдық тұрғыдан қолдау, талаптары мен таланттарын шыңдау. Осы мақсаттағы жоба осымен төртінші рет ұйымдастырылып, төртінші рет жас алаштанушы ғалымдардың жаңа толқынының қалыптасуына жол ашып отыр.
27 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ақ жол» партиясының орталық аппаратында аталмыш байқаудың қорытындысын шығаруға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Ғылыми шараға «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы ОК хатшысы Сәбит Байдалы және Парламент Мәжілісі депутаттары, Дихан Қамзабекұлы, Сұлтан Хан Аққұлұлы, Амантай Шәріп, Қайрат Сақ, Зиябек Қабылдинов, Өтен Ахмет, Думан Рамазан , Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер, Қуандық Шамахай сынды белгілі алаштанушы ғалымдар мен қаламгерлер, журналистер қатысты.
Байқау осымен төртінші рет өтті. Төрт жыл бойы алаш ісі зерделеніп, төрт жыл бойы ғылымға «жаңа» есімдер келіп жатыр... «Ақ жол» ынталандырады, жас ізденушілер қанағаттандырады. «Ақ жол» аламанға түскендерді қаржылай қолдап шабыттандырады, аламанға түскендер шаршы топтың шаңын шығарып, Алаш мұрасын ұлықтайды. Осындай іс-әрекет дәстүрге айналып кеткен-ді. Жыл сайын жастар осы байқаудың өтетіндігі туралы хабарландыруды тағатсыздана күтеді. Бұндай «тағатсыз күту» сезімін біз де басымыздан өткергенбіз. «Ақ жолдың» осы байқауы арқылы көзіміздің томағасы сыпырылып, тұсауымыз кесіліп, ғылыми ортаға кеңінен танылып келе жатырмыз. Қысқасы, біз де «Ақ жолдың» дәстүрлі «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауы шекпенінен шыққандардың біріміз.
«Ақ жол» ҚДП төрағасы А.Т.Перуашев байқаудың қорытындысын шығаруға арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтантты ашылу рәсімінде: «Ғылыми қабілеті мен ойлау деңгейі, пайым-парасаты жоғары, Алаш мұрасына адал жастардың көбеюі – отандық ғылымның өсуінің кепілі. Бүгінде Алаштанушы ғалымдардың алды сексенде, соңы қырықтың қырқасына шықты. Біз, сондай ғалымдардың орнын толықтырар жас зерттеушілердің ғылымға келуіне аз болса да жағдай жасап, ғылымға деген сүйіспеншілігін арттырып, алдыңғы буын Алаштанушы ғалымдармен рухани байланысқа түсіп, емін-еркін араласуына себепкер болып жатырмыз, мұның өзі біздің байқауымыздың нәтижелілігін көрсетіп отыр. Алдағы уақыттарда, «Ақ жол» арқылы танылған «лауреат» жас ғалымдардың үлкен шоғыры қалыптасып, жеке бір ғылыми мектепке айналуы да мүмкін. Оған біздің партия, қазір осында отырған және басқа да елімізге белгілі Алаштанушы ғалымдармен бірлесе отырып, барынша жәрдемдесетін болады»,-деді. Міне, байқадыңыз ба, «Ақ жол» партиясы «ине мен саусақ бірікпей» істің оңтайлы шешілмесін біліп, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ секілді еліміздің үш бірдей маңдайалды университеттерінің ғалымдарымен әріптестік байланысқа түсіп, серіктестік орнатқан.
Тартысты да, тағылымды ғылыми аламанның көркін қыздырып, бәсін көтерген 14 жас ізденушінің жұмыстарына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дихан Қамзабекұлы , осы университеттің "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры, елімізге белгілі Әлихантанушы ғалым, PhD Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп, ЕҰУ-нің «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, Тарихшылардың ұлттық конгресінің ғалым-хатшысы, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов, ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ, Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы, ф.ғ.д. Амантай Шәріп сынды алаштанушы ғалымдар әділқазылық етті. Байқауға «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы жетекшілік жасады.
2016 жылғы «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты байқаудың ерекшелігі – байқаудың тұтастай шарты мен мазмұны Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ғылыми-шығармашылық мұрасына арналуы. Сонымен, Әлихан Бөкейханның құрметіне арналған байқаудың қорытындысы шығып, тағы да бағын «Ақ жол» ашқан жас ғалымдардың қатары толықты. «Әлихан Бөкейханның мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Ә.Бөкейхан еңбектеріндегі мемлекет құрудың негізгі жолдары» тақырыбында баяндама жасаған Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлмира Уәлиева, «Әлихан Бөкейханның экономикалық көзқарастары және олардың қазіргі Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Ә.Бөкейхан және экономикалық тәуелсіздік» атты тақырыппен баяндама жасаған Астанадағы «Қазақстан тарихы» порталының редакторы Заңғар Кәрімхан, «Әлихан Бөкейхан жұмыстарындағы Қазақстандық қоғамның әлеуметтік, рухани-мәдени жаңғыруы, Еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетінде 1913 жылы жарияланған мақалаларына текстологиялық талдау» жасаған Алматы қаласындағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов музей кешенінің ғылыми қызметкері Шынар Жеңісқызы және «Алаш қозғалысы тарихындағы белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» номинациясы бойынша «Ақаңның белгісіз бір еңбегі» тақырыбымен өз жұмысын қорғаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «лингвистика» мамандығының 1-курс докторанты Ермұхамет Маралбек «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының жеңімпаздары атанып, 300 мың теңгеден сыйақымен және «Ақ жол» партиясының диплом, сертификаттарымен марапатталды. Жыл сайын байқауға түсетін жұмыстардың тақырыптық, мазмұндық һәм идеялық мәні, құндылығы артып келеді. Осы жеңімпаздардың жұмыстары да тың әрі сапалы жазылған соңы жұмыстар. Әсіресе, Ш.Жеңісқызының еңбегі осы күнге дейін зерттелмей, қаралмай келген мәселені ашып, оны бүге-шүгесіне дейін талдап, қарауы – оңай шаруа емес.
Қазылар алқасының шешімімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 3-ші курс студенті Нұрболат Нышанбаев, «Жастар үні», «Болашақ» басылымдарының журналисі Асхат Қасенғалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 1-ші курс магистранттары Наргиза Айсаева мен Ардақ Беркімбаев, Абай атындағы мемлекеттік Опера және балет театрының қызметкері Орынгүл Нұржанқызы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы, т.ғ.к.Сұлушаш Құрманова, осы университеттің докторанты Ұшқын Сейдірахманұлы, «Қазақстан тарихы» порталының журналисі Алтынбек Құмырзақұлы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2-ші курс магистранты Назерке Әбікеева, Семей қалалық орталық кітапхана жүйесінің кітапханашысы Аяулым Шаймарданова секілді жас ізденушілер ІІ,ІІІ орындарға ие болып, 200 және 100 мың көлеміндегі сыйақымен марапатталып, байқаудың жүлдегерлері атанды.
Байқау соңын қорытындылаған «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырза шараның дәстүрге айналғанын, жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстарына ынталандыру әкелетінін һәм үлкен жауапкершілік жүктейтінін сөз етті. Сонымен қатар “Ақ жол” партиясы төрағасы орынбасары, ақын Қазыбек Иса, жазушы Өтен Ахмет, алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы байқаудың маңыздылығына тоқталып, жүлдегерлерге Ақ жол тіледі.
«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқау – «Ақ жол» партиясының Алаш бағытындағы ұстанымдары мен бағдарламасының төлқұжатына айналып үлгерген ғылыми-танымдық мегажоба. Мегажобаның нәтижесі – жас алаштанушы ғалымдарды даярлап, болашақ кадр тапшылығының алдын алып, алаш аманатына адал болар ар мен ұяттың, қалам мен серттің қадірі мен қасиетін ұғынар саналы жастардың қарасын көбейтуі. Бұл ғылыми жобаның жемісін, пайдасын болашақ күндері көп болып, бірге көрерміз...
Туа салып, кім данышпан болады дейсің... Барлық адам баласы жас кезінде алдыңғы буынның шарапатына бөленіп, жәрдемімен аяғынан тік тұрады. Сол секілді бүгінгі мына байқауға қатысқан жас зерттеушілер – балауыз шамшырақ іспетті. «Ақ жол» осы шамшырақтардың шоғын үрлеп, тұтатып отыр емес пе!
Өзіңіз білесіз, кез келген компания өнім шығарарда оның болашағы мен перспективасын, тенденциясын ойластырып, оның бағыт-бағдарын жобалайды. Сол сықылды партияның идеологиялық жұмыстар бөлімі осы байқаудың болашағы үшін бағдарламалар жасап, оның жүзеге асуына себепкер болған. «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жоба – отандық Алаштану ғылымындағы «Ақ жол» партиясының қалыптастырған бренді. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Бұл кәсіпкерлік бағыттағы партияның сөзбен емес, іспен дәлелдеп келе жатқан жобасы. Айналасы төрт жылдың ішінде ғылыми мектепке айналып үлгерген жобаның болашағы зор. Алдағы күндері жобаның ауқымы кеңейіп, атқарар қызметі сан тарау болмақ. Сеніңіз.
Елдос Тоқтарбай,
әдебиет зерттеушісі,
qazaquni.kz