Порнографияны жарнамалайтын сайттар анықталды
2016 ж. 05 сәуір
2172
0
Алматы полициясы 2015 жылы интим сипатындағы жарнама жарияланған 55 сайтты анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің айтуынша, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының (ҰҚКБ) қызметкерлері осындай интернет-порталдардың тізімін жасап, сайттарды құлыптау мақсатында тізімді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментіне жолдады. Бапасөз қызметінің мәліметінше, Алматы ІІД ҰҚКБ қызметкерлері басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және арнайы органдармен бірге адам саудасына қатысты қылмыстарды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
"ІІД ҰҚКБ қызметкерлері Қазақстан территориясында заңсыз жүрген шетелдіктерді және интим қызметін көрсететіндерді анықтау мақсатында ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған жарнамаларға үнемі бақылау жүргізіп отырады", - делінген ІІД хабарламасында.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Қазақстанда 1000-нан аса сайт жабылған болатын. Олардың көбі порнографияға қатысы болғаны үшін құлыпталды.
Дерек көзі: tengrinews.kz