ҚАСИЕТТІ ЖЕРІМІЗ ҚАДІРІН ЖОҒАЛТҚАНЫ МА?
2016 ж. 26 сәуір
2643
6
Біз шын мәнінде - қызық халықпыз. Аузымыздан аталы сөз атқылап, жалаң ұранмен жалынды сөздерді төпегенде алдымызға жан салмаймыз. "Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған, ұрпағына мұра етіп қалдырған қасиетті жерімізді көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз!" деп ордалы жиындарда жоғары мінберден лепіртеміз. Мінберден айтылған отты сөздерде мін жоқ. Оны тыңдаған адамның бойында патриоттық сезім еріксіз оянып, Отан үшін от кешкің келіп кетеді. Ал іс жүзіне бәрін керісінше жасаймыз...
Соңғы кезде жер мәселесі қайта көтеріліп, жұртты алаңдата бастады. Жер-жерлерде қоғамдық ұйымдар жердің сатылуына қарсылықтарын білдіріп жатыр. Оған ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сату туралы Үкіметтің ұсынысы түрткі болды. Алдында ғана жер қойнауындағы қазба байлыққа толы кеніштерге бәссауда өткізіп, 1,5 млрд теңге пайда түсірген Үкімет енді тағы да 1,5 млн гектарға жуық жерді сатуға дайындап, қышыған алақанын ысқылап отыр. Триллиондаған қаржы өз мақсатында жұмсалмай, ұрланып, желге ұшып жатқанда, небары 1,5 млрд теңге қай тесікке тығын болғанын кім білсін, ол жағы белгісіз. "Жерлерін сататындай бұл қазақтардың басына не күн туды?" дейтін де болар сырттан сын көзбен қараған жатжұрттықтар. Дәп солай деп көзімізді шұқыса да оларға қарсы айтар уәжіміз жоқ бүгін.
Жер сатуға бұқара жаппай наразылық білдіріп жатса да, министрлік баяғыда-ақ ол жердің бағасын бекітіп беріпті. Кішігірім мемлекет сиятындай қазақ жері құнарына қарай саудаланады екен.
- Кей жайылым жерлердің гектары 2-4 мың теңге тұруы мүмкін. Ең бағалы суармалы жерлер 125 мың теңгеге дейін барады. Бұл жер түріне байланысты,- дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі басқарма басшысы Самат Сәрсенов. Алдымен өзіміздің түрімізге қарамай, бізді асырап, адам етіп, мемлекет етіп отырған туған жерімізді бағалаған түріміз міне осы! Қайран ата-бабамыздың қаны мен тері сіңген қасиетті қазақ жері, құның осыншама құлдырап, қадірің кетеді деп кім ойлаған? Халық босқа қобалжымайды, жермен бірге қазақтың да жүрегі жұлмаланбай, жараланбай қайтсін?!
"Жерді қымбатқа сатып жатқан жоқпыз" деген министрлік өкілі қарапайым шаруаның да жерге қолы жететінін айтады. Бұл Мәжіліс депутаты Косаревтің "Облыс, аудандардағы қу әкімдер таңдап жүріп жалға берілген жерлердің шұрайлысын ең алдымен өздері сатып алады" деген күдігіне айтылған жауап болса керек. Бірақ, әр адамның қанша жер алуға құқысы бар екенін үкімет деңгейінде емес, тағы да жергілікті жердегі сол баяғы шенділер, әкімдер шешеді екен.
- Байларға осы ауылшаруашылық жерлері түгелдей өтіп кетуі мүмкін емес, себебі шектеу бар,- деп сілтейді одан әрі Сәрсенов. Енді шенді-шекпенді жерді барлық туған-туыс пен дос-жарандарының атына аударса да сот жоқ, оның бүге-шүгесін кім тексереді дейсіз. Тексерген күннің өзінде оны дәлелдеу мүмкін емес.
Шекара маңындағы жерлер жеке меншікке өтпейді деген министрлік қазір жерді жалға алып отырған адамдарға "жерді сатып ал" деп ешкім мәжбүрлемейді дейді. Ерік өзінде, бастысы, жеңілдік жетеді деп желпінеді министрлік өкілі. Жер бәссаудаға салынса, 50 пайыз жеңілдік, 10 жыл бөліп төлеу тағы бар. Тиынға кететін жер, бастысы шетелдіктерге сатылмайды деп жұбатты билік. Алайда, кейбір деректер бойынша қазір өзге ел азаматтары құрылыс, бизнес жүргізу, өзге де мақсаттар үшін 1400-ден астам жер телімін сатып алған. Бұл дұрыс-бұрыстығын әлі де анықтауды қажет ететін ақпарат.
Билік пен бұқара арасында бүгінгі жерге байланысты орын алып отырған қарама-қарсы көзқарас қалай, қашан пайда болды деген сұрақ төңірегінде ой толғап көрелік. Жерге байланысты жік неден шықты?
Естеріңізде болса Тәуелсіздігімізді алған соң шекарамызды анықтап, етегімізді қымтауға қаншама күш-жігер жұмсалды. Жеріміздің әрбір шаршы метрі үшін көршілес мемлекеттермен қызыл кеңірдек болып айтысуға да тура келген-ді. Кейде оған Елбасының өзінің араласуына тура келген-ді. Мемлекет қарамағындағы ірі кәсіпорындарды жекешелендіріп болған соң кезек жерге де жеткені естеріңізде болар. Әрине, жекешелендірілген зауыт, фабрикалар ақырында өзінің өндірістік бағытын жоғалтып сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарына айналғаны да белгілі. Сутегін қолдарына тиген кәсіпорындардың өндірісін өркендетуге "іскерлердің" өресі жетпеді және ондай ізгі ой оларда болған да емес. Сөйтіп, қытайлықтардың сапасыз тауарларына тәуелді болып қалдық. Жерімізді жекешелендіріп, жеке тұлғаларға сатуға рұқсат берген жаңа Жер кодексі қабылданысымен былық-шылық басталды да кетті. Қасиетті жеріміз бір мезетте сатылатын арзанқол тауарға айналып шыға келді. Әрбір адамға үй салуға 10 сотық жер беріледі деген Үкіметтің үкімі де ұмытылды. Аймақтар мен қалалаларда жерді жергілікті басшылар өз қалауынша жекешелендіріп, өз пайдасына қарай сатты. Мысалы Алматы мен Астана қалаларынан жер сұрап жазылған миллондаған қарапайым тұрғындардың өтініштері қазір мұрағатта шаң басып жатыр. Ал тау бөктерлері мен қымбат деген жерлер шенділердің шеңгелінде кетті. Қанша жерден коммунистерді құбыжық көрсек те олардың көсемі, депутат Косарев осы өткен тәжірибені еске алып, Мәжіліс отырысында "жерді сатуды тоқтату керек" деп кесіп айтты.
Енді жерді сатуды заңдастырғаннан не пайда көрдік, кім ұтты, кім ұтылды дегенге тоқталайық. Қазақта "Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты" деген мәтел бар. Біздегі жік жердің өзінен емес, дәп сол кезде қабылданған "Жер кодексінен" шыққаны анық. Сол заңның кесірінен шетелдіктерге сатылмаса да өз ішімізде жер саудасы қызу қарқынмен жүргізілді. Жергілікті әкімдіктер мен соған қарасты жер комитеттері қатардағы адамдарға жерді қып-қызыл ақшаға сатты. Өйткені оларсыз қарапайым адам бірде-бір құжат ала алмайтын еді. Тап сол кезде жұртты осы күнге дейін зар жылатып келе жатқан несие деген жарықтық жарқ етіп ғайыптан пайда бола қалды. Ғайыптан емес, шетелдік банктерден қарызға алынып, үстіне 10-20 пайыздық үстеме қосып таратылды. Халықтың қамын ойлап берілгендей болып көрінгенмен бұл несие шындығында қараша үшін қайғы-қасірет, шенділер мен байларға таптырмас олжа болды. Қарапайым халық тым болмаса басыма баспана тұрғызайын деп жер сатып алуға, үй тұрғызуға несиеге ақша алып, тұрмысын түземек болды. Ондайлар миллиондап саналады. Банктің бұғауына түскендер осы күнге дейін қарызынан құтыла алмай қан жұтып жүр. Ал кезінде жерді қалағанынша заңды-заңсыз қарпып қалғандар "тауар" өткізетін нарыққа қарық боп қалды. Қазір кез келген қаладан бос жатқан жер табу қиын, бәрі сатылып болған. Сөйтіп тағы да қарапайым халықтың есебінен бір байып алды. Енді сол ақшалары аздық еткен болу керек ауыл шаруашылығына арналған жерді сату деген ұсынысын қайтадан алға тартып отыр. Бұл не деген тойымсыздық?..
Осы жерде ауыл шаруашылығын көтеруге арналған үш жылдық бағдарлама еске түседі. Үш жылда ауылға үш тиын да жеткен жоқ, жолшыбай талан-таражға түсті. Жерді шын мәніндегі иесі адамдарымыздың өзіне сатпай, сол жерді игеруге мүмкіндік жасау керек. Оларды техникамен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіп, салық атаулыдан босату қажет. Яғни, аты бар да заты жоқ бағдарламаның орнына мемлекет тарапынан нақты қамқорлық керек. Сонда ауыл шаруашылығы бәрімізді асырайды. Ертең жердің қазба байлықтары да бітеді, сол кезде біздің сенеріміз осы қасиетті жеріміз ғана болмақ. Біз мұнайға емес, жерімізге, халқымызға сенуге тиістіміз. Халық - билік басында отырған аттөбіліндей шыбық сындырмайтын шағын топ емес, ел байлығын өз қолымен еселейтін нағыз еңбеккерлер, бүгінгі қайтып күн көрсем деп төмендегі тырбанып жатқан көпшілік. Ал, «жерді сатып алса оған жаны ашып, дұрыс пайдаланады» деген - жалған, жаңсақ пікір. Ол тағы да бір байып қалғысы келетіндердің ойлап тапқан амалы.
Сонымен, алдында айтқан жер сатқаннан кім ұтты, кім ұтылды деген сауалға жауап іздеп көрейік. Біріншіден, одан түскен қаржы тамшы ғана, ол ешқандай жыртығымызды жамай алмайды. Екіншіден, соны сатуды қолға алғандар ұтады. Оны алдындағы тәжірибеміз толық дәлелдеп берген. Бірақ, ол да уақытша ғана көрініс. Түптеп келгенде, үлкен есеппен алсақ, бәріміз ұтыламыз, бүкіл қазақ ұтылады. Оның ішінде байлығын шет ел асырып, жат жерде жырғап өмір сүремін деп ойлайтындар да орға оңбай жығылады. Өйткені олар өз Отанын жоғалтқандар, дәлірек айтсақ өз Отанын сатқандар. Отансыз адам тамырсыз қалған қаңбақ секілді, ұшарын жел, қонарын сай біледі.
Жердің сатылуы айтарлықтай пайда әкелмесе оны неге саудаға салуымыз керек? Әрі-беріден соң жерді сатуға біздің қандай құқығымыз бар? Оны біз өзіміз өндіріппіз бе? Ол Құдайдың жаратқан жері, ата-бабаларымыздың жалпы ұрпақтарына қалдырған мұрасы емес пе? Олар бізге жерді ақшаға сатып кетіп пе еді? Әлде "Жерді сатыңдар" деген бабалардан қалған өсиетті біреу көріп пе немесе өз құлағымен естіп пе? Осыны есте ұстағанымыз жөн болар.
Зейнолла Абажан
qazaquni.kz