Айдос Сарым: Жер мәселесін шешпей, экономикалық ілгерілеушілік болмайды
2016 ж. 15 мамыр
2584
5
Қоғам қайраткері Айдос Сарым талқыланып жатқан жер мәселесіне қатысты өзінің пікірін білдірді. Оның айтуынша, бірінші кезекте жер мәселесін шешпей, экономикалық ілгерілеушілік те болмайды, деп хабарлайды BNews.kz.
«Жер туралы айтып жатқан азаматтардың бәрiн қолдаймын. Бiрақ, бiр нәрсенi ұмытып жатырсыздар. Жерге қарап жүрген адам айналасына да қарауы керек қой. Егер бүгiн жер туралы мәселеде қоғамдық үлкен консенсус пайда болмаса, салып жатқан ақшаларыңыз, инвестицияларыңыз, темiр-терсегiңiз он жылдан кейiн түкке аспай қалуы мүмкiн. Өйткенi, қоғам қарсы болып жатса, мейлi сiз жүз, мейлi мың отбасыны асырап отырсаңыз да, бәрiн ертең жоқ қылады. Яғни, жер мәселесiн шешпей, өзiнiң экономикасын аспандатқан бiрде-бiр ел жоқ», - дейді Айдос Сарым.
Сондай ақ, ел ішіндегі түсіндіру жұмыстарының өзін сауатты жүргізу керек. Бұл елдің тұрақтылығы үшін аса маңызды.
«Бүгiн текетiрестен әңгiмеге көштiк. Шын мәнiнде, осында отырған азаматтардың бiрi де қазақтың жауы емес, жерiмiз дамымасын деп ойламайды ешкім. Әрине, көзқарас алуандығы бар, бiрақ, айналып келгенде елiмiздiң бiрлiгi болуы керек. Тұрақтылық – бұл белгiлi бiр саяси режимнiң немесе бiр адамның тыныштығы емес. Елдi өрге жетелейтiн үлкен тыныштықты ойлайықшы. Бүгiнгi отырыс – мәселелердi кешендi түрде шешудiң үлкен алғышарты деп сенгiм келедi», - дейді қоғам қайраткері.