Балаңыз қандай мультфильм көріп жүргеніне көңіл аударыңыз!
2016 ж. 29 сәуір
7969
2
Мультфильм көрген монстрлар…
Негізінде, көбіміз мультфильм дегенге менсінбей қараймыз. Оны тек баланың көңілін аулап, көзін қызықтыратын дүние секілді көреміз. Сөйтеміз де, баламыздың қандай мультфильм қарап жүргенін, одан не үйренгенін ескермейміз. Сөйтсек, бұл мультфильм деген қып-қызыл идеология екен. Баланы білімді қылатын да, бүлдіретін де – осы мультфильм. Біздің көрген мульткейіпкерлеріміз қандай еді? Леопольд, Чебурашка, Буратино, Мойдодыр, Құйыршық, қарлығаш. Бұл кейіпкерлердің бәрі де бізге жақсы тәрбие берді. Леопольд – достыққа, Мойдодыр тазалыққа үйретті. Ал балаларымыз не көріп жүр? Бүгінгінің мульткейіпкері балаларға қандай тәрбие беріп жатыр? Жиырма жылдан бері бала психикасын зерттеп жүрген неміс психологы Райнер Пацлаф теледидардың баланың дамуына әсер ететінін жазыпты. Психолог «баланың дұрыс дамуы оның көрген мультфильміне байланысты» деген қорытындыға келген. Кейіпкерлердің көзі үлкен болған сайын, бала жалтақ, қорқақ, өз пікірі жоқ һәм өзіне сенімсіз болып өседі екен. Соның салдарынан оның сабаққа деген құлшынысы да төмендейді. Мультфильмдегі әйелдердің толық әрі сиықсыз болып суреттелуі кішкентай қыздардың болашақта ана атануына кедергі келтіретін көрінеді. Сол секілді бала теледидардан алып денелі құбыжықтарды көрген сайын ата-анасына қарсы келгіш болады. Оны айтамыз-ау, мультфильм бояуының қанықтығы мен дауысының жоғары болуы, тіпті сюжетіне дейін баланың болашағына әсер етеді. Яғни баланы шынайы өмірден алыстататыны белгілі болды. Шыны керек, қазір көбіміздің балаларымыз «Маша мен аюды» он айналдырып қойып берсең де, аузын ашып отырып көреді. Баланы өзіне магнитше тартатындай бұл мультфильмнің қандай құпиясы бар? Графикасы мен сапасына қояр мін жоқ. Кейіпкерлері де сондай шынайы шыққан. Алайда Машаның өзіне бір қарадыңыз ба? Бірбеткей, бұзақы, бетпақ. Білетіні – бұзықтық, бүлдіру. Демек, бұл мультфильм «өмір сүрудің бүкіл ережесін бұзып, өзің қалағандай өмір сүр, сені бәрі кешіреді» деген ой тастайды. Шынында, Машаны көрген бала оның әрекеттерін айнытпай қайталайды. «Винкс клубы – сиқыршылар мектебі» деген мультфильм бар. Бұған, әсіресе біздің кішкентай қыздарымыз құмар. Алты сиқыршы қыз перизаттар мектебінде оқи жүріп, қара күштермен соғысады. Бұл алтауы қыздарымыздың психикасын бұзып жатыр. Олардың қылдай белі, ашық төсі, бадырақ көзі, ұзын сирағы, жайылған шашы мен ашық-шашық киіміне қарап, қыздарымыз соларға ұқсауға асығып отыр. Мультфильмде қыз баласына тән қылық, нәзіктік, қарапайымдылық атымен жоқ. Алтауы да есесін жібермейтін өзімбілерлер! Демек, бұл мультфильмді көрген қыз жалған сұлулыққа құмартып, ешқандай тер төкпей-ақ өз қалауына жеткісі келетін менмен болып өсері сөзсіз. «Монстрлар мектебінің» де айтары дәл осындай. Мұнда толып жатқан вампирлер, монстрлар, зомбилер. Осылайша, әлемнің әртүрлі елдерінің монстрларын бір мультфильмге жинаған. Мұндағы қыздардың да бар білетіні – жігіттер туралы лепіру, жаргон сөздермен көпіру, ұсақ-түйекті сөз қылу, сыртқы сұлулықтарына сүйсіну. Үлкенді құрметтеу, отбасы құндылығын сақтау секілді қасиеттер мүлдем қарастырылмаған. «Винкс клубындағы» қыздар «сұлу» болса, «Монстрлар мектебінде» керісінше, сұрықсыз. Бұл жағдай баланың басын қатырып, адам бойындағы басты қасиеттің не екенін таба алмауына жетелейді. «Спанч Боб – төртбұрышты шалбар» деген америкалықтардың «шедеврі» бар. Бұлардың кейіпкерлері барып тұрған есерсоқтар. Біркөзді Планк тон-тұрқы биттің қабығындай бола тұра, басынан қулығы артылмайтын, қызғаншақ кейіпкер. Крабс деген шаянның мейрамханасын тартып алып, өз мақсатына өзгелерді алдаумен қол жеткізгісі келеді. Боб пен теңіз жұлдызы Патрик бір-бірін «нақұрыс», «есалаң» деп тілдейді де жүреді. Бір-бірінің басынан балғамен ұрады. Жеуге келмейтін нәрсені жейді (мәселен, майшамды). Осылайша, балаларға жеңіл юмор сыйлағысы келген. Бұл ешқандай юмор емес – баланың психикасын бұзу. «Спанч Боб» деген – гомосексуализмнің дайын жарнамасы. Екеуі де еркек кейіпкер бола тұра, Боб пен Патриктің қол ұстасып жүруі, бір төсекке жатуы, бір-біріне қылмыңдап-қылымсуы, тіпті бір қоңызды екеуінің бірігіп асырап алуы, сөйтіп, Бобтың әйелдің киімін киіп «мама», Патриктің «папа» болуы, сол секілді сегізаяқ Скивардтың (бұл де еркек) қыздың баскиімін киіп, душқа түсуі, косметикаға жақын болуы, қысқасы, қызға қажетті бұйымдардан бас алмауы секілділердің бәрі де әдейі жасалған сюжеттер. Сондықтан бұл мультфильмді балаға көрсетуден біржола бас тарту керек! «Том мен Джерри» мультигі де осындай. Қай сериясын алып қарасаң да, ақымақ мысық сорлы тышқанды қуалайды да жүреді. Қай сериясын қарасаң да, қатігездік, зорлық-зомбылықты көресің. Бір қызығы, мысық та, тышқан да өздерінің бұл әрекеттеріне ұялмайды, жауапкершілік алмайды. Сонда мұны көрген бала қандай тәрбие алады? Жапон анимелерінен («Покемон», «Сейлор Мун», «Наруто») кейіпкердің мимикасын байқай алмайсыз. Күліп жатыр ма, жылап жатыр ма, түсініксіз. Бұл балаға кері әсер етпей қоймайды. Кейіпкерлердің сырт келбеті де ию-қию, көздері шарасынан шығып кеткелі тұр, мұрындары мен ауыздары мүлдем сәйкеспейді. Мұны көрген бала шынайы адамның қандай болатынын ұмытады. Америкалықтардың «Мүйіз бен тұяқ» деген мультөнімі бар. Мультфильмдегі Отис деген негізгі кейіпкер – еркек бұқа. Бірақ неге екенін қайдам, аниматорлар оған желін «жабыстырып» қойыпты. Соған қарағанда, америкалықтар сиыр мен бұқаны не ажырата алмайды, не балалардың миы атала болсын деп әдейі қосқан. Ал біз балаларымыздың тәрбиесін осындай мәнсіз мультфильмдерге ысырып қойып отырмыз. Сондықтан олардың не көріп жүргенін бір сәт қадағалап тұрған дұрыс секілді. Балаға «мультфильм көрме» деп тыйым сала алмайсың. Себебі, оған мультфильм ауадай қажет. Сонда қайтуіміз керек? Бізде бір ғана амал бар. Балаға не көруге болатынын өзіміз таңдап беру. Кітапты таңдап оқыған секілді, мультфильмді де таңдап көрмесе болмайды. Кейіпкерлері көңілді, адал, ажарлы мультфильмдерді көрген дұрыс. Ол мультфильмді баламен бірге отырып көрген абзал. Сонда баланың көңіл күйінде өзгеріс болады. Ата-анаға деген махаббаты оянады. Қазір әлемдік анимация өндірісінде адам түсінбейтін жаңалықтар болып жатыр. Әсіресе, «Pixar» студиясы өнімдерінің жүрек қылыңды қалай шертіп жібергенін өзің байқамай қаласың. «Қаһармандар қаласы» деген мультфильм шығарды. Мұнда комедия да, трагедия да бар. Мұны көріп отырған ересек адам жылайды, ал бала күледі. Сондай бір кереметі бар! Қатыгездік пен мейірімділік, дұшпандық пен достық, кек пен сабыр деген нәрселерді салыстыра отырып суреттеген. Астарында «қай жолды қаласаң, соған қызмет етесің» дегендей әдемі философия бар. Риза болатының, мультфильмде қазіргі заман балаларының құндылықтары толық қамтылған. Селфи де, инновация да бар. Жалпы, бүгінгі қоғамды әбден зерттеп барып ұсыныпты. Былтыр «Pixar» студиясы «Басқатырғы» деген тағы бір тамаша өнімін шығарды. Оны көргенде, Абай атамыз айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек дегенді сол мультфильмнен көргендей әсер алдық. Абай атаның жазуында бұл үшеуінің дауының үкімін ғылым шығарушы еді ғой. Ғылым келіп «Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта» дейтін. Ал «Басқатырғыдағы» басты кейіпкер – Мұң. Мультфильм, негізінен Райли деген бас кейіпкердің санасындағы эмоциялық қасиеттердің таласына құралған. Райлидің өмірінде тек қуанышты сәттер қалдыруға тырысатын Қуаныш, жақындап кетсе қайғыға салатын Мұң, бәріне байыппен қарайтын Кірпияз, қит еткеннен төбе шашы тік тұратын Қорқыныш, ашуға тез бой алдыратын Ыза, міне, осы бесеуі байқұс қызды бес жаққа тартады. Қуаныш адамдағы ең керемет сезім өзі деп ойлайды. Басқаларымен санасқысы келмейді. Сол ойымен Мұңды ығыстырмақ болады. Мультфильмнің сюжеті осы тұстан шиеленісіп, қызықтырып әкетеді. Шындығында, көбіміз Қуаныш бар жерде Мұңның қажеті қанша деп ойлаймыз. Алайда Эйнштейннің «қараңғылық дегеніміз – жарықтың жоқтығы» дегені сияқты, Мұң жоқ жерде Қуаныштың да қадірін білмейді екенбіз. Яғни Қуаныштың жоқтығы Мұң екен. Ал Қуаныш пен Мұң бірдей жоғалса не болады? Онда адамның бойын Қорқыныш, Ыза, Кірпияз секілді қалған сезімдер басқарып кетеді екен. Мультфильмнің негізгі идеясы – осында, адам бойындағы қасиеттердің таласына құрылған. «Басқатырғыны» естияр балаңмен бірге отырып көру керек. Себебі мұнда, әзіл де, ой да бар. Бала міндетті түрде одан сабақ алады. Ең құрығанда өз қателігінен сабақ алуды үйренеді. Бала ғана емес-ау, үлкендер де көрсе, артық етпес еді. Биылғы «Зооқала» мультфильмінің де берер тағылымы мол. Адами құндылықтарды ескере отырып дайындаған. «Зооқала» бір қарағанда кәдімгі жануарлар мен аңдар туралы анимация сияқты. Алайда бұл жерден аңнан бұрын адамды көресің, адамның ала-құла мінезін көресің. Батырлық пен қорқақтық, адалдық пен сатқындық, жалған мен үміт, сенім мен қиянат қатар өріледі. Біздің ұғымымызда қоян – қорқақ, түлкі – қу, қасқыр – қатыгез секілді стереотип қалыптасқан. Ал «Зооқалада» бәрі басқаша. Мүлдем өзге эволюция. Аңдар бір-бірімен дос. Мультфильмдегі кейбір аңдардың әрекеті күлкі шақырады. Қоян – қаһарман, түлкі – адал, қасқыр – мейірімді. Керісінше, момын қой – мұнда бар бәленің бастаушысы. Арыстан – қала әкімі, зубр – полиция басшысы, атжалман – қылмыс әлемінің серкесі. Жалқаулар халыққа қызмет көрсету орталықтарында отыр. Пілдер өмір сүрген қалада тышқандар да бір-біріне зиянын тигізбей бейбіт өмір сүріп жатыр. Мұны көрген бала түйсігіне титімдей болса да ой түйіп, ең құрығанда өзгеге тісін батырмауды, залалын тигізбеуді ұғар еді. Пайғамбарымыз: «Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұқсайды. Әтіршінің қасында болсаң, жақсы иісті иіскейсің немесе жақсы иіс үстіңе жұғады. От жағушының жанына барсаң не көйлегің жанады, не болмаса жаман иісті жұтып қайтасың» деген екен. Білгенге, мультфильм де осы секілді, жақсысы мен жаманы бар. Балаңа жаманын көрсетсең, тәрбиесінде қара дақ қалады. Жақсысын көрсетсең, жүрген жері шат болады. Қалау – өзіңізде!
Серікбол Хасан Дерек көзі: «Айқын» газеті