Айбек Қалиев: Билік басында өз көлеңкесінен қорқатын шенеуініктер көп...
2016 ж. 28 сәуір
6289
3
Қара басының қамын халық қалауынан жоғары қойған әкімнен не үміт, не қайыр?
Тоқсаныншы жылдардың соңы, жаңа ғасырдың басында қазақтың айтыс өнерінде айбынды жас ақындар жарқ етіп көрінді. Солардың алдыңғы легінде торғайлық Айбек Қалиевтің тұрғанын күллі қазақ жақсы біледі. Иә, Тобыл-Торғай топырағы талай таланттарды тудырды. Айтыста Нұржан мен Нұрхан, Қонысбай мен Әсияның өзіндік қолтаңбасы бар десек, дүлдүлдердің дара жолына Айбек те түсті. Қоғамдағы қордаланған мәселелерді алдаспан ұйқастарына сала білетін ақынды күллі Алаш халқы құрметтейді. Өнер додасында қамшы салдырмай келе жатқан топжарғаннан қазіргі айтыс жөніндегі пікірін, толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салуын сұрадық.
— Әлімсақтан белгілі, қазақтың ұлт болып құрылуындағы негізгі тетік – сөз өнері. Мәдени мұрамыздың, оның ішінде айтыстың орны бөлек. Тобыл-Торғай өңіріндегі ақындық мектепті қайта жаңғырту үшін де Елордадан Арқалыққа қоныс аудардыңыз. Діттеген мақсат-мүдде қалай орындалып келеді? — Аллаға шүкір, өзім көздеген мақсаттарым мен ойлағаннан да артығымен орындалды десем болады. Алғашында осы өңірдегі айтысқа талабы бар жастардың өнерін шыңдасам деген мақсат Арқалық педагогикалық институтының өнерлі студенттерінің бойындағы дарынды ұштауға ұласты. Қазіргі таңда алты жылдық тарихы бар, айтыс, жыр-терме, поэзия, театр, ғылым, пікірсайыс, жайдарман, музыка, журналистика, көркемсөз сияқты салалардан тұратын М.Дулатұлы атындағы әдеби-мәдени бірлестік жұмыс істеп келеді. Арқалық жасөспірімдер театрының белді актері, Меценаттар клубының «Шабыт» сыйлығының иегері Нұрлан Байшин жетекшілік ететін «Руханият» студент-жастар театры өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтпек. Ал, айтысқа келсек, Азамат Мәлжанбай, Тоба Өтепбаев, Екпін Советхан сияқты шәкірттерім республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрсе, Батырлан Сағынтаев, Рауан Терек, Қайролла Хафиздер облыста бәйгенің алдын бермей жүр. Ең басты жаңалық – бірлестік құрамындағы ғылыми үйірменің бес-алты студентімен «Торғай ақындарының антологиясы» атты көптомдық жинақтың үш томын шығардық. Сол студенттердің арасынан Батырлан Сағынтаевты ерекше атау керек. Өзге оқу орындарында ғылым докторы бас болып, кандидаттары қос болып мұндай жұмыспен тұтас ғылыми-зерттеу институттары айналысып отырғанын ескерсек, біздің бірлестік үшін бұл үлкен жетістік. Бұл үш томға бұрын шығармалары жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар қырыққа жуық ақынның өлеңдері жинақталды. Мұнда тек Қайнекей Жармағанбетовке дейінгі ақындарды топтастырдық. Осы жерде айта кететін ұсыныс, өзге облыстарда сол өңірден шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын сериялы түрде шығару дәстүрі бар. Мысал үшін, «Ертіс-Алтай», «Сырдария», «Атырау ақын-жазушылары» сериясы дегендей. Облыс әкімшілігінің «құлағына алтын сырға» деп айтып жатқаным ғой. Ғұмар Ахметчин ағамыз бастаған бір топ облыс зиялылары осы мәселені көтеріп келе жатқанына біраз болды, бірақ, бұрынғы басшылар құлақ аса қоймады. Әйткен күнде, «Тобыл-Торғай» сериясын жинақтасақ, кемі 200-300 томдық еңбек болар еді. Қазіргі дағдарыс қиындық тудыратыны рас, алайда, экономикалық дағдарыстан гөрі рухани дағдарыс әлдеқайда қауіпті.
— Рухани дағдарыс жайында айтып қалдыңыз. Жаһандану үдерісіндегі қазіргі қазақ қоғамы үшін ұлттық болмысты қалайша сақтап қала аламыз? — Қазір бізде ұлттық болмыстың уызы ұйып тұрған мекен – тек қазақы ауылдар. Сондықтан материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да ауылдардың жағдайын көтеру қажет. Урбандалуға қажетті мөлшерде тосқауыл қойып, білімді жастардың ауылға баруына жағдай туғызуымыз керек. Ауылдың жолын түзеп, ауыз су тартып берумен іс бітпейді. Жұмыс орындарының ашылуын, тұрмыстық деңгейін көтеруді қамтамасыз ету де бар. Жастарға арналған, заманға сай тұрғын үйлер салынса тіпті жақсы. Мен қазақ ауылдарының күйреп бара жатқанына алаңдаймын. Бір ғана мысал, өзім туып-өскен Торғай аймағында тұрғындар саны күрт төмендеп кетті. Ұлттың ұясы да, уызы да – ауыл, сондықтан ауылды сақтасақ, ұлттық болмысымызды да сақтаймыз. Мәселен, Түркияда бұрынғы қалыптасқан дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіне иек артып, 18-19 ғасырда қалай өмір сүрсе, әлі күнге солай өмір сүріп жатқан шағын қыстақтарды түрік үкіметі сол қалпында мұражай сияқты сақтап отыр. Келген туристерді апарып көрсетеді. Сондай-ақ, мына көршілес Ресейде староверлер деген бар, олар да өркениетіңе пысқырмай, ежелгі дәстүрімен өмір сүріп жатыр. Қазақ ауылдарын сондай деңгейде ұстау керек демеймін, өйткені қазақ ауылдары басқа мемлекеттегідей ұлттық дәстүр, тұрмыс-тіршілігінен жаппай ажырап қалған жоқ. Біз жаһандануды өз ұлттық болмысымызға ыңғайлауымыз қажет.
— Ұлттың ұйытқысы – ауыл, осынау туған түтінді дамыту үшін не жетпей жатыр? «Дипломмен — ауылға!», «Ауылға кел, жас маман!» деген үндеу жастар арасында қолдау таппай жатқан сияқты ма, қалай? Соңғы жылдардың мысалына салып көріңізші. — Жастар ауылға неге бармайды? Ауылда өмір сүру қиын, жастарға жағдай жасалмаған. Ауылға барса, дайын тұрған баспана жоқ. Кей ауылдарда мұғалім мен дәрігерден басқа мамандарға жұмыс жоқ. Мен өзіміздің Арқалықтан бітірген жас мамандардың жағдайын жақсы білемін. Ауылға барады, баспана жоқ, мектеп директорының немесе орынбасарының, болмаса мұғалімдердің бірінің үйінде тұрады. Қазір заман бұрынғыдай емес, өз туысыңның үйіне барсаң да 1-2 күннен кейін қысыла бастайсың. Ал, тұрған үйіңнің иелерінің қас-қабағына қарап күн кешу кімге оңай? Алғашқы барғанда берілетін тоқсан мың теңге жәрдемақы (подьемный) неге жетеді? Сатып алайын десе, үй жоқ, болғанның өзінде өткен ғасырдан бері жөндеу көрмеген ескі үй. Осындай жағдайда жас маманға ауылға бар деуге сіз бен біздің моральдық құқығымыз бар ма? Тұрғын үйін берсін, жақсы жалақысы бар жұмыспен қамтысын, ауылдағы мәдени ошақтарды қалпына келтірсін, міне, сонда ғана жастар ауылға барады. Әйтпесе жалаң патриотизмге бой ұрып, комсомол-жастар бригадасын құрып, қой бағып кете беретін жастар жоқ қазір.
— Осыдан барып қазақтануға қайта келеміз. Сіздің ойыңызша, батыстық санаға қарсы тұру үшін не істеу қажет? — Оған қарсы тұру үшін Қазақстанның әрбір тұрғыны тек қана қазақ тілінде сөйлеуі қажет, өкінішке орай бұл тек жалаң утопия ғана болып тұр. Тілдің мәселесін көтеріп жүрген кісілердің өздері де жалықты-ау деймін. Өйткені, айтқаныңды құлағына қыстырып жатқан жан жоқ. Өткен жолы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихынан басқа сабақтардың барлығы орыс, ағылшын тілінде жүргізіледі деген мәселеге қатысты әлеуметтік желі шулап кетіп еді. Қазір жер мәселесі бірінші орынға шықты да, тіл бәсеңсіп қалды. Не істеу керектігін нақты айта алмаймын. Білетінім – мектепті ағылшын тіліне көшіру, жерді сату немесе жалға беру қазаққа, Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіретін әрекет.
— Халықтың мұңын көтеруі тиіс шенеуніктердің аузына ақындар қауымының сөз салып жүрген кездері ел есінде… Қазіргі көтеріліп жүрген мәселелер халық қалаулыларының құлағына қаншалықты жетіп жатыр? Жалпы, өнер адамдарының биліктің ісіне араласуын қалай қабылдайсыз? — Депутаттардың аузына неге ақындар сөз салып беруі керек? Халықтың атынан сайланды ма, өзі сайланған аймақтың жай-жапсарын, тұрмыс-тіршілігін, халықтың жағдайын ол депутат бес саусағындай білуге міндетті. Депутаттың жұмысын неге ақындар атқарады? Дағдарыс жан-жақтан қысып жатқан қиын шақта күніне 120 мың теңгелік бес жұлдызды қонақ үйде жата бермей, елді араласын, жай-күйімен таныссын, шешілмей жатқан түйткілді мәселелерді биік мінберден көтерсін. Саған бір мысал айтайын, биылғы өткен сайлауда үгіт-насихат жұмыстарымен Торғай өңірінде болдым, ондағы халық өткен шақырылымда Қостанай облысынан мәжіліс депутаты болған кісілердің аты-жөнін де білмейді. Биылғы сайланғандарды да білетініне күмәнім бар. Себебі, жалпақ тілмен жапсарласақ, ол депутаттар Торғайды өңі түгіл, түсінде көрмеген. Ал аймақты көрмеген-білмеген адам, ондағы халықтың мұң-мұқтажын қалай көтереді. Қазіргі депутаттар да қуланып алған, осындай талап қойсаң, «мені сен сайлаған жоқсың, мен партиялық тізіммен өттім» деп кергиді. Ал, сонда оның партиясына сайлауда дауыс берген кім екен? Биылғы сайлауда Арқалық қалалық мәслихатына кандидатурамды ұсындым, қолдаушыларым да көп болды. Бірақ, қала әкімшілігі түрлі айла-шарғыларға барып, кандидатурамды қайтып алуға мәжбүрледі. Жан-жақтан қоңырау шалғызып, өзім сыйлайтын кісілерді де ортаға салды. Оған болмағасын, өзім қатты құрметтейтін бір кісілерді қызметінен кетіреміз дегенге дейін барды. Мен оған кесірімді тигізбес үшін амалсыз, кері шегінуге мәжбүр болдым. Сондағысы, депутаттардың тізімі алдын-ала жасалып, бекітіліп қояды екен, егер сол тізімдегі үміткерлер өтпей қалса, әкім жоғарыдан таяқ жейді-мыс. Өзінің қарақан басының қамын халық қалауынан жоғары қойған әкімнен не үміт, не қайыр? Жаңағы тізімде бекітілген кісілер сайлауда өзіне балама үміткерлерді өздері таңдап, тіпті жарнасына дейін өзі төлеп беретінін бүгінде бүкіл халық біледі. Ал мұндай спектакль не үшін қажет? Өнер адамдары билікке араласпайды, керісінше, халық пен биліктің арасында алтын көпір болуға тырысады. Шынайы өнер адамына биліктің түкке керегі жоқ, саясатқа тек халық үшін ғана араласуға мәжбүр болады. Меніңше, өнер адамдары, зиялы қауым өкілдері биліктің басқа саласында емес, Парламентте отырғаны дұрыс.
ТАМА БЕРСЕ, ТАМШЫ ДА ТАС ТЕСЕДІ
— Төл өнеріміз – айтыс қырғыз бен қытай елдерінде дамып келеді. Ол жақтағы қандастарымыздың ұлттық өнерді ұлықтауы жөнінде не айтасыз? — Былтырғы жылы айтыс өнері ЮНЕСКО-ның шешімімен қазақ, қырғыз халықтарының материалдық емес, мәдени мұрасы ретінде тіркеуге алынды. Қырғыз еліндегі бірнеше айтысқа барып, қатыстым. Қырғыз ұлтының айтысқа деген сүйіспеншілігі өте жақсы. Мемлекет тарапынан да көп қолдау беріліп келеді. Біздің Жүрсін ағамыз сияқты Садық Шернияз деген азамат айтыс көшін сүйреп жүр. Тіпті, оларда «Айтысфильм» атты киностудия бар. Соңғы жылдары олардың айтысы суырыпсалмалық жағынан жақсы даму көшінде. Белгілі бір мерекеге арналып айтыс өтетін болса, додаға қатысатын ақындар қатаң іріктеуден өтеді. Айтыс болардан бір-екі күн бұрын 40-50 ақын қазылар алқасының алдында жеребе суырады. Мұнан соң әлгі ақындар екі күн бойы сөз жарыстырады. Оза шауып, іріктеліп алынған 10 ақынды ғана көрермендердің алдына алып шығады. Бізге осы жағынан үлгі алу керек сияқты. Қытайдағы қандастарымыздың айтыс өнері де жанданып келе жатыр. Оның дәлелі – елге келіп, айтысып жүрген Шәкен, Жәмиға, Нағыман, Қанат, Құзарбек сияқты ақындардың өнері. Маған Қытайдағы қандас ақындардың тіл құнарлылығы, көркемдік бояуының қалыңдығы ұнайды. Жалпы алғанда, олардың бізден үйренері де, үйретері де көп. Сондықтан да Қазақстанда өтетін айтыстарға қырғыз ақындарын да, Қытай, Монғолия, Өзбекстандағы қандастарды жиі шақырып, тәжірибе алмасып тұруымыз қажет.
— Бәйтеректің басында мерген отыр Әр сөзіңді ілдіріп қарауылға, — деді Жүрсін Ерман. Ұлық өнерге баса назар аударып отырған «бірінші партия» төрге де, төрелерге де тура қарайтын, ащы шындықты бүкпесіз жеткізіп жүрген Қалиевтің шабытын тежеп жүр ме? — Олай деп айта алмас едім. Ана жылдардағы бір айтыстың алдында «Нұр-Отан» партиясы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ақындарға: «Қоғамдағы күрделі мәселелерді айтыңдар, жұмыс істемей жатқан шенеуініктерді Министрден бастап сынаңдар, біздің партия сондай кемшіліктермен жұмыс істеуі керек. Бірақ, сын – шын болсын», – дегені бар еді. Тіпті, ақындар көтерген мәселелерді тыңдасын деп Парламент мәжілісіндегі «Нұр-Отан» фракциясының депутаттарын да әкеп отырғызып қойған болатын. Билік басында өз көлеңкесінен қорқатын кейбір шенеуініктер бар, айтыста шындықты айтқызбай, қиып-кесіп, эфирден жұлым-жұлымын шығарып беріп жүрген солар. Ал, тігісін жатқызып айта білген ақынның аузына ешкім қақпақ қойып жүрген жоқ.
— Айбектің айтқан әйгілі «датын» телеарналар қиып тастаса да, әлеуметтік желілерден көрдік. Бұны «дат» деп қабылдаған дұрыс па? — Бұл 2004 жылы «Жекпе-жек» айтыста айтылды. Ол кезде «Жекпе-жек» айтыс тікелей эфирден берілетін. Қазақ қоғамындағы күйіп тұрған мәселелерді осы тікелей эфирді пайдаланып, айтып қалғым келді, оның үстіне Елбасының туған інісі Болат Назарбаев та сол айтыста көрермендер арасында отырған-тын. «Жер туралы заңның» қабылданғалы жатқаны бар, «Ауыл жылдары» деп аталған науқанға бөлінген мол қаражаттың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқан кезі болатын. Мен қазақтың дәстүрі бойынша жер, ауыл, тіл мен дін мәселесін дат ретінде айттым. Бұл мәселелер әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі айтысты сараласақ, бірінші болып айтқандығымнан шығар ел есінде қалғаны, әйтпесе, оның «көкесіндей» даттарды ақындар айтыс сайын айтып жүр.
— Талқыға көп түскен кешегі «Айтыс-шоуды» әркім әр жаққа тартты. Кейбіреулер айтысты мазақ қылып, оны өлімсіретті десе, екіншісі жаңа заманның жаңаша талабы деп түйді. Осы жөніндегі пікіріңізді білсек? — Кез-келген жаңалықтың әуелде тосын көрінетіні бар. Менің ойымша, шоу-айтыстан ұлттық трагедия жасаудың қажеті жоқ. Дегенмен, мұны айтыс емес, айтыстың формасында жасалған ойын-сауық деп қана қабылдаймын. Әркім базарға өз керегін алуға ғана барады, сол сияқты телеарналарда беріліп жатқан түрлі бағдарламалардан әркім өзіне қажетін ғана көреді ғой. Шоу-айтыс та көрерменін тауып, заман көшіне ілессе ілесті, ілесе алмаса, қала береді. Маған ,мәселен, Роза Әлқожаның, Еркін Нұржановтың, Шахаризат Сейдахметовтің айтыстары ұнады. Даудың бәрі Қанат Әлжаппаровқа қатысты шығып жатыр ғой, былтырғы шоу-айтыста да солай болған. Мен мұны ұйымдастырушылардың қателігі деп есептеймін. Былтырғы шудан кейін көрермендердің пікірін ескеріп, биыл Қанатты шығармай-ақ қою керек еді.
— «Айтыс – пайданың оңай көзі. Бір-екі сағат отырып, бәлен миллион теңге ұтып аласың. Ал ақындар айтқан мәселе сол маңайда қалып қояды» дейтіндерге не дейсіз? — Бұл – айтысты өнер емес, кәсіп деп есептейтіндердің сөзі ғой. Мәселен жыл сайын «Қазақстан барысы» өтеді, палуандар 5 минут күресіп жүз мың доллар алады, бәйгенің алдында келген шабандоз 20-30 минут шауып, темір тұлпар олжалайды, ал енді сол жерде елдік, ұлттық мәселе шешіліп жатыр ма? Күрес, бәйге, айтыс деген қазақтың жаны емес пе, қазақ одан пайда көздемейді. Мұхаммеджан Тазабековтің «Құдайдың беріп жатқан несібесін құдайдан күдер үзген көре алмайды» деген мағынада бір сөзі бар. Ақындар айтыстан алса, еңбегімен алып жатыр, біреуден ұрлап, тартып алып жатқан жоқ. Бізде айтыста жүрген ақындардың қай-қайсысын алсаң да, өз жанұясы ғана емес, бір әулетті сүйреп жүр. Мәселен, ақындардың несібесін көре алмай әлгіндегідей айтқан адам той жасаса, қуанышына ортақтасып, фонограммамен 5 минут аузын жыбырлатқан эстрада жұлдызына 5 мың долларын қиналмай санап беріп, тіпті, ең жайлы қонақ үйге орналастырып, ұшаққа билетін сатып әпереді. Оның қасында ақындар елдік, ұлттық мәселелерді көтеріп, билік тарапынан орындалмай жатса да айтып жүр ғой. Тамшы да тама берсе тас теседі, бүгін болмаса, ертең орындалар, күдер үзбейік.
— Ақын болған соң, той-томалақтарда көп жүресіз. Қазіргі бай-манаптарымыз танымал ақындарды асаба ретінде немесе беташарға шақырып жатады. Мұнан соң ақынға деген жұрттың көзқарасы өзгермей ме деген сауал туады. — Айтыста атымыз шыға қоймаған, бір ғана айлық жалақыға қарап отырған кезімде асабалық жасадым. Енді қазір «өз қолым өз аузыма жеткен кезде» бұл кәсіпті тоқтаттым. Ал ырымдап, келінімнің бетін ашып бер деген ағайынның бетін қайтармаймын. Бай деп, кедей деп бөле жарып жатқаным жоқ. Қазақ келінінің бетін кім көрінгенге емес, елге белгілі ақын-жырауларға ашқызған. Сондықтан халық қалап, құрметтеп шақырып тұрса, жұрттың ақынға деген көзқарасы өзгермеуге тиісті.
— Айеке, айтыстарыңызды жинақтап, кітап шығару ойда бар шығар? — Әрине, ойда жүрген шаруа бұл. Бірақ, өзім зерттеп жүрген Торғай ақындық мектебінің шығармалары жарыққа шықпаған көптеген өкілдер бар. Өз-өзіме берген сертім бойынша сол кісілердің шығармаларын жариялап алғанша, өзімнің айтыстарым күте тұрады.
— Алты атанға жүк боларлық жетістігіңіз бар. Әр айтыста арқалап шығатын біз білетін ең жоғарғы атақ халықтың берген «Алаштың Айбегі» болар. Келісесіз бе? — Бұл сөзді естігенде қатты қысыламын. Алаштың Әлиханы, Алаштың Ахметі, Алаштың Міржақыбы десе, жарасады. Ал, сол кісілер істеп кеткен еңбектің бір түйірін де жасамаған маған бұл атақ қотыр тайлаққа алтын зерлі жабу жапқанмен бірдей. Маған ақын деген аттың өзі жетіп жатыр, соның өзін лайықты алып жүрсек, зор абырой.
— Сіз – ұстазсыз. Ғылыммен де шұғылданасыз. Күйбең тірлікте педагогтық қызметке, жастардың тәрбиесіне уақыт табу да оңай емес. Көз алдыңызда талантты буын өсіп келеді. Сіз түлеткен кешегі студенттеріңіз өздерінің саласында жемісті қызмет атқарып жүр. Жастарға тәрбие беруде қолданатын өзіндік әдістемеңіз бар ма? — Мен университетте Ербол Тілешев, Дихан Қамзабекұлы, Ілияс Құрманғалиев, Жазбек Ештанаев сияқты ұстаздардан тәлім алдым. Ол кезде бұл буынның қылшылдап тұрған кезі еді. Тәуелсіздікке енді қол жеткізген шақ болатын, сол кісілерден ұлтжандылық қасиет сіңді. Академик Рымғали Нұрғалидың тәрбиесін көрдім, Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғара, Мырзатай Серғалиев сияқты кісілермен, қала берді, Аманжол Әлтай, Жанат Әскербекқызы, Балғынбек, Дәулеткерей, Жібек, Серікзат сияқты аға-әпке, құрдастарыммен бірге қызмет істедім. Мен ешқандай әдістеме ойлап тапқан жоқпын, сол кісілерден алған тәрбиемді шәкірттеріме беруге тырыстым.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Ақпарат мына сайттан алынды: kostanaytany.kz